Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысы өтті. Отырысты, регламентке сәйкес, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин жүргізді. Ол алтыншы шақырылымдағы Парламенттің үшінші сессиясын ашып беру үшін сөзді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-бабына сәйкес алтыншы шақырылымдағы Парламенттің үшінші сессиясын ашық деп жариялаймын, деп бастады сөзін Президент. Баршаңызды жаңа парламенттік маусымның басталуымен құттықтаймын! 28 маусымда Сенат депутаттарының сайлауы өтіп, Парламенттің жоғарғы палатасының құрамы жаңарды. Жаңа сайланған халық қалаулыларын да қызметтерімен құттықтап, табыс тілеймін!
Біз биыл жаңғырудың жаңа көкжиектерін ашып, іргелі процестерді жүйелі түрде жүзеге асыруға кірістік. Жаңғыру үрдісі негізгі үш сала – экономикалық, саяси және рухани бағыттар бойынша өрбуде. Бұл реформалардың негізінде біз «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы мақсаттарымызға жетеміз. Елдегі тұрақтылық пен тыныштықтың, татулық пен бірліктің арқасында дәйекті түрде барлық биіктерді бағындырып келеміз.
Көзделген жұмыстардың қарқынды, әрі жүйелі атқарылуына Парламенттің де қосқан үлесі зор, деп жалғады сөзін Елбасы. Өткен сессияда біршама жемісті жұмыс жасалды. Парламент қоржынындағы 111 заң жобасының 84-і қаралып, қабылданды. Қазір олар күшіне еніп, еліміздің игілігіне қызмет етуде. Олардың қатарында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң ең негізгі, біз үшін өте қажетті, маңызды екенін білесіздер.
Депутаттардың белсенділігі де жоғары деңгейде, сіздердің бастамаларыңызбен бір жылда 15 заң жобасы дайындалды. 17 үкімет сағаты мен 7 парламенттік тыңдау аясында билік тармақтары маңызды мәселелер бойынша қоян-қолтық жұмыс істеді. Қос палатаның жалпы отырыстары мен Үкімет сағаттарының онлайн режімде өтуі Парламенттің жұмысын ашық әрі халыққа қолжетімді ете түсті.
Президент өзінің сөзінде үшінші сессияда осы жақсы үдерістерді жалғастырып, қарқынды әрі сапалы жұмыс істеу керек екенін атап көрсетті. Алдымызда талай сүбелі шаруалар тұр, деді осыған орай Елбасы. Басталған келелі істерді әрі қарай да заңнамалық қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, жан-жақты жаңғырудың мәні мен мақсатын елге жете түсіндіріп, оған халықты жұмылдыру да басты міндеттердің қатарында. Депутаттар өзге билік тармақтарымен және халықпен тығыз жұмыс істеп, ел сенімін ақтайтынына кәміл сенемін. Барлықтарыңызға табыс тілеймін.
2017 жыл Қазақстан үшін ерекше маңызға ие, деп жалғастырды сөзін Президент. Саяси тұрақтылық пен қоғамдық консенсустың арқасында, жоғарыда айтып кеткеніміздей, біз үш базалық сала – экономиканы, саясатты, сананы жаңғыртуға кірістік.
Біріншіден, Жолдауда технологиялық, инфрақұрылымдық жаңғыртудың жаңа кезеңіне серпін берілді.
Екіншіден, конституциялық реформа билік тармақтарының дәл тепе-теңдігін қалыптастырды.
Үшіншіден, біз рухани жаңғырту мен ұлттық сананы жаңартудың үдерістерін кең көлемде жүргізе бастадық. Іс жүзінде осы үш бағыт қазақстандық жаңғыртудың жүйелік триадасы болып табылады.
Алайда, мұндағы қиын мәселе сол, біздің жаңғыртуымыз айтарлықтай күрделі жаһандық жағдайда жүріп жатыр. Әлемді бұрынғысынша тынышсыздық билеп тұр. Державалар арасындағы үнқатысу санкциялық саясатпен ілесе жүруде. Өңірлік жанжалдар да толастар емес. Деструктивті идеологиялар өзінің ықпалын кеңейтуді жалғастыруда. Оның үстіне, жаңа мүмкіндіктермен қатар, тәуекелдерді қоса әкеле жатқан тотальды цифрландыру да күш ала түсуде. Осының барлығы жаңғырту уақытының есебі жылдап емес, минуттап жүретінін білдіреді. Қазақстан міндетті түрде үлгеруі тиіс. Мен мұны еңсере алатынымызға сенімдімін.
Мемлекет басшысы бүгін Парламент өзінің жұмысын жаңа жағдайларда, палаталар да, Үкімет те, қосымша өкілеттіктерге ие болған кезде бастағалы отырғанын, демек бұл жауапкершіліктің де жүгі ауырлай түсетінін білдіретінін атап көрсетті. Практикалық міндеттер, бірінші кезекте, атқарушы билікке жүктелетіні белгілі. Үкімет жыл сайынғы Заң жобалау жұмыстары жоспары шеңберінде көптеген заң жобаларын негізгі жасаушы болып қалып отыр. Сонымен бір мезгілде Парламент депутаттары да заң шығаруда барынша көбірек бастамашылық таныта бастады. Мен мұны оңды құбылыс деп санаймын, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент бұл жерде мәселеге қашанда тар ведомстволық немесе өңірлік мүдделер тұрғысынан емес, жалпы мемлекеттік мүдде тұрғысынан келу керек екеніне назар аударды. Соңғы кездері заң шығармашылық үдеріс ашығырақ бола түсті. Парламенттік тыңдаулар өткізіліп тұрады, жобаларды талқылауға сарапшылар, азаматтық қоғам және БАҚ өкілдері тартылып жүр. Соған қарамастан, азаматтар әркез құлағдар емес, өздерінің заңдардан туындайтын құқықтары мен міндеттерін білмейді. Сондықтан түсіндіру жұмыстары ерекше назар аударуды қажет етеді. Қазақстандықтар заңнамалық жаңалықтардың барысынан құлағдар болуға толықтай құқылы. Бұл туралы мен судьялар съезі мен ҚХА сессиясында айтқан болатынмын, деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Осы маңызды жұмысқа барлығы – Үкімет, Парламент, мемлекеттік аппарат, сарапшылар қоғамы қатысулары тиіс, деп жалғастырды сөзін Мемлекет басшысы. Қабылданатын заңдарды түсіндірудің үйлестірушісі – Әділет министрлігі. Осы жерде атап көрсететін жайт: бүгінде биліктің барлық тармағынан жауапкершілік пен үйлесімділік талап етіледі. Біздің заңдарымыз барынша бәсекеге қабілетті, прагматикалы болуы тиіс және аса жоғары стандарттарға жауап беруі керек.
Президенттің атап көрсеткеніндей, Қазақстан қазіргі таңда бірқатар маңызды стратегиялық міндеттердің қарсаңында тұр. Парламент, Үкіметпен бірлесе отырып, Ұлт жоспарын, Жолдауды және тұтастай алғанда, барлық қабылданған бағдарламаларды қамтамасыз ету бойынша мүмкіндіктерді толықтай пайдалануы тиіс. 2018 жылы қоғамды рухани жаңғыртуға байланысты бірқатар бағыттар бастау алатын болады.
Біріншіден, біз қоғамдық сананы жаңғырту бойынша жұмысты бастадық. Сондықтан біз жат әрі ескірген догмалар шеңберінде қалып қоймауымыз керек. Біздің өзімізге тән бай тәжірибеміз, құндылықтарымыз бен даму жолдарымыз бар.
Мәдениет саласы ерекше маңызға ие, сондықтан аталған саладағы заңнаманы жетілдіру талап етіледі. Осы орайда Елбасы заң жобалау жұмыстарының жоспары бойынша алғаш рет «Кинематография туралы» заң қабылданатынын атап өтті. Бұл жерде отандық киноиндустрияны одан әрі дамытудың тұжырымдамалық негіздерін айқындау керек. Сонымен қатар, қоғамдық сананы жаңғырту этносаралық қарым-қатынастарды реттеумен де байланысты. «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу талап етіледі, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент, келесі кезекте, мемлекет пен діннің қарым-қатынасын жетілдіру қажеттігін айта келе, заңнамалық база қоғамның дін саласындағы кез келген деструктивті қызметінен қорғауды қамтамасыз етуі тиіс екеніне, тұтастай, қоғамдық сананы жаңғырту қазақстандықтардың прагматикалық, бәсекеге қабілетті, ашық жаңа буынына жол ашатынына тоқталды.
Екіншіден, экономиканың өсімін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет. Атап айтқанда, мультипликативті әсер беретін салаларды қолдаған жөн. Мұның ТКШ, агроөнеркәсіптік кешен, туризм, көлік, логистика және геологиялық барлау салаларына қатысы бар. Мәселен, су және жылумен жабдықтауды жаңғыртудың өзі орасан қаражатты қажет етеді. Инвесторлар мен халықаралық қаржы институттарын тарту үшін ТКШ және тариф қалыптастыру салаларындағы заңнаманы жетілдіру керек. Бұл осы саладағы тұтынушылар мен табиғи монополия субъектілерінің мүдделерін теңдестіруге мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, мемлекет-жекеменшік әріптестігін жетілдіру бойынша жұмысты жалғастыру керек, деді Президент.
