Еліміздегі елді мекендердің қала мәртебесін алуы үшін тұрғындарының саны 8 мыңнан асуы тиіс. 100-205 мың халқы бар қала – үлкен қала, 250-500 мыңнан асса – ірі қала, 500 мыңнан 1 миллионға жетсе – аса ірі қала атанады. Жақында өткен Орал қалалық мәслихатының 15-ші кезектен тыс сессиясында Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев облыс орталығы тұрғындарының саны 2015 жылмен салыстырғанда 6 пайызға өсіп, 300128-ге жеткенін мәлімдеді.
Қалада халық саны ғана емес, өндіріс те өсуде. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі биылғы алғашқы жартыжылдықта 71,4 млрд теңге болды, бұл былтырғыға қарағанда 8,3 пайызға өскенін көрсетеді.
Қалада кәсіпкерлік саласы да артып келеді. Құрылыс та соңғы жылдары қарқынды дамуда. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 9,3 млрд теңге бөлініп, оның 7,7 млрд теңгесі көп қабатты 9 тұрғын үйдің құрылысына бағытталды. 4 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін тағы үш тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Қала әкімінің айтуынша, тұрғын үй құрылысы жөнінен Батыс Қазақстан облысы еліміз бойынша алғашқы орыннан көрінуде.
Оралдың жолдары да биыл ерекше жаңарып жатыр. 67 көшеде 72 шақырым автокөлік жолы жаңадан салынуда. Дәл қазір қала тұрғындарына жүріп-тұруға қолайсыздық болғанымен, жөндеу жұмыстары аяқталған соң шаһар бір жаңарып қалатын болды.
– 2015 жылы қала мектептерінде 37 579 бала оқыған болса, биыл оқушылардың саны 44 000-нан асты. Қазіргі таңда қала бойынша 48 мектеп болса, соның 38-і екі ауысымда, 6-ы бір ауысымда, 4-і үш ауысымда оқиды. Үш ауысымда оқитын мектептер Деркөл мен Зашаған кентінде орналасқан. Осыған орай, биыл Деркөлде әрқайсысы 600 орындық екі мектеп және Зашаған кентінде 900 орындық бір мектеп салынуда. Сондай-ақ, әбден ескірген №4 мектептің де ғимараты қайта тұрғызылды. Соңғы 4 жылда 7 мектеп күрделі жөндеуден өткен. Биыл білім саласының бес нысаны толықтай жөнделмек. Қалада 100-ге жуық балабақша бар, соның 23-і жеке балабақша. Егер қалада балабақша кезегінде 17 мың бүлдіршін тұрғанын ескерсек, қазіргі қолданыстағы балабақшалар тым аздық етеді. Сондықтан, қосымша балабақшалар құрылысын жүргізу қажет, бұл жұмысты мемлекет-жекеменшік әріптестігі арқылы жүргізген жан-жақты тиімді болмақ, – деген қала әкімі жергілікті кәсіпкерлерді осы жұмысқа белсене қатысуға шақырды.
Мұрат Мұқаевтың айтуынша, 2018-2020 жылдар аралығында қаладағы жаңа шағын аудандарда жеті балабақша ғимаратын салу жоспарлануда.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»