Тайпейде өтіп жатқан ХХІХ Жазғы универсиаданың тоғызыншы жарыс күнінде қазақстандық жеңіл атлет Сергей Григорьев сырықпен секіруден 5 метр 50 сантиметрді бағындырып, күміс жүлде жеңіп алды.
Бұл сында алтын медаль португалиялық атлет Диого Феррейраға бұйырды. Оның көрсеткіші – 5,55 метр. Ал үздік үштікті 5,40 метр нәтижемен италиялық спортшы Клаудио Стеки түйіндеді.
Сонымен, бүгінгі күнге дейін Қазақстан құрамасының қоржынына 3 алтын, 5 күміс және 6 қола жүлде түсті. Жалпыкомандалық есепте біздің спортшы студенттер 14 медальмен 17-ші орында келеді.
Бұл сында Жапония құрамасы көш тізгінін берер емес. Қазіргі уақытта Күншығыс елі студенттерінің еншісінде 78 медаль бар (30 алтын, 20 күміс және 28 қола). Оңтүстік Корея спортшылары 71 жүлдемен (27, 18, 26) екінші орында тұр. Ал үшінші сатыға табан тіреген Тайвань құрамасының қоржынында 67 медаль бар (18, 28, 26).
Кеше Тайпэйдегі студенттер сайысында өнер көрсеткен бір топ қазақстандық спортшы елге оралды. Олардың арасында Жазғы универсиаданың чемпиондары зілтемірші Денис Уланов, Айдар Қазов және Альберт Линдер болды. Спортшыларды Алматы әуежайында қарсы алған жанкүйер қауым ел намысын лайықты қорғаған жеңімпаздар мен жүлдегерлерге лайықты қошемет көрсетті.
«Өзімнің көрсеткен өнеріме көңілім толды. Жарысқа жүлде аламын деп нық сеніммен барып едім», деді БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Альберт Линдер.
Сонымен қатар, Универсиададан алған әсерімен сайыстың күміс жүлдегері, таеквондошы қызымыз Жансел Дениз де бөлісті. «Менің финалдағы қарсыласым өте мықты спортшы болды, өзі Азия чемпионы. Шешуші жекпе-жекте тәжірибе таразы басын тартып кетті. Дегенмен, мен өзім үшін көптеген жаңалық аштым. Бұл Универсиада сынында алған тәжірибем болашақтағы жеңістеріме баспалдақ болады деген сенімдемін», деді Түркияда туып, өзінің тарихи Отанына оралған ержүрек қыз.
Ертең ХХІХ Жазғы универсиада өзінің мәресіне жетеді.
Қайрат ӘБІЛДА, «Егемен Қазақстан»