• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
07 Қыркүйек, 2017

Депутаттар ағаш отырғызды

755 рет
көрсетілді

Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының «Астананың жасыл белдеу» атты экологиялық акция өтті.

Іс-шараға Ассамблея Төрағасының орынбасары және Хатшылық меңгерушісі Дархан Мыңбай, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев, мәжіліс депутаттары және басқа да түрлі сала өкілдер қатысты.

«Астана – ел тәуелсіздігінің символы. Ал қаланы қоршап жатқан жасыл белдеу Елбасының сөзімен айтсақ, болашақ ұрпаққа қалдыратын біздің мұрамыз. Бұл орманды жасау үшін қаншама адам тер төкті. Сондықтан, олардың еңбегін құрметтеп, ағаштарды балаларымыз секілді әлпештеуіміз керек. Жасыл белдеу елге өнеге болуы тиіс», – деді Д.Мыңбай.

Оның пікірінше, қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмысқа жетпейтін бір нәрсе бар. Ол – бұқаралық ақпарат құралдарында жасыл белдеуді насихаттау. Осыған сәйкес, Ассамблея Төрағасының орынбасары барша медиа өкілдерін Астана орманын халыққа кеңінен насихаттауға шақырды.

Акцияға келген халық қалаулыларына Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев жасыл белдеу аясында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Оның айтуынша, алқапты қалыптастыру кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Елордаға жасыл белдеу қалыптастыру аясында 2025 жылға дейін 100 мың гектар жерге ағаш егу жоспарланған. Осыған сәйкес, 1998 жылдан бері 13,5 миллионнан астам көшет отырғызылыпты.

«Астананың жасыл белдеу» атты акцияның мақсаты – шаһардың орманды алқабының әлеуетін дәріптеу, өскелең ұрпақтың бойына еліміздің табиғи байлықтарына ұқыпты қарау дағдысын сіңіру, сонымен қатар, салауатты өмір салтын насихаттау.

Сондай-ақ, акция барысында қатысушылар мен қонақтар «Жасыл белдеуді қалпына келтіру және жасыл белдеудің екінші кезеңін жасау» жобасына сәйкес көшеттер отырғызды. Содан кейін, меймандар арнайы велошеруге қатысып, «Астана» велоклубының спортшыларымен кездесті.

Абай Асанкелдіұлы,

«Егемен Қазақстан»