Павлодар облысы – еліміздің солтүстік-шығысында орналасқан қойнауы кенге толы, шежіресі шырайлы, топырағы құнарлы мекен. Бұл өлкеден ұлтымыздың небір марқасқа ұл-қыздары шыққан. Жалпақ жұрты Ертістің кемерін жалдай қонып, Баян тауының сұлу сипатын бойына сіңірген. Соңғы жылдары облыс экономикасының өсу серпіні ілгерілеп келеді. Тек биылғы жылдың алғашқы тоқсанында өңірлік өнімнің көлемі 491,5 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 105,6 пайыздық көрсеткішке ие. Ал, ІЖӨ мөлшері жан басына шаққанда 649,7 мың теңге болса, қысқа мерзімді экономикалық индикатор өткен жылмен салыстырғанда 106,2 пайызға көтерілген.
Өнеркәсіп өнімдерінің көрсеткіші жылдың алғашқы алты айында 988,2 млрд теңгені құраса, кен өндіру өнеркәсібі 183,5 млрд теңгенің өнімін өндірген. Оның ішінде – көмір өндіру көлемі 37,0 млн тоннаға жетіп, өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 636,4 млрд теңгені құрапты.
Сол сияқты электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауаны баптау саласы бойынша өндіріс көлемі 161,4 млрд теңгеге иек артса, облысқа тиесілі электр стансалары сағатына 23,0 млрд кВт энергия өндіріп, жылу энергиясын өндіру ісі 8174,2 мың гкалдық нәтижеге жеткен.
Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші бес жылдығы шеңберінде облыс көлемінде индус-трияландыру және кәсіпкерлікті қолдау карталары бойынша 1,1 трлн теңге инвестиция тартылып, 35 жоба іске асырылып жатыр. Нәтижесінде жаңадан 8377 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бағдарламаны ішінара талдап, тарқатар болсақ инвестиция көлемі: үшінші жоба шеңберінде 637,5 млрд теңге, 32-ші жоба «Павлодар облысының кәсіпкерлігін қолдау» картасы бойынша 470,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылы 11 жоба іске қосылыпты. Алдағы 2017-2024 жылдары 655,4 млрд теңге мөлшерінде инвестиция тартылып, 24 жобаны іске қосу жоспарлануда.
Ел экономикасының тағы бір тетігі құрылыс саласы да даму үстінде. Биылдың алғашқы алты айында жүргізілген құрылыс жұмыстарының көлемі 77,0 млрд теңгені құрап, облыс бойынша барлығы 108,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Сол сияқты өңір экономикасына инвестиция тарту ісі де ойдағыдай. 2017 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында облыс экономикасына 178,6 млрд теңге инвестиция тартылып, сыртқы сауда айналымының көлемі өткен қаңтар-мамыр айларында 1115,2 млн АҚШ долларын құрап отыр. Соның ішінде экспорт – 684,5 млн АҚШ долларына, импорт – 430,7 млн АҚШ долларына жетіпті. Сауда балансының сальдосы 253,7 млн АҚШ доллары шамасында.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 6,2 пайызға өсіп, 41,5 мың бірлікке жеткен. Тек осы жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасын іске асыруға 4,1 млрд теңге бөлінген. «Моноқалалар мен ауыл кәсіпкерлерінің жаңа бизнес бастамаларын қолдау» бағдарламасы шеңберінде 705 жоба мақұлданып, оған 21,6 млрд теңге қарастырылған. Екініші бағыт – «Экономиканың басым секторлары мен өңдеуші өнеркәсіп салалары қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлерді қолдау» шеңберінде 883 жоба мақұлданып, оған 99,1 млрд теңге көлемінде қаржы ойластырылуда екен.
Көлік және байланыс қызметіне келер болсақ: 2017 жылдың қаңтар-шілде айларында көлікпен жүк тасымалдау көлемі (теміржолды есепке алмағанда) 72,4 млн тоннаға жетіп, жолаушылар тасымалының айналымы 6,2 пайызға артқан. Облыс автожолдарын жөндеуге және күтіп-ұстауға жергілікті бюджеттерден 9797,9 млн теңге бөлінген. Ал байланыс қызметінен түскен кіріс 7,6 млрд теңгеге жетсе, бөлшек сауда айналымы 177,5 млрд теңгенің төңірегіне тұрақтаған.
