Астанадағы Кәсіподақтар үйінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен «Сананы жаңғырту және кәсіподақтар: келешегі мен жүзеге асыру жолдары» деген тақырыппен республикалық форум өтті.
Шараға салалық, аймақтық кәсіподақ ұйымдарының өкілдері мен сараптамалық қауымдастық және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиынға жетекшілік еткен Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Әбілғазы Құсайынов қоғамдық сананы жаңғырту жолында әрбір отандасымыз өз-өзіне деген көзқарасты қайта қарау қажеттігін атап өтіп, дүниежүзілік қауымдастықтың бір бөлігі ретінде халқымыздың жеткен жетістігі мен кемшін тұстарын саралауды меңгеруге шақырды.
Алқалы кеңесте Ресей Федерациясының ғылыми қауымдастығы атынан сөз алған профессор Б.Титов: «Сананы жаңғырту – қазақстандықтардың саналы таңдауы, бұл өз кезегінде Қазақстанның адам капиталы дамуының жоғарғы индексіне ие ең табысты мемлекеттер қатарында болатындығының басты шарты», деді. Оның пікірінше, осы мақсат орындалған жағдайда қазақстандық қоғамның әлеуметтік жаңғыру мен рухани прогреске бейімделуі кең өріс алады.
Форумға қатысушылар «Сананы жаңғырту» бағдарламасын сапалы жүзеге асырудың маңыздылығын жан-жақты талқылап, әрбір облыс орталықтарындағы кәсіподақ өкілдерімен табысты жұмыс жүргізуді түсіндіру топтары құрылды. Сондай-ақ, осы бағытта орындалып жатқан жоспар-жобалардың артықшылықтары туралы үгіт-насихаттық билбордтар әзірленіп, өңірлерге жіберілген.
Апта соңына дейін жалғасын табатын форумда семинар түріндегі секциялық және пленарлық отырыстар мен тренингтер ұйымдастырылып, кәсіподақтардың қызметтік өкілеттігіне байланысты өзекті мәселелер панельді пікірталастарда қызу талқыланады деп жоспарланған.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»