Орал қаласында композитор Темірәлі Бақтыгереевті еске алуға арналған «Барып қайт, балам, ауылға» атты кеш өтті.
Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма тестрында өткен еске алу кешінде танымал өнерпаздар – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Нұрлан Өнербаев, Саят Медеуов, ҚР еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағамбетова, әнші-термеші Мейрамгүл Орашевалар арнайы келді. Жерлес композиторды еске алу шарасына Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әртістері – Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері Сағадат Рахметжанов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Жаскелең Ғайсағалиев, Жаңылсын Хасанова, Айбар Хайырханов, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Майра Хайдаровалар да қатысып, өнер көрсетті.
Ақын Айсұлу Қадырбаеваның сөзіне жазылған «Барып қайт, балам, ауылға» әні – Темірәлі Бақтыгереев шығармашылығының шыңында тұрған туынды. Сазгерді еске алу кеші де осы әнмен ашылды. Көрермендер композитор туралы арнайы түсірілген бейнефильмді тамашалады.
– Темірәлі Бақтыгереевпен сонау сексенінші жылдары қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қызмет етіп жүріп таныстым. Ол кісі сол кезеңде театрдың дыбыс операторы еді. Менің қойылымдарда ән айтып жүргенімді сырттай бақылап жүреді екен. Ол уақытта гитара аспабын енді үйреніп жүрген кезім. «Нұрлан, сен гитарамен ән айтқың келе ме? Менде бір жақсы ән бар. Тыңдап көр» деп «Сағыныш» әнін тыңдатты. Сөйтіп менің ең бірінші шырқаған әнім де, бірінші композиторым да Темірәлі Бақтыгереев болды. Темірәлі Бақтыгереевтің шығармашылығы, оның досқа, өнерпазға деген адалдығы, бойындағы адамгершілігі, кішіпейілділігі, қарапайымдылығы мен үшін сағынышқа айналды. Ағамыз: «Нұрлан, біздің елге барамыз, үлкен концерт қоямыз» деп туған жерін аузынан тастамай, үнемі айтып жүруші еді. Осы жоспары науқасқа шалдыққаннан кейін арманға айналды. Көңілге демеу болары – ағамыздың үлкен кеші көзінің тірісінде Алматыда өтті. Ал оның көкейінде кеткен бір арманын бүгін біз орындап тұрмыз. Ағамыздың туған топырағына оның әнін, шығармаларын алып келдік. Енді Темірәлі Бақтыгереевтің кіндік қаны тамған туған жерімен мәңгілік үзілмес байланысы басталды, – деді Нұрлан Өнербаев толқып тұрып.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Саят Медеуов, ақын Айсұлу Қадырбаева, композитордың зайыбы Жәмила апай сахнада сөз алып, сазгер туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті. Батыс Қазақстан облысының бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов композитордың жарына, Алматы қаласында Темірәлі Бақтыгереевтің үлкен кешін ұйымдастыруға ұйытқы болған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағамбетоваға құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады.
– Жерлесіміз Темірәлі Бақтыгереевтің «Барып қайт, балам, ауылға» әні туған жерінен жырақта жүрген барша қазақтың жүрегінен орын алған әсерлі туынды болды. Ағамыз бұдан өзге де көптеген мықты туындыларды дүниеге әкелді. Темірәлі ағамыздың шығармашылық кештері өзінің кіндік қаны тамған Қазталов ауданы Қайыңды ауылында да жалғасын табар деп ойлаймын, – деді Арман Кәрімұлы.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