– Эльмира, жақында Парижде әлем чемпионаты өтетіні белгілі. Дайындық қалай жүріп жатыр?
– Алматыдағы АІВА-ның бокс базасында 10 шақты күн жаттығу жасап, кеше ғана Алексеевкадағы базаға келдік. Оқу-жиындарын осында жалғастыратын боламыз. Ал 21-22 тамызда Парижге аттанамыз. Дайындықтың нәтижесін Франция астанасындағы әлем біріншілігінде көретін боламыз. Бұған дейін физикалық жаттығуларға басымдық берсек, енді солардың барлығын боз кілемде пысықтау ғана қалды.
– Бұл – олимпия ойындарынан кейінгі алғашқы әлем чемпионаты. Сіз оған Олимпиаданың қола жүлдегері ретінде барасыз. Тиісінше, жауапкершілік жоғары. Алдыңызға қандай мақсат қойып отырсыз?
– Тіземді жарақаттап алып, қаңтар айында жасатқан операциядан кейін қалыпқа келуге үш ай уақыт кетті. Бірақ, қазір бәрі ойдағыдай. Бапкерлердің дұрыс бағдарының арқасында өз бабыма келіп үлгердім. Сондықтан, қазір өз-өзіме сенімдімін. Парижге бас жүлде үшін баратыным анық.
– Осыдан тура бір жыл бұрын Риода қола жүлдені мойныңызға тақтыңыз. Сол жолы әлі ештеңені түсініп үлгермегеніңізді айтып едіңіз. Содан бері өміріңізде қандай өзгерістер болды?
– Айтарлықтай өзгеріс бар деп айта алмаймын. Тек адамдардың маған деген қарым-қатынасы өзгергенін байқадым. Біреулер жылы қабақ танытса, екіншілері ұнатпай, бәлкім қызғанышпен қарайтын сияқты. Ең бастысы, менен үнемі бірнәрсе күтетін секілді.
– Рас, сізді шынымен де толып жатқан іс-шаралардан көре бермейміз. Көпшіліктің алдында жүргенді ұнатпайтын сияқтысыз?..
– Тыныштықты жақсы көремін. Есімді білгелі сондай. Анаған-мынаған алаңдай беретін болсаң, өзің үшін ненің маңызды екенін ұмытып қаласың. Демалыс уақытымда ыстық кофе, тыныштық пен кітап болса болды. Кешкілік теледидар қарағанды ұнатамын. Жасың ұлғайған сайын достарың да азаяды екен. Бұрын құрбыларымызбен жиі-жиі кездесіп, сағаттап әңгіме-дүкен құратын болсақ, қазір оларда да, менде де уақыт табыла бермейді. Бәлкім, отбасылы болғандықтан тұрмыстық мәселелер көбейетін шығар. Өзім де бей-берекет қыдыру дегенді қолдамаймын.
– Жасыңыз қазір 25-те. Біздің қоғамда мұндай жаста тұрмыс құрып, бір отбасының түтінін түтетіп отыру керек деген көзқарас қалыптасқан. Ата-анаңыз, жақындарыңыз отбасын құруға асықтырмай ма?
– Ата-анам менің жаттығуыма, бүгінгі өмір сүру қалпыма үйреніп қалған секілді. Олар өмірімді спортқа арнағаныма түсіністікпен қарайды. Әпкем де 26 жасында тұрмыс құрған. Әкем 29 жасында үйленген екен. Сондықтан маған да әлі кеш емес (күлді). Сөз байласқан жігітім бар. Өткен жылы шаңырақ көтеру туралы ұсыныс жасап, мен келісімімді бергенмін. Тек кестенің тығыздығына байланысты әзірге жеке өмірге уақыт болмай тұр. Өзі де кезінде спортпен шұғылданғандықтан, жарыстарыма да, еркелігіме де, назыма да түсіністікпен қарайды. Жанымда сондай жанның барына қуанамын.
– Сіздің есіміңіз күрестен жүлдегер атанған алғашқы қазақ қызы ретінде тарихқа енді. Сіз үшін мұның маңызы қанша?