Елбасы үшіншіден, биыл Парламенттің қарауына жаңа Салық кодексінің жобасы енгізілетінін көлденең тартты. Біз салық саясатын едәуір жақсартуымыз керек және бизнестің «сұрғылт» сызбаларсыз ашық жұмыс істеуін ынталандырғанымыз жөн. Сонымен қатар, тиімсіз жеңілдіктер мен артықшылықтардан бас тартып, салықтық әкімшілендіруді оңайлату қажет. Ағымдағы сессия барысында кеден заңнамасын жаңарту міндеті тұр, деді Мемлекет басшысы.
Төртінші. Бұрынғыдай тікелей инвестиция тартуға және экспорттық өндірісті ынталандыруға үлкен маңыз берілуде. Сондықтан арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар жөніндегі заңнамаларды жақсартқан жөн. Жолдауда қаражатты нақты экономикаға дейін жеткізудің тетіктерін жетілдіру бойынша міндет қойылды. Квазимемлекеттік сектордағы сыртқы және ішкі займдарға егжей-тегжейлі мониторинг және бақылау жасау қажет. Депутаттарды осы саладағы заңнамалық жұмысты жүргізу ісі күтіп тұр.
Президент бесінші кезекте қаржылық реттеуші ретінде Ұлттық банктің превентивті режімде жұмыс істеуі қажеттігін уақыттың өзі көрсеткенін атап айтты. Демек, оған банктерді бақылау үшін заңнамамен көбірек мүмкіндіктер берген жөн. Бұл жеке банктердің қызметінің күйреуіне, соңынан мемлекеттің есеп айырысуына тура келетін жағдайларға жол бермеу үшін қажет. Сондай-ақ, бизнесті дамыта отырып, біз саламатты бәсекелестікке жағдай жасауымыз қажет. Яғни, бағалық және тарифтік, оның ішінде сату мен сатып алудағы сөз байласуларды анықтау және жолын кесу жөніндегі құқықтық тетіктерді жақсарту керек, деді Мемлекет басшысы.
Алтыншыдан, бүкіл әлемде сақтандыру – азаматтарды әлеуметтік қорғаудың маңызды жағы, ал сақтандыру ұйымдары – ірі инвесторлар. Біздің елімізде де сақтандыруды дамытып, сақтандыру қызметтерінің деңгейі мен қолжетімділігін көтеру қажет.
Жетіншіден, дәрі-дәрмектер айналымы да маңызды әлеуметтік мәнге ие. Осы саладағы баға өсуінің алдын алатын шаралар қажет. Сондықтан да, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар айналымын реттеп отыру керек. Қазақстандықтардың қолжетімді, сапалы және қауіпсіз дәрі-дәрмекті пайдалануға құқықтары бар. Бұл бизнес қана емес – бірінші кезекте, ол әрбір адамның денсаулығы, ұлт саулығы.
Сегізіншіден, соңғы уақыттары цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері айрықша көкейкесті бола түсті. Ұлт жоспарында ақпараттық қоғамды дамыту жөнінде нақты міндеттер қойылған. Заң жобасы сіздердің қарауыңызда жатыр. Бірақ оның екінші жағы да бар. Тек соңғы үш жылда ғана интернетте құқыққа қарсы контент 40 есе өсті. Демек, бізге сенімді «Қазақстанның киберқалқаны» қажет. Біз оны жасауды кейінге қалдыра алмаймыз. Еліміздің, мәдениетіміздің, өз құндылықтарымыздың мүдделерін қорғау қажет. Бұл – қауіпсіздік мәселесі.
Оның сыртында қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі айрықша назар аударуды талап етеді. Саланы дамыту үшін тиісті министрлік құрылды. Министрліктің өз жұмысын толыққанды жолға қоюына жағдай жасайтын заң жобасы үстіміздегі жылы Парламентке енгізілетін болады. Оны шұғыл түрде қабылдау қажет, деді Президент.
