Бұрын екінші айналым аяқталған кезде 12 клуб екіге бөлініп, 1-6 орын аралығындағы командалар жүлдеге таласса, 7-12 орындардағы ұжымдар өзара кім мықтыны анықтайтын. Ал қазір командалар қос алтылыққа жіктелмейтін болды. Ойындар күнтізбесі Бергер кестесі бойынша түзілді. Яғни, 12 команда өздерінің орындарына сәйкес сандармен таңбаланған. Соған сәйкес, көшбасшы мен аутсайдер, екінші келе жатқан команда мен 11-ші орындағы клуб өзара ойнап, қалғандары да осы ретпен бір реттен күш сынасатын болады.
Шешуші айналымның бірінші турында топ басындағы «Астана» мен «Қайрат» кезекті жеңістеріне қол жеткізді. «Теміржолшылар» сырт алаңда «Ақтөбе» клубын 3:0 есебімен ойсырата жеңсе, алматылықтар «Оқжетпестен» көп күш жұмсамай, бір доп айырмашылығымен басым түсті. Сөйтіп, көш бастаған қос команда өзгелерге шаңын да көрсетпей, қара үзіп кетті. Мәселен, екінші орында келе жатқан «Қайрат» пен үшінші сатыда тұрған «Ордабасы» клубының арасын бақандай тоғыз ұпай бөліп тұр. Соған қарағанда, Алексей Петрушиннің шәкірттері алдағы уақытта «күміс» емес, қола жүлде үшін күресетін сыңайлы. Бұл турда «Ордабасы» Қарағандыда «Шахтерден» тегеурінді қарсылық көріп, 1:2 есебімен жеңілуге мәжбүр болды. Жалпы, басшысы мен бапкері түгел ауысқан «кеншілердің» соңғы ойындардағы серпілісі команданың жанкүйерлерін қуанышқа бөлеп жүр. Қазір қайта түлеген «Шахтердің» чемпионаттағы үздік алтылықтың ішіне енген жайы бар.
«Астана» мен «Қайраттың» арасы да алшақ тұр: жеті ұпай дегеніңіз чемпионаттың соңғы бөлігінде Станимир Стойлов ұжымы үшін сенімді қор. Ең бастысы, мұндай басымдық елорда клубына Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде алаңдамай ойнауға мүмкіндік береді. Турнир кестесінің төменгі жағында да бітіспес күрес жүріп жатыр. Ешкімнің де жоғары топтан «жер ауып» кеткісі жоқ. Көш соңындағы «Ақжайық» Таразға барып, күтпеген жерден жергілікті клубты 0:1 есебімен жеңді де, өзінен бір саты жоғары тұрған «Ақтөбені» ығыстырды. Ал азулы «Ақтөбенің» аутсайдердің күйін кешуі клуб фанаттарына да оңай тиіп жатқан жоқ.
Сұрмергендер арасындағы тартыс та қызып тұр. «Қайраттың» шабуылшысы Жерар Гоу мен астаналық Жуниор Кабананга үзеңгі қағыстырып келеді. Екеуі де осы турда гол соғып, доп санын, тиісінше 16 және 15-ке жеткізді. Ал үшінші орында келе жатқан Патрик Твумасидің «Астана» еншісінде әзірге 9 гол бар.
Сонымен, ел чемпионаты кімнің кім екенін анықтайтын соңғы айналымға да жетті. Отарбадан озып кетуге болмас, десе де кімнің қандай сыбаға алары қазірдің өзінде айқындалып қалған сияқты. Дегенмен, футболдан бәрін күтуге болады. Оның үстіне Бергер кестесінің ішіне бүккен сыры мен тосынсыйы да мол болуы әбден мүмкін...
Өткен 23-турдағы нәтижелер: «Ақтөбе» – «Астана» – 0:3 (0:1), Зенькович, 33 – өз қақпасына (0:1). Кабананга, 51 (0:2). Граховац, 79 (0:3). «Қайсар» – «Тобыл» – 1:0 (0:0), Джа Джедже, 55 (1:0). «Шахтер» – «Ордабасы» - 2:1 (0:0), Нұрғалиев, 60 (0:1). Габышев, 62 (1:1). Соке, 80 (2:1). «Оқжетпес» – «Қайрат» – 0:1 (0:1), Гоу, 33 (0:1). «Атырау» – «Ертіс» – 0:0 (0:0). «Тараз» – «Ақжайық» – 0:1 (0:0), Шмидт, 72 (0:1). 24-турдың ойындары 19-20 тамыз күндері өтеді. 19 тамыз: «Астана» – «Оқжетпес», «Ақжайық» – «Ақтөбе», «Ордабасы» – «Атырау». 20 тамыз: «Қайрат» – «Шахтер», «Ертіс» – «Қайсар», «Тобыл» – «Тараз».
Сұрмергендер сайысы: 1. Жерар Гоу («Қайрат», 1) – 16 доп; 2. Жуниор Кабананга («Астана», 1) – 15; 3. Патрик Твумаси («Астана») – 9.
Қайрат ӘБІЛДА, «Егемен Қазақстан»