Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев аталған облыстың Астана қаласындағы күндері аясында өткен аймақ ақын-жазушыларының шығармашылық кездесуі мен «Тұлға. Тәуелсіздік. Тарих», «Жаһан таныған жеті тұлға» атты кітап көрмесінің тұсаукесерінде осылай деп атап көрсетті.
Ұлттық академиялық кітапханада өткен кездесудің мақсаты тәуелсіз еліміздің бірегей жеңісінің, халықаралық аренадағы жетістігінің бірі, төрткүл дүние көз тіккен дүниежүзілік басты оқиға – ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қолдау көрсету. Осынау айтулы оқиғаға орай, оңтүстікқазақстандық қаламгерлер астаналық оқырман қауыммен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын талқылап, сыр-сұхбат құрып, ой бөлісті.
«Рухани жаңғыру – болашақтың кепілі» атты іс-шараға бас қаладан мейман ретінде белгілі тұлғалар Оразкүл Асанғазы, Ғарифолла Есім, Мырзагелді Кемел, Қалқаман Сарин, Гүлғайша Сағидолла қатысса, күнгейлік рухани топтың басы-қасында Еркінбек Тұрысов, Мархабат Байғұт, Ханбибі Есенқара, Әселхан Қалыбекова, Бақытжан Алдияр, Дәурен Айманбетов және Мұқағали Кенжетайұлы болды. Кешті ақын Қабылбек Төретай жүргізіп отырды.
Жиында сөз бастаған облыс басшысы Жансейіт Түймебаев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жайлы ойын білдіріп, тұсауы кесіліп отырған кітаптар көрмесіндегі әрбір шығармаға ерекше тоқталып өтті.
«Біз кезінде ерікті, еріксіз алыстап кеткен өз рухани құндылықтарымызға қайта оралып жатқан жұртпыз. «Рухани жаңғыру» соның көрінісі. Қазіргі кезде рухани жаңғыру аясында әдебиет мәселесіне қатысты өрелі ойлар ортаға салынып жатыр. Әрбір өңір үшін әдеби ортаның шығармашылық әлеуетін көтеру оларға тың серпін береді. Аймақта түрлі республикалық деңгейдегі мереке, айтулы күндерге орай, сондай-ақ, өлкені таныту мақсатында да түрлі кітаптар шығарылып тұрады. Бүгін тұсауы кесілгелі отырған екі кітап соған дәлел», деді ол.
Сонымен, «Жаһан таныған жеті тұлға» кітабы жайлы толығырақ тарқатсақ, оның өзі бөлекше бітімді, мазмұны мен маңызы өзгеше туынды. Онда жан-жақты таныған, күллі жер жүзі кемеңгерлер ретінде мойындаған, адамзаттың, әлемдегі мерейлі мемлекеттердің тағдыры мен тарихында теңдессіз рөл атқарған және атқарып келе жатқан жарқын да жасампаз тұлғалар бейнеленген. Жеті алып та – айрықша алыптар, қайталанбас құбылыстар. Олар: Нұрсұлтан Назарбаев, Джордж Вашингтон, Махатма Ганди, Уинстон Черчилль, Мұстафа Кемал Ататүрік, Шарль Де Голль және Ли Куан Ю. Кітапта «Ғибрат ғұмыр үздіктері» деген тақырыппен титан тұлғалардың әрқайсысына мәнісі терең мінездемелер берілген. Әрине, олардың ортасынан ойып тұрып орын алған Ұлы Дала перзенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырудағы қиын да күрделі кезеңдерден жол тауып шыққандығы айрықша баяндалады. Авторы Абай Ескендіров 656 беттен тұратын бұл кітапты 4 жылда жазып шыққан.
Ал «Тұлға. Тәуелсіздік. Тарих» – «Личность. Независимость. История» кітабы үш бөлімнен тұрады. Аталған туындыдағы «Ордабасыға оралу» деген алғашқы бөлімде Елбасының қасиетті мекенге табан тірегені туралы толғанатын тұстар жан-жақты қамтылған. Кітаптың екінші бөлімінде Елбасымыздың шетел басшыларымен оңтүстіктегі кездесулері сәтті суреттерімен әңгімеге арқау болған. Ал үшінші бөлімде Мемлекет басшысының өңірге 1991 жылдан басталған сапарлары жан-жақты баяндалады. Басылымға таяудағы оңтүстік өңіріне жасаған сәуірдегі сапары да енгізіліп отыр. Кітап екі тілде шыққан.
Айгүл СЕЙІЛ, «Егемен Қазақстан»