Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатының арқасында экономикасы қалыптасқан, болашағы зор, халықаралық қоғамдастықта беделді елге айналуда. Еліміз әлемдік интеграция идеясының қолдаушысы тұрғысында танылып, көптеген халықаралық ұйымдардың белсенді және беделді мүшесі болуда. Соның бірі – Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ). Бұл мұсылман үмбетін әлемдік күш орталығы ретінде танытатын институционалдық құрылым. Аймақтағы қиындықтар мен қақтығыстардың, күрделі геосаяси қайшылықтардың, сондай-ақ батыс елдерімен арадағы шиеленісті жағдайдың болғандығына қарамастан Ұйымның даму әлеуеті айтарлықтай. Бүгінгі таңда ИЫҰ қауіпсіздіктің халықаралық құрылымының құрамдас бөлігіне айналып, әлемнің даму бағытына барынша ықпал етуде.
ИЫҰ өзінің мүше-мемлекеттерінің географиялық ауқымы жағынан әлемдегі БҰҰ-дан кейінгі екінші орынды иемденетін халықаралық құрылым. Әлемдегі барлық мемлекетаралық саяси ұйымдардың арасында ИЫҰ мемлекеттерді конфессиялық белгісіне қарай біріктіреді. Ал ИЫҰ мүше болудағы негізгі міндетті талаптардың бірі – тұрғын халқының басым бөлігінің мұсылман жамағаты болуы шарт.
Қазақстан мұсылман мемлекеттері қауымдастығында өзінің нақты орынын иемденген. Еліміз 2011 жылы Ұйымға төрағалығын табысты аяқтап, оның жаңа сатыға көтеріліп дамуына өз үлесін қосқан. Төрағалық барысында аймақтағы қауіпсіздік мәселесіне басымдық беріп, орын алған күрмеуі қиын қарама-қайшылықтар мен шиеленістерді шешуге нақты әрекеттер жасады. Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес аясындағы пікіралмасуды, ислами және еуропалық қауіпсіздік құрылымдары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға күш салды. ИЫҰ қауіпсіздік жөніндегі арнайы қарардың қабылдануына ықпал етті.
Мұсылман әлемі елдерінің тұрғындар санының өсуі және дәстүрлі ислами мәдениетті елдерден Еуропаға, Америкаға және әлемнің басқа да аймақтарына адамдардың қоныс аударуы негізінде оның ареалы кеңеюде. Діни статистика мәліметтері бойынша, әлемдегі мұсылмандар саны басқа конфессия өкілдерімен салыстырғанда бірнеше есе жылдам өсіп келеді. Өсімнің мұндай қарқыны сақталған жағдайда мұсылмандардың ара салмағы 2025 жылға қарай 30-35%-ға жетіп, ислам дінін ұстанушылардың жалпы саны 2 млрд адамнан асады деп межеленген.
Ислам әлемі елдерінің экономикасы қарқынды өсуде. Қазіргі таңда үш ислам елі – Индонезия, Түркия және Сауд Арабиясы әлемнің ірі экономикалық жиырмалығы қатарына қосылып отыр. Егер де әлемдік энергия көздері – мұнай мен газ қорының үштен екі бөлігі мұсылман ареалына кіретін аймақтарда орналасқандығын ескеретін болсақ, жақын болашақта олардың әлемдік экономика мен саясаттағы салмағының артатынын аңдайсыз. Сонымен бірге ислам құқығы негізінде жасалған экономика да әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында өзінің бейімділігі мен өміршеңдігін танытып отыр. Әлемдік дағдарысқа қарамастан 50 миллиард доллардан астам несие берген Ислам даму банкі де бүгінде айтарлықтай жетістікпен жұмыс атқарып отыр.
Соңғы уақыттарда ислам әлемінде жаңа сападағы саяси, ғылыми және мәдени элита қалыптасты. ИЫҰ-ға мүше көптеген елдердің мұсылман қауымы белсенді түрде заманауи инновациялар мен технологияларды кеңінен меңгеруде. Осы үдерісті әрі қарай қарқынды дамытып, ислам мемлекеттері арасындағы ғылыми және технологиялық ынтымақтастықты тереңдету мақсатында Елбасы Н.Назарбаевтың ИЫҰ мүшелерінің Ғылым және технология бойынша бірінші саммитін Астана қаласында өткізу туралы ұсынысының маңыздылығы өте зор. Бұл саммит ИЫҰ арасындағы байланысты нығайтып, ғылым және инновацияның дамуына жаңа серпін берері сөзсіз. Осы бағытта жақын болашақта Ислам әлемімен экономикалық даму, ғылым мен технологияны жаңғырту, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру салаларында нақты жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылатын болады.
Бүгінде мұсылмандық Шығыстың көпқырлы мәдениеті әлемдік өркениеттің басты жетістіктері мен құндылықтары ретінде танылып отыр. Ислам дінін қазіргі таңда Азия-Тынық мұхит аймағы, Еуропаның және Америка құрлығының өкілдері қабылдауда. Олардың ішінде әлемге танымал саясат, өнер, ғылым және спорт қайраткерлері бар. Бұл өз кезегінде Исламның батыс мемлекеттері мен жер шарының басқа аймақтарындағы тұрғын халықтардың арасындағы беделінің артуы мен танымал болуына ықпал етуде.
Сондықтан ИЫҰ-ның дамуына жағымды осындай факторлар мен үдерістер оның жұмысында белсенді түрде қолданылуы – заңды құбылыс.