Қолымызға қалам алып осы мақаланы жазуға белгілі журналист Талғат Сүйінбайдың «Егемен Қазақстан» газетінде (26.06.2017) жарияланған «Кәденің қадірін білейік» деген мақаласы себеп болды. Онда автор «...Сатып алуға домбыра да тапшы, көзге қораш көрінсе де көк шапанының өзі қат кеңестік заман-ай десеңізші! Сөйтіп жүріп 90-жылдарға жеттік. Фосфоры таусылып, будақ-будақ түтіні өшкен Жамбылдың суперфосфат зауытына шетелден инвесторлар келе қалсын! Күтіп алушылар бір қайнауы ішіндегі келісімшарттың дүмбілездігіне қарамастан, қонақтармен сыйласудың жөні осы-ау деп шамалап, шетелдіктерге шапан жауып, қолдарына бір-бір домбыра ұстатады. Таяу Шығысты бетке алған әуе лайнері Алатаудың иығынан асқанда меймандармен қимай қоштасып тұрған тараздықтар әуежайдың қоқыс салатын кір-кір темір жәшігінде қос домбыра мен қос шапанның ешкімге керексіз үйме-жүйме жатқанын білмейтін...» деп жазады.
Мақаланы оқи отырып, «Қазақтың салт-дәстүріне сәйкес қадірлі қонақтың иығына жабылатын шапаны мен домбырасының қадірін білмегендердің қастерлі дүниемізді қор қылғандары-ай!» деп іштей налисың. Мүмкін, кейбір шетелдіктер қазақтың бұл ата дәстүрін, ұлттық кәденің қадірін толық ұға білмеулерінен болған шығар. Бәрі-бір, әттең-ай... деп күйінесің.
Қазақтың шапанын қадір тұтып, қазақ елінің азаматы ретінде әлемдік шаршы алаңға шапан киіп шығып жүрген белгілі боксшылар Генадий Головкин және Қанат Исламға шексіз риза боласың. Қайда жүрсе де туған топырағын, өскен елін естен шығармай, қазақ ұлтының шапанын ту етіп жүрген азаматтарға көпшіліктің рахметтен басқа айтары жоқ. Туған жерінің, Отанымыздың нағыз патриоттары деп осындай ардақты азаматтарды атасақ болады. Оларға ешкім «қазақтың шапанын киіп шығасың» деп нұсқау берген жоқ қой...
Иә, әр ұлттың ғасырдан-ғасырға көшіп, өзімен бірге жасап келе жатқан өз салт-дәстүрі бар, қонақтарына көрсететін кәдесі бар. Оларды сақтап, іске асырғанымыз жөн шығар. Бірақ, кейде оған да сын көзбен, санаға салмақ салып, өзгеше қарағанымыз, ақылға салғанымыз жөн болар. Өмірде болып жатқан шындықтың бірі – қандайда болсын тойдың басында «ауылымыздың ақсақалы», «рулас ағайындардың қариясы», «ел ағасы» деп бата сұрау үшін белгілі ақсақалдарды той төріне шақырады. Той иесі бата берген әлгі қарттардың иықтарына шапан жауып, бастарына қалпақ кигізеді. Кейбір қарттарымыз киген шапанын «жұғысты болсын» деп дастарқан басында отырған інілерінің иығына жауып жатады. Өйткені, ай сайын бірнеше тойда болып, бата беріп жүрген қарияның үйінде шапаннан көп дүние жоқ. Жинай беріп оларды не қылады...
Заманның өзгеруіне, уақыт талабына сай ұлттық кәделер де өзгергені жөн-ау деген ой қаузаймыз. Шетелдік қонақтарға шапан, домбыра берудің қажеті бар ма? Олар қастерлі қоңыр домбыраның қасиетін біле ме? Оны олар музыкалық аспап деп ұқпай, ағаштан жасалған епетейсіз таяқ, шоқпар ретінде қарауы да мүмкін ғой. Өйткені ол домбырада ойнай алмайды, сондықтан оған керексіз, пайдасыз дүние ретінде қарайды. Журналист Т.Сүйінбай жазғандай, «Попқа баян не керек?».
Қазіргі дүкендерде не көп, әртүрлі сый ретінде ұсынылатын әшекей дүниелер жайнап тұр, тіпті, қызықтырып көз жауыңды алады. Шапан немесе домбыра берудің орнына естелік сувенирлер, еліміздің қылқалам шеберлерінің картиналарын, зергер-шеберлердің қолынан шыққан асыл дүниелерін, әсем көркемделген фотоальбом кітаптарды сыйлап жатсақ жақсы емес пе!
Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина профессоры