Біреудің қорасына түсіп, ақ адал малын ұрлап кеткендер «сақпын, осынымды ешкім білмейді» деп ойлайтын болуы керек. Әйтпесе, бір түскен үйіне екінші мәрте келер ме?!
Сайрам аудандық Ішкі істер бөлімінің кезекшісіне қоңырау шалған Құтарыс ауылының тұрғыны қорадағы үш жылқысының ұрланғанын айтады. Жедел іздестіру нәтижесінде күдікті екі азамат ұсталған. Әбден дәніккен ұрылар сақтықты ұмытса керек. Сол ауылдың жүк машинасы бар тұрғынына үш жылқыны өздерінің тұрағына апарып беруін өтінеді. Олардың іс-әрекеттерінен сезік алған әлгі азамат полицияға хабарласады.
Мақтаарал және Отырар ауданының тумасы, өрімдей екі жігіт қылмыс үстінде ұсталған. Олардан үш жылқы қайтарылып, заңды иесіне берілген. Күдікті азаматтар біреудің мүлкін иемденуді ар көрмейді екен. Үш жылқысын алдырған азамат тамыз айында жиырма шақты үндігінен айырылып, ойбайлап қалған. Заты құс қой деп оншалықты індетпесе керек. Үй иесінің қатты іздеу салмағанына дәніккен екеу енді жылқыларды айдап кетемін деп жүріп қолға түскен.
Бір үйге екі мәрте түскен ұрылар құны 2 миллион теңге шығын келтірген. Қазығұрт ауданында да 15 малды ұрлаған топтасқан баукеспелер қолға түсті.
Олар қамауға алынды. Аталған фактілер бойынша Қылмыстық Кодексінің 188-ші «Ұрлық» бабы бойынша іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы