• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
14 Қазан, 2011

Ұшқан ұя ұлағаты

1171 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен журналист Сауытбек Абдрахмановтың  сұхбат кітабынан – Нұрсұлтан Әбішұлы, сұхбат кіта­бы тарауларының тақырыптарын ал­дын ала келісуге берген кезде: «Шық­қан ортам, ата-анам, балалық шағым жайында «Әділеттің ақ жолы» кіта­бын­да, одан кейін Уәлихан мен Мұх­тарға кең көлемді сұхбатымда (У.Қали­жанов пен М.Құл-Мұхаммедке берілген ол сұхбат «Халықтан жасыратын еш­те­ңе жоқ» деген тақырыппен «Егемен Қазақстанның» 1997 жылғы 5 шілде нө­мірінде жарияланған – С.А.) жет­кі­лік­­ті айтқан да сияқтымын. Бейбіт Сапаралының «Президенттің бала­лық шағы» атты кітабында да біраз нәрсе бар. Мектепте бірге оқыған дос­та­рым­ның естеліктерінен де талай жай та­бы­лады», деп едіңіз. Сөйте тұра, осы кітап үшін ұшқан ұяңыз, балалық ша­ғы­ңыз туралы арнайы әңгімелеп беруі­ңіз­ді сұрағанмын. Бәлкім, кей жай­лар­ды аздап қайталауға, кей жайларды то­лық­тыруға тура келер. Бір тақырыпқа қай­та сөйлегенде ондай болмай қой­майды. Әр адамның өскен ортасы туралы айтқанда оның туған жері туралы да міндетті түрде әңгімеленетіні табиғи жай. Сіз жайындағы сөздің өзіңіздің өмір­ге келген өңіріңіз жөнінде бас­тал­ғаны орынды болатын сияқты. – Бұл ойыңмен келісемін. Өйткені, кез келген адам, ең алдымен, табиғат перзенті. Адамның қалыптасуына климат пен ландшафт та қатысатыны ғылыми негізде әлдеқашан дәлелденген. Туған жерім – тау, жігіт, азамат болып өскен жерім – дала. Таудың биіктігі мен даланың кеңдігі ақыл-ойыма да, мінезіме де қатар әсер еткен сияқты десем, артық айттыға балана қоймас. Мен алдымен өзім өскен өлкенің жер бедеріне, табиғат сұлулығына қарыз­да­рмын деп білемін. «Үшқоңыр Ала­тау­дың қойнауында, Әкемнің ізі қалған жайлауында. Қасқасу гүр-гүр тасып, гүлі еркелеп, Арқары жайылатын аймағында» дейтінім бар ғой қазір жиі орындалып жүрген әнде. Қарғалы, Ұзынағаш, Қара­қыс­тақ, Қастек, Жиренайғыр, Ырғайты деген өзендер, Қарақия, Ақтасты, Сары­жа­зық, Суықтөбе деген таулар талай-талай оқиғаларға куә болған жерлер. Мен туған Үшқоңырдың жанындағы сайлардан өтсең, әрі қарай Қарасаз, Үлкенсаз, Кішісаз, Ботасаз, Құлансаз деген сияқты неше түрлі жайлаулар жалғасып кете береді. «Құдайдың құдіретін көрем десең тауға бар» дейді. Өте әдемі жерлер. Көр­сең көз тоймайды. Әр тасы тарих. Баяғы жоң­ғар шапқыншылығы кезінде Шамал­ғанның тұсында талай шайқастар болған. Наурызбай батыр жоңғардың Шамал ханын сол жерде өлтірген. – Кей кітаптарда осы жер атауын «Шам алған» деп түсіндіру болған кезінде. Оны айтушылар ата жаудың атын жерге қоя ма екен десе керек. Сіз ту­ралы ағылшынша шыққан, көпте­ген тілдерге аударылған тамаша кітап­тың авторы, Ұлыбританияның көр­нек­ті қаламгері Джонатан Айткен «Ша­малған атауы қазақтың «шам, яғни жарық» деген сөзінен шыққан. Бұл өлкеде электр қуаты болма­ған­дық­тан, осы бір ұжымшарлықтар мекен еткен жердің атауына «шам жары­ғын­дағы ауыл» деген жолма-жол аударма келіңкірейтін сияқты», деп жа­зыпты. – Айткен оны қайдан білсін? Сөй­лес­кен адамдарының біреуі солай деген. Естігені бойынша жаза салған. Жалпы, бізде топонимика әлі де онша дамымай келеді ғой деймін. Қазақстандағы барлық жер атауларының сөздігін шығарып, қай атау қандай жағдайда, қандай мағынамен қой­ыл­ған, ол сөздің түпкі түрі қандай болған дегенді ғылыми тұрғыдан анықтап, көр­сету керек. Жеріңе қойылған ат еліңнің ұрпақтарға қалдырып кеткен хаты сияқты ғой. Ал енді ата жаудың атын жерге қоя ма екен дегенге байланысты айтайын. Неге қоймайды? Әбден-ақ қояды. Қаскелең де жоңғардың батыры. Атақты батыры. Оны да өлтірген – Наурызбай. Шамал хан­ның да, Қаскелеңнің де жүрек жұтқан батырлар болғаны рас. Олардың атымен жерді атау арқылы аталарымыз сондай батырларды жеңген бабаларымыздың ру­хын асқақтатып тұр. Қалай дегенде де, қа­тар жатқан екі жерге қалмақтың тарихтан белгілі екі батырының аты қойылғаны ол заманда сондай дәстүр болғанын таны­тады. Қаскелеңнің өз аты Қасгэлэн екен. Жалпы, екі түрлі мағына беріп, дау ту­ғы­зып, кейде кемітіп, келемеждеп тұра­тын атаулардың болмағанын ұнатамын. Сондықтан да Ақмола Астана атанды. Елімізді жаулап алып, халқымызды қан қақсатқан жаулардың аттарын (батыры болса да) өзгертіп, өз тарихымызды қалыптастырсақ, мен оған қарсы емеспін. – Туған жеріңізде, өскен еліңізде бар қазаққа белгілі тұлғалар бар­шы­лық. Солардың ішіндегі халыққа ең таны­ма­лы Қарасай Алтынайұлы болса керек. Қарасай батыр туралы, оның ұр­пақ­тарына өнегесі туралы не айтар едіңіз? – Аты бүкіл бір тайпаның ұранына айналған мұндай адамдар қазақ тари­хын­да баршылық. Қазақтың «Ақжол!», «Бекет!» деп атқа шабатыны сияқты, мұн­дағы ел «Қарасай!» деп ұрандайтын бол­ған. Атамыздың атының ұранға айналуы бір ұрыста жау шебін бұзып өтіп, Суық­төбеге туын тіккеннен кейін басталған көрінеді. Жамбылдың: «Арғы атам аруақты ер Қарасай, теңселген дүбірінен тау менен сай!», дейтіні бар. Қарасай – ертеректегі батыр. