• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Қыркүйек, 2017

Ердоған Сирия мәселесi Астана келiссөздерінде шешiмiн табатынына сенiм бiлдiрдi

393 рет
көрсетілді

Бүгiн Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Түркия басшысы Режеп Ердоғанды қабылдады. Ресми кездесудiң басында қос президент экономикалық байланысты нығайту қажеттiлiгi мен Сириядағы қақтығысқа арналған Астана келiссөздерi жайлы сөз қозғады, деп хабарлайды Baq.kz

 

«Менiң шақыруымды қабылдап, ресми сапар жасап отырсыз. Қанша кездессек те, көп болмайды. Қазiргi уақыттың өзi өте қиындап тұр. Көп кездесiп, көп ақылдасу керек. 25-26 жылда Қазақстан мен Түркия арасында тек қана ағайындық қарым-қатынастан басқа мәселе болған жоқ. Сiздiң соңғы сапарыңызда бiз экономикалық қарым-қатынас жөнiнде бiраз мәселеге келiстiк. Жасалып жатқан жұмыстар көп. Талай жұмыс iске асырылды, жүзеге асып жатқаны да бар. Бiздiң өңiрде өзiмiздiң проблема бар, сiздерде де бар. Соның барлығы жайлы ақылдасуға, пiкiр алысуға бүгiн мүмкiндiк түсiп отыр», - дедi Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы ертең елордаға 57 ислам мемлекетiнiң делегация басшылары мен дүниежүзiлiк органдар, барлығы 70-тен астам делегация келетiнiн айтты. Назарбаев Ердоғанға сондай жиынға қатысатынына алғыс айтты.

«Сiз бен Путиннiң сұрауымен Сирия мәселесi бойынша жұмыстар жүрiп жатыр. 14-де (қыркүйек-агенттiк ескертпесi) тағы бiр кездесу өтейiн деп тұр», - дедi Мемлекет басшысы.

Ал Ердоған өз кезегiнде Назарбаевқа шақыру үшiн ризашылығын бiлдiрдi.

«Қарым-қатынасымыздың 25 жылдығында және Қазақстан тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығында Астанада болғаныма қатты қуаныштымын. Мен Қазақстанды алғаш рет Алматы қаласы арқылы таныған едiм. Ал ендi жап-жаңа қала Астана бар. Бұл жер бiз үшiн екiншi үйiмiз саналады. Бiз өзiмiздi өз үйiмiзде жүргендей сезiнемiз. Экономика, мәдениет, саясат, әскери жағынан барлық қатынастарды дамытуға тырысып жатырмыз. Қазiр арамыздағы сауда айналымы 2 млрд доллар шамасында. Әрине, бұл жеткiлiксiз деп ойлаймын. Бiздiң мақсатымыз, бұрын келiскендей, сауда айналымын 5 млрд долларға жеткiзу. Себебi Қазақстан мен Түркияның әлеуетi бұған жеткiлiктi. Аумақтық проблемалардың шешiлуiнде ақсақалымыздың (Нұрсұлтан Назарбаев-агенттiк еспкертпесi) жеке басының талпыныстары, бастамалары үшiн ерекше алғысымды бiлдiремiн. 14-i күнi болатын Астана келiссөзi өте маңызды. Алғы жұмыстар аяқталды деп естiдiм. Ендi бұл жерде ақтық бiр нәтижеге келу керек. Құдай қаласа, осы қадамдардың жемiсiн Астанада көремiз. Осылайша, Женева процесi де жеңiлдейдi деп ойлаймын», - дедi Ердоған.

Атап өтсек, ұзақ жылдарға созылған Сириядағы қатығысты шешу мәселесi Астанада талқыланып жатыр. Елордада бұл проблемаға арналған бiрқатар маңызды кездесу өткен болатын. Келесi келiссөздер 14 қыркүйекке жоспарланып отыр.

Еске салсақ, кеше жергілікті уақытпен сағат 17:00 кезінде Түркия президенті мінген «TUR» ұшағы халықаралық Назарбаев әуежайына келіп қонды. Ердоғанның әйелі мен ұлы да елордада жүр. Ережеп Ердоған Астанада Сирия мен Мьянмадағы дағдарысты талқыламақ. Ердоған елімізге үш күндік сапармен келдi. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен келіссөздер жүргізіп, Астанадағы Ғылым және технология жөніндегі ислам ынтымақтастығы ұйымы саммитіне қатыспақ.