Таяуда қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың атындағы «Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты жыр мүшәйрасы өтті.
Қарағанды облысының Тілдерді дамыту басқармасы биыл игі шараны облыс орталығындағы Қасым ескерткішінің алдында ұйымдастырды. Дәстүрлі бәйгеде облыстың қазақ және орыс тілдерінде жыр жазатын ақындары бақ сынады. Мүшәйраға 18 бен 40 жас аралығындағы барлығы 23 үміткер өлең ұсынған болатын. Оның ішінде екі шығарма орыс тілінде жазылған. Байқау шарты бойынша үміткерлер Қасым Аманжоловқа және еркін тақырыпқа арналған екі өлеңнен тапсырды. Мүшәйра қорытындысында бас жүлде облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, «Серт» кітабының авторы, жас ақын Жәнібек Әлиманға бұйырды. Бірінші орынды да облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің аға тілшісі Р.Қабидолдин алса, екінші жүлде Ж.Шалқар мен Н.Крамерға бөлініп берілді. Ал үшінші орынға А.Құмай, А.Орай, Б.Ноғайбайұлы лайықты деп танылды. Мүшәйра жеңімпаздары дипломдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Іс-шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасының аясында және Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай өтті.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы