• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
01 Қыркүйек, 2017

Тозақтан қашқан тұтқындар

677 рет
көрсетілді

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Кеңес одағының әлемдік саясат пен экономикада ықпалы артты. Соғыс кезінде көмек қолын созған елдерге айрықша қол­дау көрсету шарасы қолға алынды. Осы бағытта КСРО басшыларының назарына ілінген мемлекеттің бірі – Моң­ғолия. Өйткені, бұл ел соғыс жылдары қызыл армияға көмек ре­тінде 1942 жылдың ақпан айында – Внешторгбанк арқылы 2.5 млн төгрег, 100 мың америка доллары, 300 келі алтын (3 815 725 рубль) қаржыға «Революционная Монголия» («Т-34» маркалы 32, «Т-70» маркалы 21 танк) атты танк колоннасын қызыл армияның 112-ші бригадасына сыйласа, 1943 жыл­дың сәуір айында 25,3 млн төгрегтің азық-түлігі және 12 дана «Ла-5» жойғыш ұшағы бар «Монгольский арат» эскадрильясын сыйлады. 

Осыдан кейін Кеңес елі­нің басшысы Сталин Моң­­ғолияға экономикалық қолдау көрсету мақсатында 1947 жылы «Наушки-Ұлан­батыр бағытында темір ­жол құрылысын салу туралы» бұйрыққа қол қойды. Жұмысты ұйымдастыру үшін Ішкі істер министрлігі «ота­нын сатқандардан» жа­сақталған «505-ші» түрмені құрды. Бұған жазасын өтеп жатқан 80 мың адам тартылып, темір жол құрылысын басқаруға тәжі­рибелі инженер генерал-ма­йор Ф.А.Гвоздевский та­­ға­йындалды. 80 мың тұт­қынның көбі соғыста не­­містің қолына түскен ке­ңестік солдат-офицерлер болса, соның 3000-ы таза власовшылар. 

Осы тұтқындар арасын­да Кеңес Одағының Батыры атағын алған адамдар да бар. Бұлардың көрген қиындығы өз алдына бөлек әңгіме. Түрмеден қашып шық­қандар да болыпты. Олар Ресей-Моңғол шекарасын бөліп жатқан Қан­ғай-Саян тауларының ну ор­ма­нын паналап өмір сүр­ген. Соңғы жылдары осы қаш­қын-батырлар туралы шетелдік басылымдарда жазылып жүр...

Бұғауды бұзған – Утомцев

Петр Утомцевтің туған же­рі Рязань облысы. 1941 жы­лы 19 жасында майданға шақырылып маршал Ро­коссовский басқарған 16-шы армия сапында Мәскеуді қор­ғауға қатысқан. Генерал В.Родимцев басқарған 13-ші армияның 112-ші дивизиясында барлау- шы болған. Кейін полковник Солочуб басқарған дивизияның автоматшылар ротасын бас­қарып, Сталинградты азат ету майданында 48 күн қор­шауда болып, содан тірі шыққан 13 адамның бірі. Осы ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Соғыс кезінде Утомцевтің ерлігі туралы майдан газеттерінде өте көп жазылған. 

Утомцев 1944 жылдың басында Белоруссияның Гомель қаласы маңында жа­ралы күйінде немістердің қо­лына түседі. Бабельсберг ла­герінде тұтқында болған оны біреулер танып бұл «Ста­линградтың атақты ба­­ты­ры» екенін жеткізеді. Не­­містер батырды жеке кү­тімге алады. Онымен қоймай Гер­манияның беделді басылымдары «Атақты батыр Петр Утомцев өз еркімен фю­рер үшін қызмет етуге ке­лісті» деген мақаланы бат­ырдың фотосымен қоса жа­риялайды. 1945 жылы Ке­ңес әскери трибуналы не­містерден босап шыққан Утом­цевті өлім жазасына ке­седі. Артынан жоғарғы сот үкімді 25 жылға алмас­тырады. Ол 1948 жылы 505-шілер сапында Моң­ғолияға келеді. Оны фа­шистердің «Зондер командасында» қызмет еткен на­ғыз сатқындар тобына қо­сады. Оларға көрсетілген азапты ауызбен айтып жет­кізу қиын. Адам өлімі жетім лақтың құнындай...