Құқық қорғау жүйесіндегі реформаларды одан әрі жалғастыру арқылы қылмыстық процесті жаңа деңгейге шығарып, құқық қорғау органдарының жұмысын халықаралық стандарттарға жақындату қажет, деп атап өтті Елбасы. Азаматтар мен бизнеске әкімшілік қысым жасау проблемасы бұрынғысынша өткір күйінде тұр. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс нормалары көптеген жағдайда қысым жасау тетігі ретінде қолданылады. Ал ол кәсіпкерлікке кедергі келтіруде. Үкімет әзірлеген түзетулер азаматтар мен бизнеске жасалатын қысымды барынша азайтатын болады. Бұл түзетулерді жыл соңына дейін қабылдау қажет.
Оның сыртында бизнес ортаны жақсартуға, бақылау-қадағалау функцияларын қысқартуға, бизнестің кемшіліктерін төмендетуге бағытталған заң жобасы дайындалды. Оны да ағымдағы сессия шеңберінде қараған жөн. Заңдардың орындалуына бақылау жасауға назар аудару қажет. Бұл жұмысқа, өз өкілеттіктері шеңберінде, депутаттық корпус та атсалысуы керек.
Парламенттің, бүкіл елдің алдында үлкен де жауапты жұмыстар тұр деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. Кең ауқымды міндеттер мен шешімдер – ол, іс жүзінде, біздің 2017 жылдың жаһандық сын-қатерлеріне қайтарған жауабымыз. Жаңғырту ісі бүкіл күш-жігерді жұмылдыруды талап етеді. Жаңа жағдайларда заң шығарушы және атқарушы тармақтар сындарлы қызметтестікте болуы тиіс. Көптеген жағдайда ортақ ісіміздің табысты болуы осыған байланысты.
Халқымыз Ел бірлігінің арқасында қай кезде де алдына қойған биік мақсаттарының бәріне жетіп келеді. Сіздерге елде түбегейлі жаңғыртуды заңнамалық қамтамасыз етудің зор абыройлы міндеті жүктеліп отыр. Сондықтан, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жемісті жұмыс істейтін боламыз. Баршаңызды кезекті парламенттік сессияның ашылуымен құттықтай отырып, қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Істеріңіз ілгері болсын, деп аяқтады сөзін Президент.
Президент Н.Назарбаевтың сөзін бірлескен отырысқа қатысқандар зор ынтамен тыңдап, аяқталғанда қоштау білдіріп қол соқты. Отырысты жүргізген Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Президенттің заңнамалық билікке берген тапсырмаларының мүлтіксіз орындалатынына депутаттар атынан сенім білдіріп, жиынды жапты.
Сонымен алтыншы сайланған Парламент өзінің үшінші сессиясының жұмысына кірісті.
Лебіздер легі
Гүлмира ИСІМБАЕВА, Мәжіліс Төрағасының орынбасары:
– Президент өзінің сөзінде біздің экономикалық, саяси және рухани бағыттар бойынша жүргізіп жатқан реформаларымыз елімізді дамыған 30 елдің қатарына енгізу мақсатына жеткізетінін атап өтті. Еліміздегі тұрақтылық пен тыныштық, татулық пен бірліктің арқасында дәйекті түрде барлық биіктерді бағындырып келеміз. Болашақта да осы құндылықтарымызды сақтайтын болсақ, біздің алар қамалдарымыз әлі де көп және соның бәріне қол жеткіземіз деп сенемін, деді ол. Сонымен қатар, Елбасы халықтың тұрмыс-ахуалын жақсарту мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Халқымыздың әл-ауқатын арттыру басты міндетіміз, дей келіп қазіргі озық елдердің деңгейіндегі ахуалға жету үшін Парламенттің алдына үлкен міндеттер жүктейтінін айтты. Ал депутаттардың алдында «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын», бағдарламалық құжаттарды іске асыратын шараларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ететін сапалы заңдар қабылдау міндеті тұрғаны ескертілді. Сонымен бірге Елбасы мемлекеттік бюджет шығындарын тиімділікпен пайдалануға назар аударды.
Ұлттық сананы көтеруге бағытталған рухани жаңғыру бағдарының халық арасында қатты қолдау тапқанын айта келіп, Президент осы жұмысты жандандыра түсуді қалайтынын жеткізді. Өзіміздің тарапымыздан біз Елбасының алдымызға қойған міндеттерін толықтай орындаймыз деп айта аламын. Оған Мәжілістің барлық әлеуеті жетеді деп санаймын.
