Аталған зауыттың коммерциялық директоры Айжарқын Уалиев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткізілген брифинг барысында жарық диодты шамдар жоғары сапасымен ерекшеленетінін айта келіп, оның үлкен сұранысқа ие екенін көлденең тартты. Енді компания басшылары ТМД елдері рыногына шығуды көздеп отырғанын айтты. Орайы келгенде А.Уалиев кәсіпорын жарық диодтары мен металл құрылғыларын әзірлеу мен жетілдіру бағытында көптеген шаруалар тындырылғандығына назар аудартты. Компанияның басым бағыты – өздері жасаған сыртқы қалып базасында шамдарды жинау, сонымен бірге фирмалар үшін диодты жарыққа арналған шамдар мен олардың қаптамаларын әзірлеу, ең бастысы, шамдар мен олардың қосалқы бөлшектерін саудаға шығару. Кәсіпорында өндірілетін шамдарды кез келген ауа райында, тіпті ыстық цехтар мен ылғалды ғимараттарда да пайдалануға болады.
Шығарылған өнім әмбебап екендігін де айта кеткен орынды. Өйткені, мұндай өнімдерді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта, сәулеттік жарықтандыруда, автотрассада және ірі өндіріс нысандарында пайдалануға мүмкіншілік бар. Шамдардың орташа бағасы 2000 теңге, ал үнемделетін электр қуаты шамамен 65 пайызды құрайды. Бүгінгі таңда аталған кәсіпорында 25 қызметкер жұмыс істейді. Олардың алатын жалақысы мамандығы мен өтіліне қарай 60 мың теңгеден басталады. Айжарқын Уалиев компания бірер айда жақын шетелдерге өз өнімдерін өткізе бастайтындығын алға тарта отырып, алғашқы серіктес ел Өзбекстан Республикасы болатындығын айтты.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы