Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов аудандарды аралау кезінде егістік алқаптарын әртараптандырудың нарықтық қажеттілігін атап көрсетті. Бұл бағыттар бойынша атқарылған ауқымды шаралар Қазақстанның әлем бойынша жасымық өсіруден бесінші, ал оны экспорттаудан төртінші орыннан көрінуіне мүмкіндіктер бермек. Оның бір тоннасының өзіндік құны 32 мың теңгені құраса, сатылым бағасы 180-200 мың теңгеге бағаланады. Жергілікті агроқұрылымдар да майлы дақылдардың пайдасы шаш-етектен екенін түсініп, көлемін көбейтумен бірге, ала жаз бойы күтіп-баптау жұмыстарын қажетті агротехникалық талаптарға сай атқара білді. Қазіргі күні егіс танаптары масатыдай құлпырып, масақтары кере қарыс дәнді дақылдар көз жауын алады. Жерді тиімді пайдалана білуге мемлекет тарапынан берілген жеңілдікті субсидиялардың жәрдемі айтарлықтай болды. Ерте пісетін, элиталы тұқымдар егу көрсеткіштері артты.
Өткен жылға қарағанда, ауа райының біршама қолайлы болуы Отан қамбасына мол астық құюға мүмкіндік беріп, негізгі мақсат енді жиын-терімді ұйымшылдықпен өткізіп, шашпай-төкпей жинап алуға бағытталған. Ол үшін қажетті 75 мың тонна арзандатылған жанар-жағармайдың 45 мың тоннадайы жеткізілді. Жауапты науқанға тоғыз мыңға жуық комбайнның қатысатыны белгіленсе, оның үштен бірі осы заманғы қуатты техникалар саналады. Астық қабылдайтын 50 элеватор дайын.
Бүгінде өңірде жасымыққа шалғы түсіп, жауапты науқан басталып кетті. Өнімділік жақсы. Берекелі гектарлар алда екенін ескерсек, экспорттау мөлшерінің ұлғая түсері сөзсіз.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы