Өткен жылы шаруашылық гектарына 20 центнерден астық жинаған болатын, биыл қыркүйектің күні ашық болса межелеген 24-28 центнер де болып қалатынын айтты шаруашылық жетекшісі Юрий Чеховский. Астық жинауға шаруашылық сақадай сай отыр. Мемлекет тарапынан берілген субсидия диқандар қолын ұзартты. Өткен жылы шаруашылық мал өнімдері мен астық өндіру үшін 85 миллион теңге субсидия алған еді, биыл жыл басынан бері 87 миллион теңге көмек алды. Бірақ шаруашылық жетекшісі министрге техника алуға субсидия беру жеңілдетілсе деген тілегін, сонымен қатар алдағы уақытта астықтың жергілікті элиталы тұқымына көшу керектігін айтты. «Шеминовка» шаруашылығы астық алқабында болған кездесуге облысқа белгілі диқан Ыбыраш Естаев та келді. Облыста астық алқабын әртараптандыруды алғашқылардың бірі болып қолға алған да Ыбыраш Естайұлы болатын. Бүгінде 13 мың гектардың 4 мың гектарына қатты және жұмсақ бидай септі, қалғанының барлығы майлы және бұршақ дақылдары.
Асқар Мырзахметов Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары әкімдерінің орынбасарларын, шаруашылық мамандарын жинап, астық жинау науқаны мен ауыл шаруашылығының шағын механизациясын дамыту мәселесі жөнінде жиын өткізді. Биыл еліміз бойынша егіс алқабы 22,1 миллион гектарды құрап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 051 мың гектарға көп. А.Мырзахметов жиында алдымен облыстардағы астық жинау науқанына дайындық барысын тыңдады.
Соңғы жылдары астық сапасы төмендеп кеткен болатын, соған орай биыл тұқым өсіру шаруашылығына бөлінген бюджеттік қаржының көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есе көбейді. Облыстардағы бидайдың элиталы тұқымын өндіретін ғылыми-тәжірибе орталықтарының басшыларын тыңдаған вице-премьер астық сапасын көтеру жұмыстарын ширату керектігін айтты.
– Әртараптандыру саясаты субсидиялау механизмін өзгертуге оң ықпал етті. Атап айтқанда, гектарлық субсидиядан шектеліп, диқандарға мемлекеттік қолдауды өнімге және өңдеуге беру арқылы қолдау көрсетілді. Бидай – біздің брендіміз. Алайда нарық сұранымын да ескеру керек. Экспорттық жоғары сұранымға ие майлы, бұршақ дақылдардың алқабын кеңейтіп, оларды өсірудің технологиясын барынша меңгеруіміз керек. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы мемлекеттік бағдарламада айтылған әр ақпарат диқандарға жетуі тиіс, – деді Асқар Исабекұлы.
Биыл еліміздегі астық алқаптарының гектар айналымы 12,6 центнерден келеді деп болжанып отыр. Солтүстік өңірдегі Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында астық үшін аттанысқа дайындық жақсы екені айтылды. Республика бойынша қажетті дизель отыны 393,9 мың тонна деп анықталды, оның ішінде Ақмола облысы 70 мың тонна, Қостанай облысы 70 мың тонна, Солтүстік Қазақстан облысы 75 мың тонна жанар-жағармай алатын болады.
Премьер-Министрдің орынбасары − Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов сапар барысында «Милх» сүт зауытында болып, ауылшаруашылық кооперативтері жұмысының нәтижесіне куә болды. Ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының Қостанай филиалындағы техниканың жаңа түрлерімен танысты.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан» Қостанай облысы