• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
15 Қазан, 2011

«Адамгершілік құндылықтан асқан байлық жоқ»

502 рет
көрсетілді

Тарихи шежіремізде айтулы оқиғалары­мен ерекше құнды мәдени жобалар аз емес десек, солардың ішінде ауқымы жағынан бұ­рын-соңғы ешбір шараны қайталамайтын Рухани келісім күнін халқымыз он сегіз жылдан бері атап өтіп келеді. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында мерекенің тойға тартар шашулары өзгеше сипатта көрініс таппақ. Соған орай, біз Парламент Сенатының депутаты, халықара­лық «Рухани келісім конгресі» қоғамдық қорының президенті Төлеген Мұхамеджановты әңгімеге тартқан едік. – Өткен жылы елордада өткен Бүкіләлемдік рухани мә­де­ниет форумы сіздің идея­ңыз­бен жүзеге асқан көрінеді. Тәу­ел­сіз Қазақ елінің атын әлемге әйгілеуде үлесі мол ша­раның биылғы бағдар­ла­ма­сы­нан жұрт­тың назарын ауда­рарлық тағы қандай сыйлар күтіп тұр? – Форумның келесі алқалы оты­рысы 2013 жылы Қазақ­стан­да өтеді деп жоспарлануының өзі көп жәйтті аңғартса керек. Егер әңгімемізді Рухани келісім күні мейрамы қайдан бас­тау алады, ол қаншалықты бү­гін­гі қо­ғамымызға керек деген сұрақ­тардан өрбітсек, Тәуелсіздіктің бір жылдығы аясында, 1992 жылы Ал­ма­ты қаласында І Дү­ниежүзілік рухани келісім конгресін өткізген бо­ла­тынбыз. Міне, осы шара бары­сын­да есімі елге танымал біраз мәде­ниет қайраткерлері Мемлекет бас­шы­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың аты­на хат жолдадық. Онда көп­эт­носты, көпконфессиялы мемлекетімізде бей­бітшілік пен тұ­рақтылықтың кепілі дерлік ме­рекенің қажеттігі ту­ралы бас­та­маны алғаш рет көтеріп, Рухани келісім күнін атап өтуді ұсын­дық. Елбасы бұл ойымызды қол­дағандықтан, соңғы 16 жыл­дан бері жылдың дәл осы мезгілінде – 16 қа­зан күні Рухани келісім күні ретінде аталып өтілуде. Биылғы жылы Рухани келісімге байланысты 20 жылдық бағдарлама­ны насихаттайтын   «Ру­хани  мәде­ниет – әлемді жа­ңартудың кілті» атты халық­ара­лық ғылыми-прак­тикалық конференция өтпек. – Оған атақты адамдардан кімдер елімізге қонақ болып келгелі жатыр? – Бұл шараға   БҰҰ құ­рамын­дағы Дін жетекшілерінің Бүкіл­әлемдік ке­ңе­сінің бас хатшысы Бава Джейн, атақты гол­ли­вуд­тық киножұлдыз Арманд Ассанте,  КСРО халық әр­тісі, Ресей мемлекеттік Думасының депу­таты Иосиф Кабзон,  Мәскеудің экс-мэрі Юрий Лужков сынды   та­ны­мал тұлғалар, саясаткерлер, ға­лым­дар, оқытушылар қаты­сады деп күтілуде. Меймандар арасында Жапония мен Австрия, Алмания мен Түркия, Қытай мен Грузия, Ресей мен Америка сынды бірталай елдерден мәдениет пен өнер қай­рат­кер­лері жиналмақ. Мұндай шақы­рыл­ған қонақтардың жал­пы саны елуге жуық. – Тәуелсіздік рухына ар­нал­ған шаралардың ішінен бөле-жарып қайсысын ай­рықша атар едіңіз? – Қазақстандағы  бейбіт өмір мен өзара достық байланыс­тар­дан көп тағылым түйіп, форумнан ерекше шабытпен кеткен америкалық Арманд Ассантенің Қазақстан туралы «Даламен тілдесу» атты деректі киносының тұсаукесері болады. Бұл фильмде Голливуд жұлдызы еліміздегі «Невада–Семей» қозғалы­сы­на, ұлттар арасындағы та­ту­лық пен бірлікке жан-жақты тоқ­талып, өзі та­ны­ған елдің арай­ланып атқан әрбір таңы тыныштықпен өріліп жатқа­нын баяндап өтеді. Деректі туын­ды­да саяси-қуғын сүргін құр­бан­дарын ақ­тап алу барысында ат­қарылған қо­мақты іс-шараларға ерекше орын берілген. Бұл ки­но­ны әсіресе, шетелдерде көр­се­ту­дің маңызы өте зор деп есеп­тей­мін. Арманд Ассантенің осы дү­ниесін қазанның 6-сы күні Америка жұртшылығы қы­зыға тамашаласа, көрсетілімі 20 минөтке созылатын кино со­ны­мен қатар өз телеарна­ла­ры­мыз­да 18 қазан күні қазақ және орыс тілдерінде көрерменге жол тартпақ. Өткен жылы Бүкіләлемдік ру­хани мәдениет  форумына қа­тыс­қан әлемдік көшбас­шы­лар­дың ой-орам­дарынан тұратын кітаптың да осы күндерде тұ­сауы кесілмек. Кітап үш тілде жа­рық көрген. Мұндағы  бейбітшілік пен мейірімділікке, сали­қалы да сындарлы саясатқа берілген бай­ламдар мен ба­ғам­дар легі оқыр­манның жан-дү­ние­сін баурай түсеріне күмән жоқ. – Өзіңіз айтып отырған осы мейірімділікке қатысты биыл қандай іс-шаралар өт­кізуді көз­деп отыр­сыз­дар? Қай­ырымды­лық астарын ұй­ымдастыру туралы баста­ма­ңыз көп­тің қол­дауына ие бо­лып, біраз қо­ғам­­дық ұйымдар жалғастырып алып кеткен еді. Осыған бүгінде елорда­да­ғы үкіметтік емес ұй­ымдар, отандық жастар ұйым­дары, журналистер қауымдас­ты­ғы мен «Атамекен» кәсіп­керлер ассоциациясы ба­рынша қол­дау көрсетіп отыр екен. Осы туралы айтып өтсеңіз. – Бұл күні  әрі мерекелік, әрі қай­ырымдылық дастарқанда­рын жаю бастамасы ел тарапы­нан кең қолдау тауып кеткені қуа­нарлық оқиға, әри­не. Мұн­да­ғы мақсат, отандас­тары­мыз­дың жүрегіне мейірім отын жа­ғумен шектелмеу, елді бірлік пен та­тулыққа үндейтін осынау қа­сиет­терді қадірлей білудің өзі көп­теген замандастарымыздың бойына отан­шыл сезімді ұяла­татынын жұрт­қа жеткізу бо­ла­тын. Осындағы әр адам әр­дайым: «Біз бір мемлекеттің тұр­ғындарымыз! Тұтас бір ха­лықпыз!» деген ойды көкірегіне тоқыса, елдегі татулыққа шү­кір­шілік етер жайымыз бар. Құ­дайы көршісінің үйінде не бо­лып жатқанына алаңдамайтын адам болмайды. Сол секілді туыс­тары­мыз­бен, отандастары­мыз­бен тату-тәтті өмір сүрсек, бір-бірімізге керек кезінде кө­мек қолын созуды ұмытпасақ, адам­гершілік құндылықтарды бар­лық байлықтан жоғары ба­ғаласақ деген қағидаға келіп саяды бұл отырыстар.   Сон­дық­тан да конференция жұмысына қатысушы делегаттар мен қа­зақстандық азаматтар осы күні дін орындары мен сәулетті ны­сандарға бас сұғып, бір-бірінің үйіне мейман болып түссе, өз­ара хал-жағдай сұрасып, ыстық ықылас білдіріп жатса, одан артық не бар? Қазақта сөз бар ғой: «Өле жегенше бөле же» деген. Сол айтқандай, біз өз үйі­мізде көйлегіміздің көк, тама­ғы­мыздың тоқ болғанына тоқ­мейіл­сімей, өзгенің де қайғы-мұңын бөлі­сіп, қажетінше кө­ме­гімізді беріп отырғанымыз жөн. Міне, сонда ғана ұлтаралық  татулыққа қол жеткіземіз, дін­ара­лық шиеленістің  алдын ала­мыз. «Ырыс ынтымақты елге ор­найды» деген қанатты сөзді әрдайым есте сақтап, ынтымақ пен бірлікті уағыздаудан тал­мауымыз керек. – Биылғы  «Рухани келісім кү­нін жалпыхалықтық дәс­түр­ге ай­нал­дыру керек» деген бастамаңыз ел тарапынан қол­дау табуда. Мұ­ның ра­сын­да келешекте жалпы­ха­лық­тық мерекеге айналарына сенесіз бе? – Мен мұның солай бола­ры­на нық сенемін. Өйткені, ол бейбітшілік әнін жырлайтын жоба болған­дық­тан, мұны кім-кім де қарсы­лық­сыз қабыл­дай­ды деп ойлаймын. Осы­ған дейін мұндай қайырым­ды­лық аста­рын ұйымдастырғанда кө­бі­не шет­елдік, нақтылап айтқанда аме­рикандық кәсіпкерлер кө­мек­тесіп, демеушілік жасаса, биыл отандық кә­сіп­керлер мен қоғам­д­ық ұйымдар тізе біріктіріп отыр. Бұл – өте құп­тарлық жайт. – Олардан кімдерді атап өткен болар едіңіз? – Биылғы демеушілердің ал­ғаш­қысы болып   Астанадағы «Рик­сос» қо­нақ үйі танылды, олар  жайған ортақ дастарқан басына 250-300 адам  ша­қы­рылмақ.   Адам баласына көп нәр­се­нің қажеті жоқ,   бір-бірімізге деген  жылы қабақ, ықылас пен ақ ті­лек­тің өзінен асқан ешқандай құр­мет те, сыйластық да жоқ деп білемін. Өйткені, рухани келісім дегеніміз елдегі мамыра­жай берекелі тір­ліктің кепілі.  Сондықтан Рухани келісім күні болып белгіленген 18 қа­зан  біздер үшін  бірлік пен қайы­рым­­дылықтың, жақсылық пен гүл­денудің мерекесі ретінде жал­пыха­лық­тық мереке болып тарихта қалса деймін. Бұл мереке әсіресе, көңілі досына қашанда ағыл-тегіл, дархан пейілді қазақ баласына өте-мөте керек той, бірлігі мен тірлігі жарасқан елдің ертеңі үшін өмірге осын­дай дәстүрлердің келіп қосылуы заң­дылық.

Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.