– Есіміңнің тарихта қалғаны жақсы шығар. Дегенмен, өз басым ол жайлы ойлап, уайымдап немесе масаттанғым келмейді. Спортшы үшін мақсат біреу – алтын медаль. Қалғанының бәрі соншалықты маңызды емес. Бұған менің Рио Олимпиадасынан кейін Елбасының қабылдауында болғанымда көзім жетті. Жүлдегер атану көбіне ата-анам, әсіресе әкем үшін қуанышты жайт болды.
– Кітап оқығанды ұнатады екенсіз. Қандай авторды және қай жанрды таңдайсыз?
– Қызықты махаббат, ғашықтық жайлы кітаптарды оқи алмаймын. Көз жүгірте қалсаң, құдды ертегі әлемінде жүргендей боласың, тілі де жеңіл, бір кеште оқып шығасың. Ал, өмір мүлде басқаша ғой... Сүйікті авторларымның бірі – түріктің танымал жазушысы Орхан Памук. Оның туындыларының барлығын түгелдей оқып шықтым. Тек екі кітабын таба алмай жүрмін. Әдетте алған әсеріммен анаммен немесе әкемнің қарындасымен бөліскенді ұнатамын. Әпкем тіл маманы болғандықтан, кітапқа деген қызығушылығымды сол кісі оятқан. Орыс әдебиетіне де жақынмын. Әсіресе, Федор Достоевкийдің туындылары жаныма жақын. Алдағы уақытта өзге авторлардың да шығармашылығымен танысуды жоспарлап жүрмін.
– Орхан Памук әдетте батыс пен шығысты, ислам мен христиандықты салыстырып жазады. Тілі де ауыр. Достоевскийдің туындыларынан да өмірге сыни көзқараспен қарағанын байқау қиын емес. Олардың шығармашылығы сізді несімен баурап алды?
– Өмірге деген шынайы көзқарас. Памуктың «Менің атым Қырмызы» романын Бакудегі оқу-жаттығу жиындарында оқып шығып, өзгеше әсерге бөлендім. Өзімді кітаптағы кейіпкер секілді сезіндім. Автордың ойы, оны жеткізе білуі ұнайды. Бір әңгімесінде: «Біздің елдің кедей болғаны сонша, халық кітапты ләззат алу үшін емес, білім деңгейін көтеру үшін ғана оқиды» депті. Құдды маған қаратып айтқандай. Мен де кітапты тоқырауға ұшырамас үшін оқимын. Күнделікті жаттығу, көретініміз сол адамдар, білетініміз интернет пен теледидар. Мұндай жағдайда дамудың өзі қиын. Әрі жаттығудан кейін ештеңеге зауқың да соқпай қалады. Уақтылы ұйқыны ойлап тұрасың...
– Оқырмандарға сіздің отбасыңыз жайлы білу де қызықты...
– Қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкем – бапкер. Анам мектепте кезекші болып жұмыс істейді. Әпкем, сіңлім және інім бар. Сіңлім жоғары оқу орнын тәмамдап, қазір жұмыс істеп жүр. Ал інім 9-сыныпты бітірді.
– Жақында Азия күрес кеңесінің басшысы қызметіне Дәулет Тұрлыханов сайланды. Дәулет Болатұлының бұл қызметке келуі балуандарымыздың әлемдік додалардағы көрсеткіштерінің жақсаруына қаншалықты әсер етеді деп ойлайсыз?
– Дәулет Тұрлыханов – күрес әлемінде өзін мойындатқан адам. Өзі спортшы болғандықтан балуандарға не керегін, күресті қалай дамыту керектігін өте жақсы біледі. Сондықтан, еліміздің күресі жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін. Ал нәтижеге келсек, әрбір жеңіс тек еңбектің арқасында келетінін ұмытпаған жөн. Алға ұмтылу, қиындыққа мойымау, төзім, еңбекқорлық – табысқа жетудің кілті осылар деп санаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Мәдина АСЫЛБЕК, журналист