Ерболат МҰҚАЕВ, Сенат депутаты:
– Президенттің өз сөзінде мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын қатаң қадағалау керектігі туралы Үкіметке ескерткені әбден орынды. Өте қымбат медициналық жабдықтарды алғызып, бірақ оларды қолдана алмай тастаған жергілікті басшыларды сынады. Сонымен қатар мемлекеттік бюджеттің қаражатына өте қымбат балабақшалар тұрғызып, оларды бассейн сияқты артық дүниелермен жабдықтағандар сын тезіне алынды. Барлық дамыған мемлекеттерде балабақшалар шағын, көп қабатты үйдің астыңғы қабатындағы 3-4 пәтерден ғана тұрады, ал оны мемлекет пен жекеменшіктің бірлесуімен ашуға болады. Ал бізде мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігі туралы бағдарлама орындалмай жатыр, деп Елбасы атап көрсетті. Сонымен қатар жергілікті шенеуніктердің жекеменшіктің бастамашылдығын қолдамай, керісінше, олардан неше түрлі мін тауып, дамуына кедергі келтіретін фактілердің орын алып отырғаны айтылды.
Салық кодексіне байланысты болашақта енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы айтқаны да ұнады. Шынында, табысты көп табатындар салықты көбірек төлеп, аз табатындар аз төлеуі керек қой. Бізде бәріне бір түрлі ғана ставка қолданылады. Осының өзі дұрыс емес екенін Елбасы нақты мысалдармен атап берді.
Жалпы айтқанда, Елбасының сөздері халықтың әл-ауқатын арттырып, мемлекеттің дамуына мүмкіндік туғызатын мәселелер.
Қуаныш СҰЛТАНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Президенттің сөздері әдеттегі дәстүрдей нақты-нақты міндеттерді көрсетіп, күткеніміздей айқын болып шықты. Ол біздің өткен сессиядағы жұмыстарымызға қысқаша шолу жасап, алдағы міндеттерге айрықша тоқталды. Соның ішінде экономикалық, саяси және рухани реформаларды жүзеге асыратын міндеттерді тереңдету қажеттігі туралы айтылды. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарының жұмысын реформалап, тиімділігін арттыру мәселелеріне айрықша мән берілді. Алдағы уақытта осы бағытта көптеген заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін білдік. Осы органдар қызметіндегі жауапкершілікті арттыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Олардың халықпен жұмыс істеуде өздерінің міндетін заң шеңберінде атқару қажеттілігі де атап өтілді. Халық өз құқын тек соттар арқылы ғана қорғауы керектігін ұғатын кез жеткені айтылды.
Ал енді Салық кодексіне түбегейлі өзгерістер енгізілетін болыпты. Ол енді халықтың әлеуметтік мәселесіне тікелей байланысты. Қазіргі кездегі ғаламдық күрделі экономикалық жағдай біздің еліміздің дамуына да кері әсерін тигізеді.
Елбасы Парламенттің рөлін көтеру мәселесіне де тоқталып, қабылданған реформалардың іске асуын талап етті. Президенттің 37 өкілеттігін Парламент пен Үкіметке берген конституциялық реформа өзінің тиімділігін халыққа көрсете білуі керек. Бұл өкілеттіктер Парламент пен Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін арттыру үшін берілгенін ол атап өтті.
Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ, Сенат депутаты:
– Елбасы өткен сессияның жұмысына тоқталғанда маңызды заңдардың қабылданғанын айтты. Конституцияға енгізілген өзгерістер туралы заң, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын» жүзеге асыруға заңнамалық негіз болатын заңдар және т.б. туралы жақсы лебізін білдірді. Енді алдымызда енгізілген осы конституциялық өзгерістерді іске асырып, өмірде қолдану міндеті тұр. Президент бізден осыны нақты талап етті. Елбасы Парламент пен Үкіметке берілген өзінің 37 өкілеттігі билік тармақтарының дербестігі мен жауапкершілігін арттыратынына сенім білдірді. Біз осы міндеттерді қалтқысыз орындауымыз керек.
Қаралатын заң жобаларын барынша ашық, қоғамның алдында талқылап жатқанымызбен, бәрібір жұмысымыздың барысы қоғамға толық жетпейді. Сондықтан халық арасында Парламент жұмысы туралы дүдәмал ойлар көп сияқты. Елбасы да өз сөзінде осыған назар аударды. Сондықтан, қабылданатын заңдар туралы халық арасына молырақ ақпарат таратып, олардың пікірлері мен ұсыныстарын ескеруіміз тиіс. Жаз айларында халық арасында болғанымызда да осы мәселелер біздің алдымыздан шыққан еді. Соның ішінде құқық қорғау саласындағы реформаларға байланысты заң жобаларымен халықты көбірек таныстыруымыз керек. Заңдарды талқылауға халықтың назарын аударып, қызығушылығын тудыра алсақ, тұрғындардың заң саласындағы біліктілігі де артар еді. Біз осы бағытта жұмыс істейтін боламыз.
Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»
Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды