Жапония ЭКСПО көрмесіне мықтап дайындалыпты. Павильонды таныстыратын 40 жасты конкурс арқылы таңдап алған. Оларға қазақ тілін білу міндеттелген. Стендші ұл-қыздар тым болмаса, сәлемдесу, қоштасу, алғыс білдіруді қазақша айтуы тиіс болған.
Жапон павильонында қазақ тіліне судай екі жапон қызы бар. Соның бірі – Мизуки Козаса. Ол Токио шет тілдері университетін бітірген. Қазір осында магистратурада оқиды. Қызығы сол, Мизуки осы оқу ордасының «қазақ халқының этнографиясы» факультетінде білім алыпты.
«Мені ислам діні, шаманизм ерекше қызықтырады. Осы жөнінде ақпараттарды интернеттен қарап отырып, қазақтар туралы мәліметтерге кезіктім. Қазақ тілін үйренуге деген құштарлығым осыдан басталды. Тіл үйрену үшін сонау Жапониядан Алматыға арнайы келіп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дайындық тобында бір жыл оқыдым. Тілді де осы кезде үйрендім. Қазір қазақ достарым да көп», дейді Мизуки.
Ол қазақ пен жапон дәстүрінде ұқсастықтар көп екенін айтады. Әсіресе, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, барға – қанағат, жоққа сабыр ету секілді адамгершілік пайымдарды жапондар да жақсы сіңірген. Мизукидің айтуынша, жапон тілінде «моттайнай» және «ариготай» деген сөздер бар. Жапондықтардың түсінігінше, бұл кез келген нәрсені шүкіршілікпен қабылдап, қолда барды ұқсатып, жоққа тарылмау деген сөз. Бұл қағидат Жапонияның энергияны тұтынуына да қатысты айтылады. Себебі, бұл елдің табиғи ресурстары аз. Сондықтан, Жапония баламалы энергия саласына айрықша мән беріп, бұл саладағы технологияны тиімді дамытып келеді.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»
суреттерді түсірген
Орынбай Балмұрат,
«Егемен Қазақстан»