Семейдегі автобустар қозғалысына тұрғындардың наразылығы ерекше. Аяладамада жаздың ыстығы, қыстың аязында автобустарды сағаттап тосуға тура келеді. Уақтылы келетіні некен-саяқ. Ал сенбі, жексенбі немесе мереке күндері автобустағылар өздеріне демалыс жариялап алған. Салондардағы қара шаң, отыратын орындықтың аздығына өзара орынға таласып, төбелесетін жолаушылар, себебі автобус автобус емес, мал тиейтін көлік сияқты, ақша үшін бәрін тиеп әкету керек. Сол үшін мәселен, кейбір 20 орындық автобустарда қарттарға, аяғы ауыр әйелдер мен басқа да мүгедек жандарға арналған бес-алты орындық қалдырғаны болмаса, қалғанын түбірімен жұлып алып тастаған. Діттеген жеріңе 20-30 аялдама болса да, аяғыңнан тік тұрып барасың. Бірдеңе деп арыз-шағым айту мүмкін емес, себебі Семейде әр автобустың өз қожайыны бар. Әр автобус жекенің меншігінде. Ірі жүз шақты автобустың басын біріктіретін автопарк иелері өз алдына, жалға алушысы бар, басқасы бар, кім кімге бастық, кім кімге жауап береді – ол жағын ұғу оңай емес, сондықтан да ешкімге сөзің өтпейді.
Осы және басқа да олқылықтарды қала әкімі Ермак Сәлімовтің өзі байқап көрді. Автобустардың көбі билет бермейді, ал берген күннің өзінде оларды жол бойында тексеріп тұратын тексерушілер де жоқ, барлығы «өздері би, өздері қожа» болып алғандар екен. Бір айлық жол жүру билеті қаладағы автобустардың небәрі 10 пайы-зына ғана жарамды. Тіпті осыдан үш-төрт ай бұрын облыс әкімі Даниал Ахметов келіп, №13 автобусқа жұртпен бірге мінген кезде, газ шығаратын түтіктің автобус салонының ішінде орналасқанын көріп, жағасын ұстаған еді. Қала басшысына ондай олқылықтарға жол бермеуді тапсырған болатын.
Таяуда Ермак Сәлімов жаңадан тағайындалған жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Серікқали Жұмановпен және Көлік және коммуникация ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Байболат Баймаханбетпен бірге рейдке шықты. Әкім тексеріске шыққан күннен бастап, Семейде автобус тасымалындағылар кешкі 21.30-22.00-ге дейін жұмыс істейтін болды. Бұрындары барлығы кешкі 17.00-ден бастап жоғалып кететін де, халық жұмыстан үйге қайтуға көлік таппай қалатын. Сондықтан, бұл да жағымды жаңалықтың бірі болды. Және қала бойынша қосымша бес бағыттың автобустары 22.30-ға дейін жүретін болды.
– Қала ішінде жүрудің жаңа жұмыс кестесі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде семейліктердің көптеген өтініші бойынша жасалды, – деді қала әкімі. – Қала тұрғындары автобус-тар қозғалысын кешкі 22.00-23.00-ге дейін ұзартуын талап етті. Дегенмен, жаңа жұмыс кестесінде әлі де өзгерістер болуы мүмкін. Өйткені, біз қарапайым халыққа мейлінше жағдай жасауымыз керек.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы С.Жұмановтың айтуынша, жаңа жұмыс кестесі қаладағы 6 автобус паркінің жетекшілеріне тапсырылыпты. Дегенмен, жетілдіретін де тұстары бар екен. Себебі, таңғы 5-те жұмысқа кірісетін жүргізуші түнгі 22.00-ге дейін шыдай алмайды. Яғни, 17-18 сағаттық жұмыс кестесі көлік жүргізушісіне өте қиын. Ал Қазақстанның кейбір қалаларында екі немесе үш ауысыммен жұмыс істейді екен жүргізушілер, сондықтан да Семейде екі ауысыммен жұмыс істеу қолға алынуы мүмкін. Жүргізушілер тобы, кондукторлар бұрынғы замандағыдай қайта қалпына келу керек. Себебі, кейбір бағыттардағы көліктерде кондукторлар да жоқ. Халық жолақысын рөлде отырған жүргізушіге жинап береді.
Қала әкімі жолаушылармен, кондуктор және автобус жүргізушісімен сөйлесіп, өзіне керекті ақпараттарға қанық болды. Мәселен, жаңа жұмыс кестесі жайлы не біледі, жолаушыларға арналған жеңілдіктер сақталған ба, дәл қазіргі уақытта неше автобус бағытқа шыққан, салонда санитарлық тазалық дұрыс па, қанша рет жуылып-шайылады, жүргізушілер неше рет медициналық тексеруден өтеді және тағы басқалар. Қала әкімі байқағандай, Семейде, әсіресе, демалыс күндері халық аялдамаға сыймай кетеді. Себебі, автобустың қайсысы жүретіндігін сол күнгі кесте бойынша автопарк иелері халық сұранысына емес, өз қалауларына орай бекітетін болып шықты. Қожайын атаулы жексенбі күні де халықтың автобустарға деген қажеттілік, сұраныстары болатындығын есепке алмайтын болса керек.
Раушан НҰҒМАНБЕК
Семей
Суретті түсірген автор