Бір күні қасында екі адам­мен бірге Утомцевті күзетші солдаттар орманнан саңырауқұлақ теруге алып шығады. Осы сәтті пай­даланып үшеуі қашады. Қасындағы екі адамның бірі патшалық Ресей офицері екен. Оған қуғыншылар оғы тиіп өледі. Екінші власовшыны аю жеп қояды. Орманда жалғыз қалған Утомцевті қолға түсіру үшін бірнеше дүркін арнайы жасақ жіберілген. Олар ешқандай нәтиже шығара алмаған. Бұл өз алдына үлкен әңгіме.  Утомцевтің кейінгі өмірі Моң­ғол елінің Селенге ай­ма­ғында өткен. 1959 жылы жалғызбасты моңғол әйелге үй­ленген. 1960 жылы туған Аюуш атты баласы қазір Ұлан­батыр қаласында тұ­рады. Осы ұлының айтуы бо­йынша әкесі Петр 1970 жыл­дың соңында дүниеден өтіпті. 

Сұрмерген Сусаев

Сусаев 1942 жылы Смо­­ленск маңында болған шайқаста ерен ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры ата­ғын алған. Өз полкінің маңдайалды мергені атан­ған ол 1943 жылы абайсыз­да немістер қолына түс­кен. Кейбір деректерде атақ­ты мерген Зайцев пен Су­саевты қолға түсіру үшін не­містер арнайы жасақ жұм­сағаны жөнінде айтылады. Сусаев 1945 жылдың қаң­тар айына дейін Биркнау ла­герінде тұтқында болып, кеңес әскері босатқан соң 248-ші атқыштар дивизиясында мергендер қатарына қайтадан қосылған. Праганы азат етуге қатысқан. 

Соғыс аяқталып туған жері Қалмақияға оралады. Кешікпей атақты мерген Сусаев «сатқындар» қата­рынан табылып 25 жылға сотталды. 1948 жылы Моң­ғолияда құпия ашылған уран өндірісіне айдалады. Құпия кеніште 12 мың «сат­қын» солдат күндіз-түні жұмыс істеп тірідей азапталады. 1950 жылы осы кеніштен мерген Сусаев қашып кетеді. 

Күүле хан тауында бе­кін­ген оны 1951 жылы қол­ға түсіру үшін 500 әскер аймақты бүтіндей қоршап алып, дауыс зорайтқышпен «өз еркіңмен беріл, тиіс­пейміз» деп жар салады. Су­саевтан жауап болмаған соң әскерилер оны ұстау үшін шеп құрып аттана­ды. 10 күннің ішінде 30 шақ­ты солдатынан айы­рылған ізкесушілер іздеуді тоқтатады. 1952 жылы Кеңес елінен арнайы дайындалған 30 чекист Сусаевты қолға түсіру үшін Күүле тауына келіп бекінеді. Екі апта қашқынның ізіне түскен чекистердің 14-і жер жас­танады. 1953 жылы мұздай қаруланып ізіне түскен 300 жасақты тағы жусатады.  Амалы таусылған үкімет айлаға көшеді. 1954 жылы мәскеулік Катерина атты чекист әйелді жергілікті орыс бағбан Климовтың Ресейде тұратын туысының қызы есебінде үйіне әкеліп орналастырады. Катерина ала жаздай жалғыз өзі ән салып жүріп таудан жеміс тереді. Оны алыстан бірнеше ай бақылаған Сусаев бір күні таудан түсіп әнші әйелге жолығады. Уақыт өте келе бауыр басады. Кезекті бір кездесуге уәделескен сәтті пайдаланып әбден ысылған 12 мерген тұзақ құрады. Сусаев өте қауіпті адам бол­ған­дықтан, мергендерге кез келген жерде атуға бұйрық беріліп қояды. Сусаев осылайша қаза табады.

