Қызылжарда саламатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен жекпе-жек түрлерінен тұңғыш рет халықаралық турнир ұйымдастырылды. «Ринг королі-2017» халықаралық жарысына Астана, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Петропавл, Қырғызстанның Бішкек қалаларынан жасы 35-тен асқан жиырмаға жуық ардагер спортшы қатысып, қолғап түйістірді.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналиннің айтуынша, шаршы алаңда жұдырықтасуға ниет білдірген үміткерлерге жас мөлшерінің шектеулігі және денсаулығының мықтылығымен қоса, соңғы үш жыл бойы ұлттық құрамаға мүше болмау секілді жеңілдетілген шарт-талаптар қойылған. Сол сияқты спорт шеберлеріне қатысуға да тыйым салынды. Десек те, бұрынғы атақ-марапаттарынан ат үркетін гүрзі жұдырық иелері арнайы ат арытып келіп, іріктеу кезеңдері жан алысып, жан беріскен кездесулерге толы болды. Мәселен, қызылжарлық Жабай Ахметов жерлесі Руслан Канафинді бірінші раундта техникалық нокаутқа жіберсе, 52 жастағы Андрей Царев таэквондодан қара белбеу иесі, панкратионнан әлем жүлдегері, «Арлан Грип» турнирінің бірнеше мәрте жеңімпазы 37 жастағы алматылық Карен Пашекиянға әжептәуір қарсылық көрсете білді.
Ал финалдық сайысқа іркілмей жеткен кіл мықтылар бес салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты. Шаршы алаңға бірінші болып Жабай Ахметов пен қостанайлық Рауф Алиев көтерілді. Рауф қарсыласын соққының астына алғанымен, Жабай әбжіл қимыл танытып, жеңісті уысынан шығармады. Петропавл қаласы зауыттарының бірінде темір жонушы болып жұмыс істейтін Санат Мақанов атағы жер жаратын бішкектік қарсыласы Турдыоглы Абдылахаттан еш ыққан жоқ. Тәжірибелі боксшыға қарсы жастық қайратын қарсы қоя білді. 80 кило салмақ дәрежесінде Еміл Иманбеков Ербол Жұлымбековтен айласын асырды.
Бокссүйер қауым спорттың бірнеше түрін кәсіпқойлықпен меңгерген Карен Пашекиянға ерекше құрмет көрсетіп, оның жеңетініне еш шүбә келтірмеген еді. Бірақ, ол бірінші раундта күтпеген жерден жарақат алып, жеңіс Андрей Степураға бұйырды. Аса ауыр салмақта петропавлдық алып күш иелері Әділ Нұржауыпов пен Андрей Бейсенбаев жұдырықтасып, алдыңғысы сәл-пәл басымдықпен жеңіске жетті. Бәйгеге тігілген 1, 2 миллион теңге әр салмақ бойынша анықталған «ринг корольдеріне» салтанатты түрде табыс етілді.
Қызылжар төрінде еліміз бойынша тұңғыш рет ұйымдастырылған халықаралық «Ринг королі» турнирін дәстүрге айналдыруды спорт және денешынықтыру басқармасы өз мойнына алды.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы