• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
06 Қыркүйек, 2017

Жедел де қауіпсіз көлік жүйесі

568 рет
көрсетілді

Астана қаласы күннен-күнге көр­кейіп, қанатын кеңінен жайып барады. Қала үлкейген сайын көшелерде жүретін қоғамдық көлікке қойылатын талап та, сұраныс та еселей артып келе жатқандығы заңды.

Осыған байланысты қала әкімдігі қоғамдық көлік қатынасын дамытуды ұдайы назарда ұстап, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын көтеруге барынша басымдық беріп келеді. «Ақылды қала» әлемдік үрдісіне қосылған Астананың соңғы кезде жүзеге асырған ірі жоба­ларының бірі – «Интеллектуалды көлік жүйесі» (ИКЖ) болып табылады. Қала көшелерімен күн сайын 500 мыңнан астам көлік қатынайтын елордамыз үшін ИКЖ жобасы ауадай қажет.

Көлік кептелісі жиі болатын, тар жолдардың ұзына бойы автомашиналар қойылатын көлік тұрағына айналған елорданың көлік инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай қайта құру күн тәртібіндегі өзекті мәселе еді. Сондықтан елордада дамыған елдерде тәжірибеден өткен ИКЖ жобасын іс жүзіне асыру жұмысы қолға алынды. Өркениет әлемінде озық үрдіс болып саналатын бұл өміршең жобаны жүзеге асыру міндеті – «Typsa» атты испаниялық компанияға жүктелді. Бұл компанияны таңдау да тегін емес. «Typsa» компаниясы әлемнің 60 мемлекетінде осындай кешенді жобаларды жүзеге асырған болатын.

ИКЖ жобасының негізгі мақса­ты жол қилыстарындағы көлік қаты­насын оңтайландыру болып табылады. Ең бастысы, елордадағы көлік қатынасының жаңа жүйесі қоғамдық көлік қатынасына басымдық береді. Жоба толық іске қосылған кезде қа­ла көшелеріндегі қоғамдық көлік қатынасына барлық мүмкіндіктер жасалып, жолаушылардың ешбір кедергісіз жүріп-тұруына толық жағ­дай туғызылады. Жоба бойынша өздеріне бөлінген арнаулы жеке жолақтармен жүретін жедел автобус-тар қатары көбейеді. Басқаша айтсақ, қоғамдық көліктер көшелердегі көлік тасқынына тәуелді болмай еркін қатынайды. Барлық бағдаршамдар да олардың кідіріссіз қозғалысына негізделіп қайта жасалады. Осылайша бас қаламызда қоғамдық көлікке басымдық беру үшін барлық шаралар жасалуда.

Биыл маусым айы­нан бастап, елор­да көшелерінің 12 учаскесінде қоғамдық көліктің еркін қозғалысына арналған Bus Lane жолағы іске қосыл­ды. Олардың жалпы ұзындығы 37,5 шақырымды құрайды. Еске сала кететін болсақ, бұған дейін Bus Lane қоғамдық көлік жолағы қала көшелерінің 38,4 шақырымын құрайтын 11 учаскесінде іс жүзіне асырылған болатын. Сөйтіп, қазір Астана қаласы көшелерінде жалпы ұзындығы 75,9 шақырымды құрайтын арнайы кедергісіз қоғамдық көлік жолы қалыптасты. Bus Lane қоғамдық көлік жолағын енгізу автобустар маршруттарының жылдамдығын арттырып, уақытын қысқартуға мүмкіндік берді. Қазірдің өзінде, бұл жоба жол қозғалысы өте жоғары Қабанбай батыр, Сарыарқа, Тұран, Республика даңғылдарындағы, Бейбітшілік көше­сіндегі қоғамдық көлік қозғалы­сының тиімділігін арттырды. Сонымен бірге Bus Lane қоғамдық көлік жолағы жолдың ұзына бойына созылатын көлік тұрақтарын жоюға, рұқсатсыз қалыптасқан тұрақтардың қысқаруына әкелді.

Озық технологияларға негізделген ИКЖ жобасы Астанадағы көлік ағы­нының жылдамдығын да арттырды. Мамандардың айтуынша, бұрын қала көшелеріндегі көлік қозғалысының орташа жылдамдығы сағатына 20 шақырым болса, жоба іске асырыла бастаған 2017 жылы көлік қозғалы­сының жалпы жылдамдығы сағатына 30 шақырымға жеткен көрінеді. Астана қаласы жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердиновтің айтуынша, қала кө­шелеріндегі көлік қозғалысын оңтайландыруға ЭКСПО-2017 көрмесі өткізілетін мерзімде қала көшелерімен жүретін жүк автомобильдерінің қаты­насына шектеу қойылғандығы да игі әсерін тигізген екен. Осы ретте 2017 жылғы 7 маусымнан бас­тап қала көшелерімен жүретін жүк авто­мобильдерінің барлық түріне шектеу қойылған болатын.

Интеллектуалды көлік жүйесі қоз­­­ға­лысын жүзеге асыру әлемде басымдық берілген үрдістердің бірі болып табылады. Лондон, Мадрид, Абу-Даби сияқты ірі қалаларда іс жүзіне асырылған бұл жоба өзінің тиімділігі мен өркениеттілігін дәлелдеді. Қала халқының саны жыл сайын тұрақты түрде 50 мың адамға көбейіп отыратын Астана үшін көлік қозғалысының жаңа жүйесін қалыптастыру уақыт талабы болып табылады.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»