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан көп бұрын, он жетінші ғасырдың басында, орта шенінде қазақ әскерлері басшыларының бірі болған. Қарасай батырдың есімін қазақ тарихы үшін қастерлі ете түсетін жай – еліміздің әр қиырындағы шайқастарға қатысқаны. Оның арғын Ағынтай батырмен жан аямас достығы, ақыры екі батырдың бір шайқаста көз жұмып, Арқада, бір бейітте қатар жерленгені белгілі. Кейіннен, осы тәуелсіздік жылдарында қос батырдың басына кесене орнатылды. Қарасай ба­тыр­дың тікелей өз ұрпақтарына ғана емес, бүкіл қазаққа қалдырған басты өне­гесі бірлікті ту етіп өткені деген дұрыс болады. Біз бабаларымыздың аруағына сыйынып өскен қазақ емеспіз бе? Маған әкем әр уақытта Қарасай бабаға сыйынып жүр дейтін. Ел ішінде ол туралы көп әңгіме айтылатын. – Сіздің өскен ортаңыздың бір қы­ры батырлық болса, бір қыры – ақын­дық. Қаскелең, Ұзынағаш жағын «Ба­тыр­лар мен ақындар елі» деп ардақтап жатады ғой. Ел аузындағы «Екейде елу бақсы, сексен ақын, сарнайды жын қаққандай кешке жақын» деген сөз де тегін айтылмаған шығар. Сіздің де бойыңызда ақындық қуат барын білеміз. Бұл жағынан алғанда бабалар әсерін сіз қалай сезінесіз? – Әуезов «Жетісу ақындарының ал­тын діңгегі» деп атаған Сүйінбай мен Горький «ХХ ғасырдың Гомері» деп атаған Жамбыл бар қазақтың мақтанышы екенін айтудың өзі артық шығар. Бірақ, ақындық ақындардың ұрпағына қона берсе, екейде сексен ақын тұрмақ, сегіз жүз ақын болып кетуі мүмкін еді. Олай бол­майды ғой. Жалпы, мен өзімді ақындық қонған адамдар қатарына қоса қоймай­мын. Жүрегімді тербеген жайларды хал-қадерімше өлеңге түсіріп қоятыным бар. Оның бірнешеуіне әндер де жазылды. Ондай қасиет көп қазаққа тән емес пе? Ойды өлеңмен жеткізуге шебер кісілер менің әкем Әбіш пен анам Әлжан еді. Қарапайым адамдар болса да, той-то­малақтарда, тіпті үйде отырғанда да ұйқастырып отыратын. – Нұрсұлтан Әбішұлы, өзіңіздің шы­ғарған әндеріңіз де бар ғой? Оны бі­летінім, 1973 жылы сіз өзіңіз бас­та­ма­шы болып, біздің «Социалистік Қазақ­стан» газеті редакциясының аппара­ты­нан бірнеше адамды, бүкіл облыс­тар­дағы меншікті тілшілерді Темір­тау­ға шақырған екенсіздер. Сонда журналистерге жайылған дастарқанды сіз жүргізіпсіз. Өзіңіз шығарған «Шұ­ба­рат» деген әнді домбырамен айтып беріпсіз. «Алатау – туған жерім, менің елім. Сағындым арасынан ескен желін. Арқада ардақталып жүрсем-дағы, Ер жігіт ұмытар ма туған жерін?!» деген сөздерін де жазып алған журналист ағаларымыз ортамызда бар... – Мен ән шығарайын деп өлең жазған жоқпын. Кейде жүректі толқытатын бір оқиғалар болады, сол кезде бір нәрселерді жазасың. Алдымен сөзін қағазға тү­сі­ресің, ырғағы кейін келе жатады. Жаңағы ән мына Теміртауда, Қарағандыда ұзақ жылдар жүргенімде ауылды сағынып шығарғаным ғой. Шұбарат – ата-ба­ба­мыздың жайлауы. «Шұбарат Алатаудың етегінде, Шамалған тұрады екен жетегінде. Арқадан асыл жарды тапсам-дағы Туған жер, сенен алыс кетемін бе?» деп те жазғанмын. Жаңағы сен айтып, мен толықтырып жатқан ән осыдан қырық жылдай бұрынғы сарғайған сәттердің сағыныш сазы ғой. Сондықтан, қазір мен ол өлеңді сол кезгі көңіл-күйдің көрінісі деп қана қарай аламын. Тегінде, ол кезде астананы Алатау бойынан Арқаға ауыс­ты­руды әлі ойластыра қоймаған болсам керек... Теміртау, Қарағанды демекші, мына бір жайды айта кетейін. Осыдан он-он бес жылдай бұрын бір авторға бала кү­німде ұшқыш болуды армандағанымды, Үшқоңырдың бір биігіне шығып алып, алысқа, ұзақ қарайтынымды айтқаным бар. «Тегі, Теміртауды көргім келген болар» деп әзілдегенмін. Соны пай­да­ланып, біреулер мені мақтағанның жөні осы екен деп, сол кезде болашақ астана жаққа қа­ра­тып, қиялдатып қоюдан да тайын­бай­ды. Әр нәрсенің қисыны болуы керек қой. Ақындардың жыр жинақтарын мүм­кін­дік тапқанымша оқып тұрамын. Ал енді бабалар әсері дегенге келсек, біздің ауылдағы жиын-той бала күнімізде ай­тыс­сыз өтпейтін. Айқыш-ұйқыш айты­са­тын да жататын. Арасында ән де, күй де орындалып тұрады. Би биленетіні есімде жоқ. Тегінде, би отырықшы халықтарға көбірек тән өнер. Би өнері арғыдан тамыр тартуы үшін үлкен сарайлар қажет. – Үлкен атаңыз Назарбай би де ақын­­дықтан құралақан болмаған сияқты. Тортай Сәдуақасовтың кіта­бын­да ол кісінің Алпысбай деген төреге айтқан шумақтары келтіріледі. ДӘЙЕКТЕМЕ: «Ертеректе Шамалған өңірінде жа­са­ған өзі бай, өзі болыс Алпысбай атты төреге сол елдегі Назар (бай) деген би­дің жиында отырып, бір жағы сынап, бір жағы базына қылып айтқан тілек-батасы: Алпысбайым, сөзім бақ, Астыңа міндің алтын тақ. Зорлықпенен іс қылсаң, Жарата ма Жаппар хақ, Кім халалға Алла жақ.   Ел арасын егер қып, Ер ісінен жазар ма? Болыс болсаң бүтін бол, Елдің құты әзалда. Тепсінетін жөнің жоқ Мәжілістесің Назарға. Жасым үлкен демесең, Менің де ата жолым бар Бектер барған базарға. Ынтымағы жарасса, Берекелі ел азар ма!   Берген төрең оң болсын, Ғарып-қасер, жалпыға Шапағатың мол болсын. Билер өсиет айтыпты деп, Кейінгіге жол болсын!»   Бірден-бірге жеткен сөз төркініне қарағанда, мұнда мансапкерді (өзі де ман­сап иесі) сынаумен бірге оның кемшілігін тере бермей, келелі кеңес қылу, опық жегізер озбырлықтан ада болуға, теріс қылықтан бойын аулақ салуға шақыру, жаманаттан сақтандыру, ізгілікке үндеу басымырақ. Нақыл аста­ры­нан қарсыласынан гөрі, қадірлес ада­мы­на айтқан тілектестік сарыны аңға­рыл­ғандай. Ең бастысы, ел бірлігі мен ын­тымағын туралықтың туы етіп ұс­тау көзделеді. Ой түйінінде әділ билік, ақ бата ұлысқа үлгі, ұрпаққа ұлағат болсын деген ізгі арман-мұрат бар.