Ағымдағы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша мемлекеттік бюджетке 125,3 млрд теңге салықтар мен басқа да міндетті төлемдер түскен екен. Бұл көрсеткіш өткен жылдағы осы кезең жоспарына қарағанда 105,9 пайыздық басымдыққа ие. Жоғарыдағы салықтар мен міндетті төлемдердің 63,3 млрд теңгесі республикалық бюджетке, 60,0 млрд теңгесі жергілікті бюджетке аударылып отыр.
* * *
Облыс күндерінің аясында қолға алынған ауқымды шараның бірі – елордалықтар үшін арзандатылған бағаға ауылшаруашылық өнімдерін саудалау ісі. Бұл үрдіс бұған дейін де көптеген облыстар тарапынан жалғасын тапқан болатын.
Кереку өңірінің басқа өлкелерден артықшылығы, мұнда ауыр өндіріс орындарымен қатар, ауылшаруашылық саласы да жақсы дамыған. Жыл басынан бергі алты айда облыстың ауылшаруашылық жалпы өнім көлемі 59,7 млрд теңгеге жеткен.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ораз Дүзденбаев мырза: «Дәл қазір 0,43 мың гектар аумақтың картобын жинап, 1101,3 мың гектар шабындықтың шөбін шауып, одан 596,3 мың тонна пішен, 36,6 мың тонна пішендеме дайындап үлгердік. Өйткені, бізде 61,1 мың бас жылқы, 453,8 мың бас ірі қара, 582 мың бас қой, 81 мың бас ешкі түлігі бар», дейді.
Елордадағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне республикаға танымал өнім өндірушілер – «Рубиком» ЖШС, «Жана Роса» АҚ, «КЭММИ» ЖШС, «Ақжар - Өндіріс» ЖШС, «РЭГТайм» ШҚ, «Крендель» ЖШС, «Зерноград» ЖШС, «Галицкое» ЖШС, «Шарбақты Құс» ЖШС, «Победа» ЖШС, «Ақтоғай Агро» ЖШС, «Байет и К» ЖШС сияқты кәсіпорындар өздері өндірген тауарларын алып келіпті.
Мұнда жалпы сомасы 150 млн теңгеден астам 435 тонна көлемінде өнімдер жеткізілген. Оның ішінде 45 тонна ет және ет өнімдері, 200 тонна картоп, 90 тонна көкөніс, 100 тонна басқа да ауылшаруашылық өнімдері әкелінген.
Сатылымдағы тауар құны Астана нарығындағы орташа бағалардан да төмен. Мысалы, сиыр етінің килосы – 1250 теңге, жылқы еті – 1500 теңге, қой еті – 1150 теңге, құс еті – 600 теңге болса, сары майдың килосы – 950 теңге, жұмыртқаның 10 данасы – 170 теңге, макарон өнімдерінің 1 килосы 140 теңге, өсімдік майының 1 литрі 380 теңге, ал картоптың килосы – 80 теңгеден, сәбіз, қызылша – 100 теңгеден, орамжапырақ 50 теңгеден сатылды. * * *
Кереку өңірі қашаннан сал-серілер мен ақын-жыршылар елі. Атақты әнші-сазгер Естай Беркімбайұлы, Жаяу Мұса, Майра Уәлиқызы, ақын-жыршы Иса Байзақов, Сұлтанмахмұт Торайғыров деп кете береді. Осы дүлдүлдердің ізін жалғап өлкенің өнері де өркендеп келе жатыр. Қазіргі таңда облыс көлемінде 547 мәдениет мекемесі, соның ішінде: 279 кітапхана, 237 клуб, 17 жылжымалы мәдени кешен, 10 мұражай, 2 театр және облыстық филармония жұмыс істеп тұр.
«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасы аясында ұлттық салт-дәстүрлерімізді, тілімізді жаңғырту жұмыстары іске асырылуда. Жыл сайын тілдік мәдени-туристік кластер ретінде ұйымдастырылып келе жатқан «Тіл керуені» биыл да өз жалғасын табуда», дейді облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқармасының басшысы Гүлзира Бәшірова ханым. Мәдени шара барысында керекулік ағайындар «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде «Ертіс – қимақтар өзені» атты көрме ұйымдастырды. Мұндағы жәдігерлердің дені Қимақ қағанаты жайлы сыр шертетін дүниелер екен. Қимақ қағанаты – Шығыс және Орталық Қазақстан жерінде ІХ ғасырдың аяғы мен ХІ ғасырдың басында өмір сүрген мемлекет. Ұлыстың орталығы Ертістің орта алабында болғандықтан, павлодарлықтар сол ұлыстың мұрагері дейтін құрметті мәртебеге ие.
Көрмеге Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі облыс аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған артифактілерді әкеліпті. Олардың арасында 2001 жылы Павлодар облысы Май ауданы «Қызыл еңбек» ауылы маңында жүргізілген қазба кезінде табылған қимақ жауынгерінің темір сауытының қалдықтары, 1959 жылы Ақтоғай ауданы «25 октябрь» ауылы маңына жүргізілген қазба жұмыстарында табылған қимақ ханзадасының ақ күмістен қаңылтырлап жасалған мұрағын (бас киімін) көрдік. Мұрақтан басқа күміс айнаның сыртқы қорғаныс-қабы және көр-кешенде бірге көмілген жылқылардың күміс әбзелдері де сөреден орын алыпты.
Төрт-бес жылдың алдында Екібастұз ауданы жерінен табылған қимақ дәуіріне тән бас сүйекке Мәскеуде антропологиялық зерттеулер жүргізіліп, оны қалпына келтірген еді. Осы «Қимақ жауынгерінің» мүсін-бейнесі және 1980 жылдардың басында Железинка ауданынан табылған қола қазан, VII-VIII ғасырға тән скиф-сармат дәуірінің сүйектен жасалған мұрасы − үзеңгі мен тарақты көзіміз шалды.
Сонымен қатар, Павлодар қаласында орналасқан Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі де өлкеге танымал тарихи тұлғаларға қатысты экспонаттардан көрме әкеліпті. Мұнда діндар-шайыр Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің өзі қолданған бойтұмары мен Мәшекеңнің әкесінен қалған көк Құранның мұқабасы, Естайдың «Юран-ай» әнін зерттеуші Борис Ерзакович қағаз бетіне түсірген нұсқасы, Майра Уәлиқызының ертеректе нотаға түскен әні, Алаш ардагері Жүсіпбек Аймауытовтың қалта сағаты мен қолданған сызғышы арыстың бүгінге жеткен көзіндей ыстық тартса, ақын Иса Байзақовтың «Алтай ертегілері» атты туындысының қолжазбасы мен ақынның өзі пайдаланған күміс шәйнек, Қазақстанның халық жазушысы Дихан Әбіловтің әскери планшеті мен марапаттық орден-медальдарының лентасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қалижан Бекхожин қолданған мәрмәр ыдыстарды көріп, көзайым болдық.
Мереке аясында өткен келесі шара – көркем туындылар мен қолөнершілер көрмесі. Солардың бірі – «Хан Шатыр» сауда орталығының қасындағы Көшпенділер қалашығында өткен «Дәуірлермен ұштасқан туған жер» атты фотосуреттер көрмесі. Барлығы 35 туынды қойылған. Бұлар әкелі-балалы фотосуретшілер – Александр және Дмитрий Пархоменколардың жұмыстары. Суреттерде тек қазақ ұлтына тән нақыштар бар. Атап айтқанда, 1980 жылдары Баянауылда өткен республикалық ауылшаруашылық жәрмеңкесі кезінде түсірілген: «Бәйге», «Қазақша күрес», «Алтыбақан» және соңғы жылдар туындысы «Тоқымашы», «Кестеші», «Аналар», «Бүркітші», «Шашу», т.б. тақырыптық суреттер қойылыпты.
Бұдан басқа елорданың сол жағалауындағы «Nas Sanat» өнер галереясында «Халық рухының жерұйығы» атты облыстық көркемсурет музей қорынан әкелінген суреттер көрсетілімі өтті. Бұл жұмыстардың дені 1960-80 жылдары салынған көркем туындылар. Тақырыптық мазмұны да әртүрлі. Картина авторлары – Александр Бабина, Кәкен Темірғалиев, Михаил Калмагоров, Өсербай Шуранов, Әнуар Игембаев, Тұрар Төлеев, Зура Асылғазина, т.б. Барлығы 60 туынды көрме төріне ілінсе, осылардың 10-ы мүсін, 20-ы графика.
