Оңтүстік Қазақстан облысында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жүзеге асырылуы барысын талқылау мақсатында кеңейтілген мәжіліс өтті.
Мәжіліске Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті ректорының әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Дихан Қамзабекұлы, алаштанушы, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті «Отырар» кітапханасы ғылыми-зерттеу орталығының директоры, ф.ғ.д. профессор Тұрсын Жұртбай, ф.ғ.д. профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Амантай Шәріп, Алаш арысы Қошке Кемеңгерұлының ұрпағы Ризабек Кемеңгер, ақын, қаламгер Серік Сейтман, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті ф.ғ.д. профессор Шерубай Құрманбайұлы, Алаш арысы Қошке Кемеңгерұлының ұрпағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, ф.ғ.к, Қайырбек Кемеңгер қатысты.
Мәжілісте сөз алған өңірлік Жобалық кеңсенің басшысы Б.Әшірбеков Елбасы бағдарламасының Оңтүстік Қазақстан облысында іске асырылуы жөнінде баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Өңірдегі атқарылған жұмыстарға қаныққан Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық универсиеті ректорының әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Дихан Қамзабекұлы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығы жайында сөз қозғады. Ол сондай-ақ, республика көлемінде қолға алынған жобалық менеджмент жұмысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысындағы қоғамдық сананы жаңғырту жобалық кеңсесі тарапынан жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
«Бүгінде еліміздің басқа аймақтарымен салыстырғанда Оңтүстік Қазақстан облысында жүйелі жұмыстардың жасалынып жатқанын байқауға болады. Осы ретте Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Қансейітұлының бастамасымен бірқатар игі істер қолға алынып жатқанына қанықтық. Өңірлік Жобалық кеңсе жұмысы да жолға қойылғанын байқау қиын емес» ,- деді Дихан Қамзабекұлы.
Мұнан соң сөз алған Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті «Отырар» кітапханасы ғылыми-зерттеу орталығының директоры, ф.ғ.д. профессор Тұрсын Жұртбай ұлыстың ұйытқысына айналған Оңтүстіктің жақсы қасиеттері жайлы пайымды пікірін білдірді.
Жиын барысында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің жанынан құрылған жобалық кеңсе қызметкерлері қонақтарға бағдарламалық мақаланы жүзеге асыру бойынша өздерінің ұсыныс, пікірлерін жеткізді.