Т.Сәдуақасов,

«Назарбай би және туған өлке тарихы»,

Астана, 2000, 21-22-беттер.

Нақты менің өзіме мұндай қабілет тікелей әке-шешемнен жұғысқан сияқты. Әсіресе, шешем ақжарқын, көңілді, айт­қыш адам болған. Қандай жағдайда да тау­ып айтатын, өткір тілді кісі еді. Ер көңілді кісі болатын. Анау жоқ, мынау жоқ деп әйелдікпен әңгіме айтпай, барға қанағат етіп жарқылдап, жайраңдап жү­ре­тін. Әншілігі өз алдына бір бөлек. Ауыл­дағы той атаулы менің анам бармай бас­та­лмайтын, бәрі «Әлжан келсін» деп кү­те­тін. Әкем Әбіштің де суырыпсалма­лы­ғы барын тұстастары айтып отыратын. – Кластас досыңыз Сәдуақас Есімбай: «Әбіш әкеміз, әсіресе, айтысуға өте шебер болатын. Талай айтыс­тар­ды өз құлағыммен естігем. Той-тома­лақ­тарда «той бастарды» жұбайы Әл­жан анамызбен қосыла той иесіне ри­за­шылықтарын айтумен бірге, кейбір қонақтардың тойдағы ерсі қылық­тарын әзілге айналдырып, елді күл­ді­ріп отырушы еді», деп еске алады. – Әке-шешемнің құрдас, құрбылары да қалжыңқой, өлең құрастырғыш кісілер еді. Жалпы, қазақтың қай-қайсысы да екі ауыз сөздің басын құрастырып, бірер шумақты шығара беретін еді ғой кезінде. – Сіздің өміріңізден түсірілген көр­кем фильмде мектепте тақпақ оқы­ға­ныңыз келтіріледі ғой... «Шамал­ған­ның басында...» деп келетін... – Оны фильмді түсірушілер менің кезінде берген бір сұхбатымнан алыпты. Былай болған. Әкемнің өз құрдастарымен қалжыңы таусылмайтын. Солар туралы өзі құрастырған неше түрлі тақпақты үй­ре­тіп қоятын. Бірінші сыныпқа барған кү­німде мұғалім апайымыз «Ал кім қандай тақпақ біледі?» десе, жаңағыдай шумақ­тарды тақылдап айтып шығыппын ғой. Оның не өлең екенін мен қайдан білейін? Балалық шақта бәрі болады. ДӘЙЕКТЕМЕ: «Ең бірінші мектепке келген күнім еш­уақытта естен шықпайды. Оның бір тарихы бар. Ең бірінші қалам ұс­та­тып, әліппені қолыма ұстатқан Тәку Смайылова деген мұғалимамыз осыдан төр­т-бес жыл бұрын ғана қайтыс болды. Қарым-қатынасымызды еш уа­қыт­та үзгеміз жоқ. Бірінші кластан төртінші класқа дейін барлық пәннен сабақ берген сол кісі. Ол есте қалды. Бірінші класқа барған күннің есте қала­тын себебі, менің әкем Әбіш марқұм, шешем Әлжан марқұмдар біздің ауыл­дағы өте бір көңілді, отырған жерін күлдіріп отыратын, суырыпсалма ән шы­ғаратын, кәдімгідей даусы бар жақ­сы жақын адамдар еді. Ауылдағы қазіргі тірі жүрген замандастардан сұра­са­ңыз­дар, көзбен көрген адамдардан біл­се­ңіздер, мұны растайды. Әсіресе, шешем өте көңілді адам еді. Қазақтарды білесіздер ғой, құрдастарымен ойнай береді. Қазір ондай қалжыңды көтеретін құр­дастар жоқ-ау. Мысалы, әкем шешеме бірдеңеге ренжіп отырса, құрдасы оған қой деудің орнына шешемді одан әрі ұрса жөнелетін. Бір құрдасына өлең үй­ретіп, мектепке барғанда айт деп жат­татқызатын. Оның мәнін мен қай­дан білейін. Тойбай деген марқұм бо­лып кетті, балалары бар, мені кешірер. Өзі әдемі, соғыстан келген, бір қолы жоқ болса да шырайлы жігіт еді. Екі беті қып-қызыл, көркем адам болатын, соған былай деп жазыпты. Шамалғанның басында Тойбай отыр, Беті қызыл қатынды қоймай отыр. Екінші досы Жұмахан деген марқұм. Оның балалары бар Нүсіпхан деген. Ба­лаларымен бірге оқып шықтық. Ол ірі қара мал, өгіз бағатын. Соған бір шумақ өлең жазыпты. Сол ауылдағы барлық құрдастарына жаңағыдай ғып, мен тақ­таға шығып тарсылдатып тақпа­ғым­ды айтып отырғанда барлық мұға­лімдердің шек-сілесі қата күлетін».

Н.Ә.Назарбаевтың

журналистер У.Қалижанов пен

М.Құл-Мұхаммедке берген сұхбатынан.

«Егемен Қазақстан», 1997 жыл, 5 шілде.

– Жамбыл бабамыз сіздің есіңізде қалай қалды? – Әкем Жамбылмен де, Кененмен де таныс болғанын айтып отыратын. Біздің ауыл Шамалған Алматы мен Ұзын­ағаш­тың ортасында орналасқан. Әрқай­сы­сы­нан қашықтығы шамалас болар. Жамбыл ауылының төңірегінде тұратын туыстарға атпен де, ат арбамен де бара беретінбіз. Үлкендердің айтуынша, Жамбыл атамыз да атқа мініп, тау бөктерін аралап жүреді екен. Менің әжем Мырзабаламен жақсы таныс болса керек. Мен ол кездерде 4-5 жастамын. Есімде бірі қалса бірі қал­май­тын кез ғой. Жамбылдың Алғадай деген ұлы қайтыс болғанда анам (әжемді «апа» дейтінмін де, анамды «жеңеше» дейтінмін) мені Ұзынағашқа алып барған екен. Сонда атаға көңіл айту үшін Алматыдан, маңайдан көп адам келгені көз алдымда. Үйдің алдындағы мен бұрын көрмеген ұзын қара машина есімде қалып қой­ып­ты. Анам айтып отырушы еді, атаның жа­нында үнемі бір жалтырбас кісі, бір то­лық денелі сары кісі жүрген еді деп. Кейін естідім – ол кісілер республиканың басшысы Жұмабай Шаяхметов пен жазушы Сәбит Мұқанов екен. Кезінде Сәбең біздің үйде де болыпты. Оны мен мек­тептің жоғарғы кластарында жүрген­де ғана білдім. Біздің кезімізде мектептегі оқулықтарға еніп жүретін «Колхозды ауыл осындай» деген өлең болатын. Сә­бит Мұқановтың өлеңі. Сол өлеңнің соң­ғы шумағын Сәбең біздің үйде жазыпты. Малшылар өмірімен танысуға бір топ жазушы келген екен. Араларында әнші­лері де бар. Әншілерінің ішінен жұрттың есінде Жамал Омарова ерекше қалыпты. Қонақтарға Үшқоңырдың жақсы деген киіз үйлері тігіліпті. Сонда біздің киіз үйге Сәбең түсіпті. Әкемнің «Мұндай үлкен кісі де осыншама қарапайым бо­лады екен» деп айтып отыратыны есімде. Әкем інім Сатыбалды екеумізді шақы­рып, Сәбеңе сәлем бергізіпті. – Өлеңнің бір шумағын үйде жаз­ғаны қалай? – Сәбең жайлау туралы бір өлең жа­зып, соның аяқталуына өзінің көңілі толмай жүрген болса керек. Әкем мен анам кезектесіп ән айтқанда ол кісі бір кезде қалам-қағазын шығарып, малдас құрып отырған жерінде тізесіне жаза бастапты. Сөйтіп, сәлден кейін ұзақ өлеңді оқып, «Мына соңғы шумағын жаңа ғана жаз­дым, түйіні келіспей жүр еді, жақсы болды», депті. – Ол шумақ есіңізде ме? – Есімде, әрине. Түнгі дауыс тым алысқа кетеді. Жаңғырықтырып, тауды дірілдетеді. Жайлауында жаздай думан қайнаған Қандай ғажап малшылардың мекені! Тағы бір қызық жағдай бар. Сонда Сәбеңнің шабытын шақырған ән орыстың «Вечерний звон, вечерний звон, Как много дум наводит он» деп келетін әні екен. Әкемнің Шамалғандағы орыс достарынан үйренгені ғой. – Сіз атаңыз туралы «Назарбай – қо­лында мөрі бар адам болған екен...» деп қана айтумен шектелген едіңіз. Кейін қарасақ, ол кісі ауыл-аймақты бас­қарған, көп жыл би болған адам екен. Тортай Сәдуақасовтың «Назарбай би және туған өлке тарихы» деген кіта­бын­да бұл жайында нақты деректер кел­тірілген. Атаңыз жөнінде не айтар едіңіз? – Жаңағы сен айтып отырған кітап сол кезде де құжаттардың ұқыптылықпен жүргізілгенін көрсетеді. Архив деректерінде Қаскелең болысының қанша ауылы болса, сол ауылдардың бәріндегі сайлау жасындағы адамдар, олардың жасы, малы (жылқы, қой деп нақты бөлінген, неге екенін, түйе, қара мал саны берілмепті) нақ­ты тізімделген. Мысалы, Сүйінбай ба­бамызда 70 жылқы, 200 қой болған екен. Жанысбай, Жігітбай, Назарбай деген үш ағайындының малы қоса есептеліп, 3 жылқы, 50 қой деп көрсетіліпті. Бұл ол кез үшін аз мал. Әр үйге бір жылқы, он бес шақты қойдан ғана келіп тұр ғой. Соған қарағанда, жалпы біздің әулет о бастан бай болмаған. Малшылардың, қойшылардың ұрпағымын дейтінім сол. Назарбай бидің мөрін менің әжем ешкімге бермей, өзінде ұстайды екен. Мұны менің анам айтып отыратын. Ол мөр қазір Астанадағы музейге қойылған. – Сәдуақас Есімбайдың «Үшқоңыр – алтын бесігім» деген кітабында сіздің ата-тегіңізді былай тарқатыпты: «Қа­расай – Көшек – Айдар – Мырзатай – Кенбаба – Еділ – Сапақбай – Назарбай. Әкемізден Үмбет, Шалабай, Арману мен Әбіш тудық, – деп отыратын Әбіш әкеміз». Әулеттік шежіреде Назарбайдан Шалабай, Үмбет, Әбіш тарайды делінеді. Арману деген кісі кім? – Арману – Назарбайдың қызы. Аты сондай тосындау қойылған екен. Қазақ ата таратқанда әйел затын атамайды ғой. Әбіштен Нұрсұлтан, Сатыбалды, Болат, Әнипа. Сәби кезінде шетінеп кеткен Ай­сұлтан, Нұрғазипа деген бауырларымыз болды. Назарбай би дүниеден өткеннен кейін шаңырақ иесі Үмбет атамыз бо­лыпты. Құжаттарда Үмбетбай Назарбаев деп жазылады. Үмбетбай атаны мен көріп өстім. Ал Шалабай деген кісі ұрпақ көрмеген екен. Анамның аяғы ауыр кезінде бала туса мен асырап аламын деп келіскен екен. Ол кезде әкем ағасына қарсы болмаған. Бірақ мен туар жылы ол кісі қайтыс болып кетіпті. Ал Арману апамыз ертеректе өмірден өткен. Назарбай атамыз би сайлауына үш рет түскен көрінеді. Ана жылы маған Джонатан Айткен келген. Мына отырған сен сияқты оған да әбден әңгіме айтқанмын. Сол кісі архив құжаттарынан Назарбай­дың ауқатты әрі елге сыйлы адам бол­ға­нын, 1900 жылы жергілікті төбебилікке сайланғанын анықтапты. Ол деректер бұрын да келтірілген еді. Жабық дауыс беру кезінде 58 рубасының 30-ы На­зар­байды қолдап шыққанын жазған. – Джонатан Айткен осы мысалға: «2007 жылы өз атасының өмірбаяны туралы әңгіме арасында оның сайлануы ту­ралы осы тарихты айта отырып, Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұл біздің осыдан 100 жыл бұрын-ақ қан­ша­лықты демократияшыл болғаны­мыз­ды білдіреді! Қазақстандағы біздерді демократия туралы білмейді деп кім айта алады?» деп әзілдеді» деген тү­сініктеме берген. Негізінде, сіз бұл сөзді кем қойғанда әзіл-шыны аралас айтқан сияқтысыз. – Әрине, әр әзілдің астарында шын­дық жатады. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген мақалы бар халықта де­мократия жоқ деп ешкім де айта ал­май­ды. Қазақ ханның алдына барғанда да «Дат, тақсыр!» дейді. Сонда «Датың болса айт» деп, сөзін тыңдайтын болған. Біз еліміз демократиялық қоғам құру жо­лын­да дейміз. Ал олар болса біздің демо­кра­тия­ның еуропалық стандарттарына тез түсуімізді қалайды. Мұның біздің қо­ғам­ға қандай залалы боларында олардың шаруасы жоқ. Жалпы, өзгеге жалтақтаудың түбі жақсылыққа апармайды. Жақында бір батыстың сарапшысы жазған М.Горбачев жайындағы пікірді оқыдым. Сонда Горбачев жас кезінен карьерист адам болған деп жазады. Мансапқор өсу үшін, өзінен жоғары тұрған бастықтың алдында ұпай алу үшін ұмтылып, жалпақтап, соның ойы­нан шығуды ойлайды дейді. Ал өзі бір күні үлкен басшы болғанда кімге жағынарын білмейді, жағынатын адам іздейді дейді. Әдеті ғой. Сонда Горбачев өз елінде жағынатын адам қалмағанда Америка, Еуропа басшыларының мақтауына ілінгісі келген болып шығады. Иә, ол шы­нында да солардың айтқанын тыңдады, айтқанын істеді. Мұны айтып отырғаным – ел басындағы адам тек қана өз хал­қының, өз елінің қамын ойлап, соған ғана қарекет жасауы керек. Маған да батыстың жолына түсіңіз, осыдан артық жол жоқ дегендер аз болмады. Түспедің деп сы­на­ды. Олардың ақылымен жүрсек, онда өз дәс­түр, өз тамырымыздан айырылып, ел ішінде дау-дамай көбейер еді. Нешеме түрлі-түсті революциялардың ішінде жүр­ген халықтың өмірі мүшкіл болар еді. Оның бәрін көріп отырған жоқпыз ба? – Назарбай бидің өзі өскен өлкеде белгілі бір із қалдырған тұлға екендігі сіз­дің кішілікпен айтқан әңгімеңізден-ақ аңғарылып тұр. Әйтсе де, сіздің ертеректе шыққан «Әділеттің ақ жолы» де­ген кітабыңызда: «Кейінгі кезде өзі­нің «пролетарлық» тегімен көкірек қағу басқа бір нәрсенің салқынымен алмасты: қайткенде де өз тегінен «ақ­сүйектік» қасиет іздеп табу етек алды. Ондай біздің тұқымда болған емес. Мен – қойшылардың ұлымын, немересімін және шөбересімін. Демек, ешқан­дай ақсүйектер әулетінен емеспін» деп жазғаныңыз бар. Рас, бұл кітап кеңес­тік кезеңде, тәуелсіздікке дейін жарық көрген. Сіз ол кезде атаңыздың би болғанын айтып жатқыңыз келмеген сияқты, әлде олай емес пе? – Бұған не деуге болады? Жалпы, адамның өткенімен мақтана беруі оның бүгін мақтанатыны аз екендігінің белгісі де болуы мүмкін... Солай емес пе? Ата-ба­баларың мақтануға тұрарлық тұлғалар болғанда да сенің өзіңнің оған нақты қа­ты­сың қандай? Сіңірген еңбегің қандай? Сенің ата-бабаларыңа еңбек сіңіруің мүм­кін емес. Сенің еңбегің сіңсе, балала­ры­ңа, немерелеріңе сіңеді. Осындай балалар тәрбиеледім, осындай немерелер өсірдім деп мақтаныш етсең бір жөн. Әрине, ха­лық үшін еңбек еткен адамдарды мақ­та­ныш тұту керек. Егер олар сенің әуле­тің­нен