Ал, «Этноауыл» қалашығында ұйымдастырылған қолөнершілер көрмесін екібастұздық есімі елге әйгілі шебер Зылиха Төлегенова апамыз бастап келген екен. Жасы сексеннің сеңгіріне иек артқан қарт ананың қолынан шыққан оюлы жабдықтар мен сырмалы көрпе-кілемшелер көненің көзіндей ыстық. Апамыздың жолын жалғастырып кестелеу өнерін өрге сүйреуші қыз-келіншектер Ләззат Әніш пен Гүлнәр Сартымбекова жұқа киіз, жұмсақ мақпал, түкті пүліш, ши барқытқа жібек жіппен кес-телей ою-өрнек салып, өзіндік қолтаңбаларымен ерекшеленсе, абстрактілі картина салумен танылған жас дарын, 2016 жылы Әбу-Дабиде өткен халықаралық фестивальдің қатысушысы Алтын Атееваның «Өнермен емдеу», «Жібек жолы», «Ғасырлар сыры» және т.б. жұмыстары жаңа дәуір сұранысына тән көркем дүние екені анық.
Ағаштан ою ойып, түйін түйетін алтын қолды азаматтардың айлап-апталап жасаған сәнді бұйымдары – самырсын астау, ағаш кесе мен бүтін қарағайды үңги шауып, сәнді өрнекпен бәдіздеген саз аспаптарының (домбыра, қобыз, т.б.) қабы шын шебердің шынайы еңбегі іспеттес. «Ағаштан аспап һәм басқа да бұйымдар жасау ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан төл өнеріміз», дейді қарт шебер, байырғы теміржолшы Қуандық Баязит мырза. Бүгінде бұл іспен баласы Ернар екеуі айналысып жүр. Жеке шеберханалары да бар. Сол сияқты ағаштан кәдесый жасаумен танымал Қайыр Рахымжанов пен Болат Нұрышевтың еңбегі − дүмді басын күмістеген қолтоқпақ, былғары торсық, алақандай ағаш сандықшалар расында сәнді.
Өте қымбат тұратын табиғи һәм өңделген асыл бұйымдар – інжу, гематит, амманит, көк моншақ, ақық тас, родониттерді былғары бұйымға шекіте жапсырып сәндік кәдесый жасаушы Виктория Сұлтанова мен Ольга Ловинаның ептілігіне еріксіз бас шайқадық. Көрменің ажарын ашып тұрған тағы бір дүние – байырғы көшпенділердің қару-жарақ түрлерін жасайтын ұсталардың бұйымы. Сайд Сағындықов өз қолымен – қозыжауырын, көбебұзар, үш қырлы, доғал жебе, айыр жебе, т.б. түрлерін жасап әкелсе, Мақсұтбек Көпжасаровтың қолынан шыққан жылқы жабдықтары да жаман емес. Сонымен қатар, Ж. Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театры Қ. Жүнісовтің «Ғашықтар хикаясы» атты лирикалық комедиясын қойса, Чехов атындағы облыстық орыс драма театры Б.Сологубтың повесі бойынша «Беда от нежного сердца» спектаклін сахналады.
* * *
Мәдени күндер барысында «Қазанат» ипподромында аударыспақ, теңге алу, көкпар, тоғызқұмалақ, жамбы ату, тас көтеру сынды ұлттық спорт түрлері бойынша қызықты шаралар өтіп, көпшілік бүркіт және аңшы тазыларды тамашалады. Бұл жолғы тойдың басты ерекшелігі – қазақша күрес 23 жасқа дейінгі балуандар арасында өтіп, бас жүлдеге ие болған маңғыстаулық балуан Нұрдәулет Жарылғапов бәске қойылған жеңіл көлікті тақымдады. Сонымен қатар, Сапаркелді Әбдірашев бастаған марафоншылар Павлодар – Астана арасындағы 450 шақырымды жаяу жүгіріп өтіп, 20 тамыз күні түскі сағат 12.00-де «Этноауылға» жетті.
Бекен Қайратұлы, Суреттерді түсірген Ерлан Омар, «Егемен Қазақстан»