Одан әрі Тайланд – 566 711, Үндістан – 557 480, Ресей – 515 321, Өзбекстан – 469 575, Жапония 461 772 көрермен тартқан екен. Алғашқы ондықты түйіндеген Сауд Арабиясының көрмесін 419 285 адам тамашалап үлгеріпті. Келіп-кетушілер саны 800 мыңнан асқан «Нұр Әлем» павильо- ны өткізуші мемлекет ретінде тізімнен орын алмапты. Бұл деректер халықаралық көрме орталығының екі айлық қорытындысына арналған жиында мәлім болды.
«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарушы директоры Бейбіт Қарымсақовтың айтуынша, көрменің екінші айында алғашқы отыз күнмен салыстырғанда 1,4 есе көп адам келген. «Нұр Әлем» сферасына 746 мың адам кірді. Мұнда да өсім – 1,4 есе. Шара басталғалы бері мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 60-тан аса ұлттық күні ұйымдастырылған. Енді 30-ға жуық осындай шара өтеді. 160-қа жуық тақырыптық жиын ұйымдастырылды. Көрмені көптеген елдің мемлекет және үкімет басшылары мен сыртқы істер министрлері арнайы аралады», деді ол.
Ұлттық компанияның қауіпсіздік бойынша департамент директоры Рүстем Шәкенов көрмеде ең көп жоғалатын, яғни келушілер жоғалтып алатын зат құжаттар екенін айтты. «Бәлкім, салақтығынан, бәлкім немқұрайдылығынан келушілер арасында киім-кешегін тастап кететіндер де жеткілікті. Сөмкелерін отырған жерінде ұмытып кететіндер де бар. Екі ай ішінде 867 зат табылды, олардың 273-і иесіне қайтарылса, 594-і сақтауда тұр», деген ол қауіпсіздікті қамтамасыз ету орталығының желісі бойынша 1789 жағдай тіркелгенін, оның 26-сы ұсақ ұрлық қылмысы екенін мәлімдеді.
Көрме басталғалы бері ЭКСПО қалашығына орналасқан қонақтар саны – 15416 адам. Дәл қазіргі уақытта онда 5181 адам тұрып жатыр. Сонымен қатар, есепті мерзімде 4864 адам медициналық көмекке жүгінсе, 49-ы аллергия, дене қызуының көтерілуі және қан айналым жүйесінің бұзылуы дерттерімен ауруханаға жатқызылды. «Екі айда жалпы сомасы 131 767 992 теңгені құрайтын 84 495 дана лицензиялық өнім сатылды. Және 537,8 тонна өнім әкелінді. Қоғамдық тамақтану орындарында 558,7 мың келушіге қызмет көрсетілді. Тауар айналымының жалпы сомасы 905,7 млн теңгені құрады», деді коммерцияландыру департаментінің директоры Дәулет Еркінбаев.
10 маусымнан 14 тамызға дейін байланыс орталығына 44 242 адам жүгінген екен. Оның ішінде 26 261 қоңырау шалу болса, 965-і – өзге байланыс түрлері. Ақпарат дүңгіршектеріне жүгінген азаматтар саны – 17 016. Логистикалық қызмет көрсетулер бойынша халықаралық павильондарға 5 298 тонна жүк жеткізілді.
18 тамыз күні ЭКСПО-2017 көрмесі аясында елордаға Эйкон, Джон Ньюмэн сияқты әлем жұлдыздары қатысатын музыкалық фестиваль өтеді. 19 тамызда Эрос Рамазоттидің концерті болады. Ал 29 тамыз күні әйгілі Дэвит Гетта келіп, өнер көрсетеді.