шықса, тіпті жақсы. Бірақ, бұл арада мақтаныштан гөрі жауапкершілік сезімі алға шыққаны дұрыс. Мен сондай адам­ның ұрпағымын, қазір бәленшенің ұрпа­ғы деген атты абыроймен алып жүрмін бе деген тұрғыда ойланған, қиналған жөн. Ал енді «ақсүйектер әулетінен емеспін» дегенімнің мәнісі былай. Қазақта бабадан атаға, атадан балаға, баладан немереге ауысып жататын ақсүйектік, яғни аристократтық титулдар жоқ. Мысалы, грузиндерде князьдің баласы князь болып шыға келеді. Ағылшындарда лордтың ба­ласы да лорд. Орыстарда да бұрын солай болған. Дворян әулетінің балалары дворянин, графтың баласы граф деген сияқты. Мұның жақсы жағы да бар, жаман жағы да бар. Жақсы жағы әулет дәстүрін жалғастыру жауапкер­ші­лігінің өзі адамды ширатып тұра­ты­нын­да. Жаман жағы жаңағы атаққа адамның ерекше еңбек етпей-ақ дайын күйінде ие болатынында. – Осы арада бір пікір қосайыншы. 2005 жылы Мәскеуде Андрей Кончаловскийден сұхбат алған едім. Сонда Андрей Сергеевич: «Өзім дворяндар әуле­тінен шыға тұра Россиядағы про­ле­тарлық революцияның жалғыз жа­ғым­ды жемісі бар болса, ол арис­то­кра­тияны жойғаны шығар дер едім. Рево­лю­цияның арқасында қоғам гомогенді болып шықты» деген еді. Осы ой кө­кейге қонады. Расында да, әр адамның өмірге қадам басардағы старттық жағ­дайы тең шамалас тұрғанының өзіндік артықшылығы бары талассыз. – Жаңағы ойды аяқтайын. Әркім өз бақытын өзі жасауы керек. Әркім өз несібесін өзі теруі керек. Кімнің нешінші ұр­пағы болғанымда да мына жайдың басы ашық. Менің әкем Әбіш қарапайым өмір сүрген, ғұмыр бойы жұмыс істеген адам. Мал да баққан, егін де еккен, бау да өсірген, бақша да салған. Отбасын өзінің ақ-адал еңбегімен асыраған. Мен туған­нан кейінгі жылы біздің таудағы қыстауы­мызда біреудің абайсыздығынан өрт шы­ғып­ты. Әкем сол өртті сөндіріп жүріп, бір қолын иығына дейін қатты күйдіріп алыпты. Соғыс басталғанда әскери ко­мис­сариатқа шақырып, дәрігерлік комиссия қолының қатып-семіп қалғанына бай­ланысты майданға жарамсыздық билетін берген. Оны «ақ билет» дейтіні есімде. Көп жыл таудағы жайлауда мал бағып, кө­шіп-қонып жүргендіктен, біздің бала кү­німізде өзіміздің үйіміз де болмаған еді. Ол үйді біз кейін өзіміз салып алғанбыз. – Сіздің кітаптарыңызда, сұхбатта­ры­ңызда әкеңіз Әбіштің алдымен ата­латын қасиеті – еңбекқорлығы. Өзі­ңіз­ді де өмірдің небір сынақтарынан осы еңбекқорлық алып өткен. Әкеңіздің бұл қасиеті бала Нұрсұлтанның бой­ы­на қалай жұғысты болды деп ойлай­сыз? – Иә, мен нағыз еңбекқор кісі деп әкемді айтар едім. Әкенің балаға айтқан ақылынан гөрі көрсеткен өнегесі көбірек жұғады. Әкем маған ең қарапайым, бірақ ең қасиетті қағиданы ұғындырып кетті. Ол қағида – ерінбей, қажымай-талмай ең­бек ету. Солай еңбек етсең ғана бағыңның жанатыны. Осы өнегесі үшін мен әкеме өмір-бақи қарыздармын. Менің әкем мен шешем де еңбек арқылы табысқан. Үш­қоңырда танысқан. Сол жерде жұрт әлі күнге «Арестанттар жолы» дейтін жол бар. Тауға шығатын айналма жол. Айт­қан­дай, ол «арестанттардың» (қазақтар оны рыстандар салған жол дейді) кім екенін білесің бе? Әуре болмай-ақ қой. Еш­уақытта ойлап таба алмайсың. Үш­қо­ңыр­дағы жолды салғандар бай-кулактар мен ...жер аударылған молдалар екен!.. Олардың арасында Бұқарада медресе бітіргендер де бар көрінеді. Сонда әкем үш жүз арестантқа бригадир болыпты. Шешем Шу жақтан келіп, жаңағы жерде аспазшы болып жұмыс істеп жүреді. Анама бір жыл сөз салып жүріп үйленіпті. ДӘЙЕКТЕМЕ: «Негізінде әкемнің басты шаруасы мал бағу болатын. Егер оны ертеден түнге дейін еңбек етті десем, бәрібір бұл да жетімсіз соғып жатар еді. Мен оның қай кезде ұйықтайтынын немесе ештеңе істемей, құр тынығып отыр­ған сәтін көрген емеспін. Бірде отын жар­са, бірде томар қопаратын, енді бірде бірдеңе сату үшін базарға кетіп бара жататын. Ол дәулетті орыстар қолында өскендіктен егін салуды да жақсы білетін. Пәлендей білімі болмаса да, миуа ағаштарын будандастыруға кәнігі еді. Жұрт біздің баққа келіп, керемет өсіп тұрған таңғажайып жемістерді немесе бір жағында кәдімгі апорт алмасы, екінші жағында уылжыған ал­мұрт пісіп тұрған ағашты тама­ша­лай­тын. Әкем өсірген ондай алманы кейін еш жерден көрген емеспін. Өзінің сүйікті сортты алмасы – апортты ол келесі көктемге дейін бұзбай сақ­тай­тын еді».