Қарасақал Машуз

Жоғарыдағы атақты «505»-­тен қашып шығып аман қалған адамдардың бі­рі – Машуз. Ол 1903 жы­лы Мәскеуде туған. 1925 жылы офицерлер мек­тебін тәмамдап, Бело­руссия жерінде әскери мін­де­тін орындап жүріп, фин соғысына қатысқан. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Машуз батальон командирі екен. Со­ғыс­қа бастан-аяқ қатысқан. Бірақ жеңістен кейін оған «майдан шебінде жүріп власовшылармен құпия байланыс жасады» деген жала жабылып «сатқын» ретінде «505»-тің құрамында Моң­ғолияға айдалған. 

Темір жол құрылысында жүріп ебін тауып қашып шыққан. Шекара асып орыс жеріне өтіп алып, «505»-ке «Моңғолиядан қашып шыққан Машуз Новосібірде жүк тиеген вагон үстінен қашып бара жатып, құлап қаза тапты» деп телеграмма жіберіп үлгереді. Өзін «өлдіге» жатқызғаннан ке­йін қайта айналып Моңғол жеріне өтіп, жалғыз өзі ор­ман ішінде өмір сүреді. Жергілікті жұртпен аралас-құралас байланыс жасайды. Бағалы аң терілеріне азық-түлік айырбастайды. 

Бір күні Машуз жер­гі­лікті «атамандармен» тайталасып жүріп біре­уін өлтіріп ала­ды. Сөйтіп Моңғолия заңы­мен 15 жыл­ға соттала­ды. Түрмеде жү­ріп қасында­ғы моңғол достарына өзінің кім екенін және бастан өткен өмір тарихын айтып берген көрінеді. 1990 жылы Ұланбатырда «Қарасақал Машуз» атты шағын кітапша жарыққа шықты.

Газель немесе «Майор асуы»

Соғыстан кейінгі АҚШ-КСРО текетіресіне себеп болған дүниенің бірі – атом қаруы. Кеңес одағы атом қаруын жасау үшін қажет уран өнімдерін моңғол даласынан да тасыды. Сондай кеніштің бірі – Кентей аймағы жеріндегі Мандал шахтасы. Осында «сатқын-тұтқындар» еңбек еткен. Олардың жұмыс күні 12-14 сағат. 

Бір күні тұтқындар тұр­­мыс­тың ауырлығына ша­ғымданып, басшылыққа хат жолдайды. Оны апарып бе­ру қатардағы тұтқын, Ке­ңес Одағының батыры майор Газельге жүктеледі. Батыр-тұтқын шағымхатты табыстау үшін штабқа барады. Осы жерде оңбай соқ­қыға жығылады әрі на­мысқа тиетін ауыр сөздер ес­тиді. Ашуланған батыр кү­зетшінің мылтығын жұ­лып алып, бақылаушы солдаттармен атысады. 

Газель соғыста мерген­дер ротасын басқарған әрі «Ворошиловтың же­ке мергені» деген атақ ал­­ған даңқты жауынгер екен. Күзетшілерді жусатып салған майор Газель ор­ман­ға сүңгіп жоқ болады. Ар­тынан чекистер қаншама жыл іздесе де табылмайды. Қысқасы өлдіге санап қойған тәрізді. Бірақ Газель өлмеген. Екі ел шекарасы маңындағы биік асуға бекініп алып жата берген. Кейін жергілікті моңғолдармен араласып өмір сүрген. Халық Газель бекінген асуды әлі күнге дейін «Майор асуы» дейді. 

Бекен Қайратұлы, «Егемен Қазақстан»