• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
21 Тамыз, 2017

Үй мен күйдің үйлесімі

525 рет
көрсетілді

Қоғамның әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық дамуының алғышарты ретін­де адамдардың әл-ауқаты мен денсау­лы­ғының сапасын салыстыра отырып бағалау үрдісі әлемде алғаш рет 1974 жылы Канаданың денсаулық сақтау министрі Марк Лэйлондтың ресми баяндамасында айтылыпты. Бірақ, дәл қазіргі жағдайда бұл түсінік түбегейлі өзгеріп келеді...

Ал сол Лэйлондтың лебізінше, адам­ның дені сау болуы үшін мемле­кеттегі медицина саласының қарыш­тап дамуы жеткіліксіз болған. Әлеу­меттік фактор ретінде бұған қосымша қолжетімді білім алу, лайықты жұмыспен қамтылуы және қолайлы баспанаға қол жеткізу сияқты маңызды тетіктер ескерілуі керек екен. Өкінішке қарай деп айтсақ болады, қазір өткен ғасырдың жетпісінші жылдары емес, күнтізбеде 2017 жыл аяқталуға бет алды. Демек, жаңа әлемдегі жағдай өзгеріп, мемлекеттің экономикалық дамуына адамдардың әлеуметтік әлеуетінің де ықпалы азайды деген сөз. Технологияның дамуы, өндіріс пен сауданың автоматтандырылуы, жаппай цифрлы жүйеге көшу және жасанды ақыл-ой жемісін тұтынуға қол жеткізу адамның еңбегі мен өніміне деген сұранысты әлсіреткен сыңайлы. Басқаша айтқанда, әлемге адам керек болмай қалғандай әсер күшейе бастағандай. 

Тақырыпқа оралайық. Қазақстан­дағы тұрғындардың әлеуметтік қор­ғалуы дүние жүзіне үлгі ретінде ұсы­нуға болатындай жүйемен дамып отыр. Бұл сарапшылардың қорытындысы. Рас, әлеуметтік санаттағы жәрдемақы, төлемақы мен зейнетақының мөлшері алушының қажеттілігін толықтай қам­тамасыз етпеуі мүмкін, ол енді басқа әңгіме. Әрине, әлеуметтік қорғау тұр­ғысынан алғандағы сындарлы жағ­дайдың бірі – халықтың баспа­намен қамтылуына қатысты. Бақсақ, жаңарған әлемнің ешбір елінде тұрғындарды 100 пайызға жеке­мен­шік үймен қамтамасыз ету мүмкін емес екен. Және мемлекет те ондай мұрат ұстанбайды. Есесіне, әр тұрғынның басында панасы болуына жағдай жасайды. Ол жалға алу, муниципальды үйлерді көбейту сияқты іс-шаралар. Бірақ, пенде баласы үшін бұл да аз екен. Адам денсаулығы мен әлеуметтік жағдай арасындағы қарым-қатынасты зерттеп жүрген ғалым Ләззат Спанқұлова «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебі бойынша Шығыс Еуропадағы дүние­ден өткен 240 000 адамның арасын­дағы 48 000 марқұмның ажалы тұрғын үй мүмкіндіктеріне байланысты бол­ған­дығы анықталған...» деп жазады. 

Демек, отандастарымыздың баспаналы болуға деген ынта-талабы мен мемлекеттің мүмкіндіктер шегіндегі жағдаймен құрылыс жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарды қолжетімді үймен қамтамасыз етуге деген саясатынан айналып кетпейсің бе?

...Өзімізді өзіміз баспанамен қамтамасыз етуге деген талабымыз да оң болып тұр. Мысалы, алып мегаполис – Алматы қаласының аумағынан жеке баспана тұрғызушылар қатары жылдан жылға көбейіп келеді. Соның бірі біз едік... Айтпағымыз ол емес, жапа-тармағай жаңа құрылыс жүргізген адамдарға қарап тұрып қуанасың, қорқасың да. Қорқыныштысы, жұрт қолына іліккенмен үй тұрғызып жатыр. Әрине, қалтасына лайықтап, көрпесіне қарай көсілу заңды. Бірақ, көптеген үй сәулетті былай қойғанда, қауіпсіздік қағидаттарына тіптен сорпасы қосылмайтын санатта тұрығызылып жатыр екен. Мысалы, ұзақ жылдар бойы осы салада жұмыс істеген кәсіби құрылысшы-инженердің байқауынша, жеке үйдің шатырынан бастап, өрескел қателік жіберілуде. Маман айтады: «Төбеге салынатын көлбеу ағаштың арасы 40-50 сантиметрден аспауы керек, ал оны 60 см мен 1 метр етіп қойғанды көзім көрді. Белдеу тіректің қалыңдығы 20-30 см болуы керек қой, жоқ оны 12-15 см етіп қоя салуда. Әрине, материалдың бағасында айырма бар, 1000-2000 теңге шамасы. Бірақ оған мән бермейді. Өйткені, жұрттың көбі үйді салып біткен соң косметика жасап, сатып жіберуге асық...». Дәлел ре­тінде, «Крыша» сайтын ақтарыңыз, Алма­ты маңында сатылатын жер үйден көз сүрінеді, көбі әлгіндей әдіс­пен жылдам салынбағанына кім кепіл?

Иә, үйдің болуы – күйдің болуы деген қағидаға сүйенген дұрыс. Бірақ, сана сұранысының тасасында сапа белгісі қалып қоймауы керек. Бұл ғалымның тұжырымы. Про­фес­сор Ләззат Спанқұлованың пайымдау­ын­ша, «тұрғын үй сапасы табиғат­тың қолайсыз жағдайларынан қорғау­шы ғана емес, адамның денсау­лық жағ­дайын елеулі дәрежеде айқын­дай­тын фактор. Үй мен күйдің үйле­сім­ділігі адамның өміріне үлкен әсер етеді...».  Өз үйіңде және үйлесімде өмір сүргенге не жетсін! 

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»