Н.Назарбаев,

«Әділеттің ақ жолы»,

А.,1991, 18-19-беттер.

– «Балалық шағымның аспаны» деген фильмде әкеңіз Әбіштің жаңа са­лық саясатына қарсылық ретінде өз қо­лымен еккен алма бағын бір түнде отап тастағаны көрсетіледі. Кейбіреулер осы оқиғаны фильм сценарий­ші­лер­дің көр­кемдік тартыс үшін ойдан қиыс­тыр­ғанындай көруі мүмкін. Мұ­ның анық-қанығын өзіңіз айтып беріңізші? – Мұның анық-қанығы «Әділеттің ақ жолы» деген кітабымда жазылған. Сценарийшілер де содан алып отыр. ДӘЙЕКТЕМЕ: «Алайда, күндердің күнінде үй ма­ңындағы жерімізді (ол жарты гектар еді) азайта бастады, әуелі он сотық­ты, одан соң тағы да бірте-бірте кесіп ала берді... Әкем ат десе ішкен асын жерге қоятын. Бірақ көп ұзамай одан да күдер үзуге тура келді – ат ұстауға да тыйым салынды. Сондағы себеп жем­шөп колхозға керек екен. Ал бірде өз көзіме өзім сенбедім: әкем алма ағаш­та­рын өз қолымен отап жатыр. Сөй­т­сем, әр түп ағаш үшін салық төлеуден құтылу керек болыпты. Үй-іші қатты тарықты: ішетініміз құр шай ғана, анда-санда бір түйір қант болады. Маң­дайға біткен жалғыз сиырдан колхозға тапсырылуға тиісті сары май мөл­ше­рі­нің көптігі сонша, өзімізге тек көк сүт қалатын. Әрине, көп нәрсені түсіндіруге бо­ла­ды. Бірақ соншалықты еңбекқор адам­да­рымыздың мұндай мүшкіл халге қа­лай тап болғанын кей-кейде ойлай бас­та­саң-ақ, сайтан алғырды еш түсінбей бас қатыруға тура келетінін қай­терсің!..».

Н.Назарбаев,

«Әділеттің ақ жолы», 19-20-беттер.

Жалпы, әкем көзі ашық, көкірегі ояу кісі еді. Әкем жұрт айтса болдының, көп айтса көндінің адамы емес еді. Әр нәрсеге өзінше қарай алатын. Жиын-жиналыста айтпағанмен, дастар­қан басында, үй ішінде өзінше пікірлерін де айтып қалатын. ДӘЙЕКТЕМЕ: «...1962 жылы мен, жас металлург, комсомол съезінің делегаты болып Мәс­кеуден үйге оралғаным әлі есімде. Әри­не, әсер деген ұшан-теңіз! Әкем мен көр­шілерге асығып-үсігіп Хрущев ту­ра­лы, оның еліміз комсомолдары алдын­да­ғы сөйлеген сөзі туралы, қала мен ауыл арасындағы өзгешеліктердің бірте-бірте жойылып, село өмірінде керемет мүм­кіндіктер болатынын баса айт­тым. Үлкендердің маған көңіл бөлгеніне масаттанып, ақсақалдар жүзінде мыс­қыл пайда болғанын байқамай сайрай беріппін. Ал әкем маған күстаналап қа­рап отыр екен. Ақыры, нұрлы бола­шақ­қа қарай бағытталған қозғалысымызға кедергі жасайтын қосалқы жеке ша­руашылық пен үй маңындағы учаскені жөн-жосықсыз жерден алып, жерге салғанымда, қарт Әбіштің төзімі таусылды білем. – Тоқтат, балам, мұндай сөзді радиодан ести-ести құлағымыз сарсыған. Одан дағы мынаны айтшы: Мәскеу­де­гі­лер­дің есі дұрыс па өзі? Әлде оты­зын­шы жылдағыдай тағы да аштықпен ти­тық­татпақ па? Ауыл адамында жер бол­маса, қойшыны жеке малынсыз қал­дырсақ – олар даладағы жел қуған қаң­бақ емес пе? Сұлтан (үйде мені осы­лай атайтын), сен ренжімей-ақ қой, жү­ре­гің жарыла қуанатындай ештеңе жоқ, сен бізге жаманат хабар жет­кіздің... Мен сондағы өз қателігімді көп жыл өткен соң жерлестеріме сүйіншілете жақсы хабар әкеліп, түзеттім».

Н.Назарбаев,

«Әділеттің ақ жолы», 11-12-беттер.

– Ата-анаңыз біраз жыл перзент сүймей жүріп, Райымбек бабаның ба­сы­на екі күн қатар түнеп, тәу етіп, содан кейін сізді көргені белгілі. Сіз осын­дай әулиелі орындарға, олардың киесіне сенесіз бе? – Менің әкем мен анам бабаның басына түнеп, тілек тілегендері рас. Ме­нің бала кезімде ол мола Алматының шетінде үлкен төбе болып көрінетін. Құран Кәрімде тілеу, сұрауды тек Аллаға айту керек дейді. Бірақ біздің салтымызда аруаққа сену де бар ғой. Райымбек бабаның басына түнеген түнде анам түс көріпті. Түсінде теңізге түсіп кеткен екенмін дейді. Судың тү­бін­де демі тарылмай, кәдімгідей жүре беріпті. Теңіздің түбінен аппақ күмістен жа­сал­ған ұзын мылтық көріпті. Жаңағы мыл­тықты мойнына іліп алып, жүзгеннен жүзіп отырып жағаға шығыпты. Таңертең бейіттің шырақшысы түсін жорыпты. Ұл бала табасың, балаң мықты болады, жасы ұзақ болады, осы балаң сенің мақтаны­шың болады, ел қорғайтын адам болады депті. Мылтыққа байланысты жорығаны ғой. – Нұрсұлтан деп атыңызды әжеңіз Мырзабала қойған екен. Сонда ол кісі Құрандағы Алланың 99 атының бірі Нұр, бірі Сұлтан екенін білген бе, жоқ әлде мағыналық жағына баса мән беріп қойылған есім бе? – Мұндайда қазақ «аузына құдай сал­ған» дейді. Солай болған шығар. Әжем Аллаға сенетін, бес намазын ұстап, ораза тұтатын адам еді. Алланың 99 аты бар екенін білген болар. Мағыналық жағына да, әуезді естілуіне де көңіл бөлсе керек. Әжем туралы айтайын. Мырзабала әжем мені бес жасқа дейін жұрттан жасырғандай етіп өсіріпті. Әрі тұңғыш, әрі әбден зарығып көрген немересімін ғой. Үйге біреу кірсе мені етпетімнен теріс қаратып жатқыза салады екен. «Не­мереңіз жүрді ме, әже?» деп сұрағандарға: «Құдай бір немере беріп еді, оның өзін де қауқарсыз етіп берді» дейді екен. Анам ол кісіге ренжіп, қайдағыны айтасыз дейді екен. Мені қашан шауып жүріп кеткенше қып-қызыл матадан киіндіріп қойғаны да өзінше қызық. Көз тимесін дегені. Бір күні қып-қызыл ғып киіндіріп қойған ма­ған аспаннан бүркіт шүйіліп түсе жаз­дап­ты. Сөздің реті келіп тұр, менің бала күн­дерімді, мектептегі шағымды көрсететін «Балалық шағымның аспаны» деген филь­мде Мырзабала әжемнің рөлін ойна­ған Бибігүл Ахметқызы Төлегеноваға ра­зы­лығымды бөле айтқым келеді. Әжемнің өзін көргендей болдым. – «Үйдің жақсы болмағы ағашы­нан, жігіттің жақсы болмағы наға­шы­дан» дейді біздің қазақ. Қордай жақта «Ән тыңдасаң Қасыққа бар, қыз алсаң Қасықтан ал» деген сөз айтылады екен. Әлжан анамыздың әншілігі, әзіл­ге ұсталығы, айтқыштығы жайында біраз жазылған. Анаңыз жайында да өз аузыңыздан естігім келеді. – Не айтайын? Кім айтса да анасының қадір-қасиетін жеткізіп айта алар ма? Меккеге үш рет арқалап апарып келсең де ана парызы өтелмейді дейді ғой. Мен көп қазақтың балалары сияқты әкенің ісінен үлгі алып, оның қаталдығына шыдап, ана­ның тәрбиесімен өскен баламын. Әкем күндіз-түні жұмыста, мен анамның жанындамын. Анамның мені жанындай жақсы көретінін білетінмін. Сол шексіз ана махаббатына оранып өстім. Баланы анасы шын сүйіп өсірсе, ол бала бақытты боларына мен сенемін. Баланы жалдаған әйел емес, анасының өзі тәрбиелегенін ұнатамын. Сондай бала дұрыс жолдан таймасына сенемін. Өзі қарапайым, сауа­ты жоқ адам болса да өмірден үйренгені, көрген-білгені көп анам әр уақытта көз алдымда, жүрегімді елжіретіп тұрады. Қиын шешімдер қабылдар кезде түсіме кіріп, ақыл беріп кетеді. Менің анам Әлжан Жатқанбайқызы 1910 жылы туған. Құжаттағы 1905 жыл қате жазылған деп өзі айтып отыратын. Мен негізі анама тартқанмын. Нағашы­ла­рым да осындай дөңгелек жүзді болған екен. Теміртауда жұмыс істеп жүргенімде анам қонаққа келіп, «Сені көрсем Бөлеген ағам көз алдымда тұра қалады. Өң-түсің де, қимылдарың да аумай қалған» деп көз жасын бір сығып алған еді. Бөлеген нағашым колхоз басқарған, аупарткомда істеген кісі екен. 1937 жылы «халық жауы» ретінде ұсталып кетіпті. Анамды еске алғанда кейде қиялдап отырып, ойлаймын ғой: ол кісінің жасы жүзге жетсе осы кезге дейінгіні көруі мүмкін еді-ау, тоқсанға жетсе елдің есейгенін, баласының Арқада жаңа астана сал­дырып жатқанын көрер еді-ау, тіпті сексеннен сәл асса да тәуелсіздік таңы атқанына куә болар еді-ау деп. Анам 1977 жылы дүниеден өтті. Менің ат жалын тартып, азамат болғанымды ғана көрді. Аз күн ғана ауырып, ағайын-туғанына ама­натын айтып, жүріп кете берген. Менің шетелден әкелген жеп-жеңіл қо­ңыр тоным бар еді. Соны Гүлжан келініне беріп, «Енемнен қалған көзі еді деп киіп жүрерсің», депті. Келіні: «Қойыңыз, әлі-ақ осы тонмен талай қонаққа барасыз» десе, айтыпты: «Тілімнің сайрап тұр­ға­нына алданып қалмаңдар, дайындықсыз бол­маңдар. Дүниеде болжаусыз нәрсе үшеу: толғақ болжаусыз, қонақ бол­жау­сыз, өлім болжаусыз. Ажал айтып келмейді, айла таптырмайды. Алды сайран, арты ойран дүние осы», деп. Осылай кесек-кесек кесіп сөйлейтін, тіліп айтатын адам еді. – Анаңыздың еті тірілігі, өткірлігі Қаскелеңнің аудандық ауруханасында болған тосын жағдайдан да көрінеді. – Ол жағдай ана жылы өзіңнің газетіңде жазылды ғой. ДӘЙЕКТЕМЕ: «Әсіресе, Әлжан апа Нұрсұлтанын қалай толғатып босанғанын жыр ғып айтатын көрінеді. Ол былай болыпты. «Сұлтаныма тура жеті күн тол­ғат­тым. Тамақ іше алмаймын, әл-дәр­ме­нім таусылған. Шамалғанда перзентхана жоқ, аудандық аурухана Қас­келеңде. Әбіш арбаны жегіп, үстіне жат­қызды. Ол кезде тас жол жоқ, кедір-бұдыр, шиқылдап шұңқырға түс­кен сайын жаным көзіме көрінеді. Әй­теуір, ауруханаға жеттік-ау. Дәрігерлер жүгіріп жүр. Бір еңгезердей еркек келді де, «босандыру керек, болмаса өліп кетеді» деді. Сөйтсе, бала ісініп кеткен, әрі салмағы 5 килоға жуық екен. Сонд