• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Қыркүйек, 2017

Елбасы мақаласы – халқымыздың алдына қойылған үлкен міндет

690 рет
көрсетілді

Қазақ халқының алдында ғасырлар бойы мыңдаған міндеттер тұрды. Әсіресе, халқымыз өзге халықтардан рухани бай­лықты бірінші орынға қоюымен де ерекшеленді.

Ежелден қалыптасқан елдік салты, адамдық мұратының бәрі де рухани байлықтың негізгі темірқазығы іспетті. Талай ғасырлар бедерінде қалыптасқан дала философиясы, халық ауыз әдебиеті, қала берді адамның бойында қалыптасқан игі қасиеттердің бәрі де азаматты тұлға­лық деңгейге көтеріп, рухани тұрғыда кемелдендіреді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз тәуел­сіздік алған ширек ғасыр ішінде ұлт­тың тарихын, әдебиетін, одан кейін әлем­дік саясатты қаузап бірнеше кітаптар жазды. «Тарих толқынында», «Әділеттің ақ жолы» кітаптары қазақ сөз өнерінің айтулы жетістіктері деуге болады. Жуырда ғана Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: руха­ни жаңғыру» атты бағдарламалық мақа­ласын жариялап, алдымызға ас­қаралы мін­дет­тер қойды. Бұл енді адамды рухани жаң­ғыруға үндейтін, өткенін танып, келешегін бағдарлауға шақыратын маңызды туынды. 

Елбасы мақаласында ұлттың тағдырына қатысты көптеген дүниелер айтылған. Соның бірі – латын әліпбиіне көшу мәселесі. Расында да, латын әліпбиіне көшу мәселесі талай жылдан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан еді. Мұндағы кейбір мәселелер де халық үшін көмескі болды. Сондықтан да Елбасы барлық мәселенің түйінін бір өзі тарқатып, ендігі жерде латын әліпбиіне көшудің дұрыстығын айқындап берді. Өз сөзінде Президент «Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес» деп те атап көрсетті. Расында да, Елбасы айт­қандай, осы уақытқа дейін елімізде қолға алынған «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» сынды бағдарламалар өзінің жемісін беріп те үлгерді. Бағдарлама аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандардың жаңғыртылуы, әлемнің әйгілі архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттардың зерделенуі де ұлттың рухани тарихындағы үлкен оқиға. 

Сондай-ақ, Елбасының тікелей бастамасымен әлемнің ең озық шығармалары қазақ тіліне аударылып, кітап болып басылып шықты. Мәселен, Нобель сыйлығының лау­реаттары, адамзаттық деңгейдегі ұлы ой­шыл­дардың шығармалары кейінгі жас буынға үлкен рухани тәрбие бергендігі сөзсіз.

«Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезімі­міз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағы­мына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағым­ды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», деді Елбасы өзінің мақаласында. Расында да, қазақ халқы осынау уақыттың ішінде талай дүние­лерге куә болды. Ел үшін шешуші кезең­дерде де еліміздің тығырықтан алып шық­қан өзінің рухани байлығы деуге болады.

Елбасының мақалада айтылған қоғам­дық сана, бәсекеге қабілеттілік, ұлттық код, прагматизм туралы ойлары да шындық. Себебі, қазіргі кезде еліміздің алдында әлем­нің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру міндеті тұр. Бұл жөнінде де Елбасы өз сөзінде үнемі айтып келеді. Ендігі жерде сол дамыған мемлекеттермен иық теңес­тіре отырып, олармен тәжірибе алмасу мүмкіндігі туындады. Біз енді осынау мүмкіндікті рухани тұрғыдан бір-бірімен сабақтастыра отырып дамытуымыз қажет. Елбасы мақаласында аса маңызды бір міндет бар. 

Мәселен, Президент «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді түлетуіміз керек» деп ерекше атап өтті. Енді біздің болмысы­мызда ғасырлар бойы қалыптасқан дарқан­дық, қонақжайлылық, кішіпейілділік, қара­пайымдылық сияқты қасиеттерді сақтап қалуымыз керек. Бұл тұрғыда Елбасының болмысынан да мұндай ізгі қасиеттерді табуға болады. Елбасының халықпен етене жа­қындығы, қарапайымдылығы және білім­ділігі, парасаттылығы да өзі айтқан рухани жаңғыру төңірегіндегі ойды растайды.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – халқымыздың алдына қойылған үлкен міндет. Халқымыздың талай тарлан тұлғалары ұлт руханиятына қызмет етті. Өзін-өзі рухани тұрғыда шыңдай отырып, өзі­нен кейінгі буынға да рухани түлеудің ай­рық­ша үлгісін көрсетті. Енді біз де Елбасы­ның мақаласын қолдай отырып, рухани жаң­ғырудың жаңа кезеңіне аяқ басып отырмыз. 

Еліміз егемендік алған кезеңнен бастап ұлттық қазыналарымыз қайтарыла бастады. Әлдеқашан ұмыт болған игі дәстүрлеріміз де жанданды. Әсіресе, қазақтың қайсарлы­ғын танытатын, тектілігін көрсететін рухани бай­лығы да ұлт үшін үлкен олжа болып отыр. Елбасының алға қойған үлкен міндеті де, айқын мақсаты да рухани жаңғыруды қалыптастыруға, оны әрдайым құрметтеуге үндейді. Қорыта айтқанда, рухани жаңғыру – жаһандық мәселе. Бұл адамзаттың алдында тұрған күрделі құбылыс. Мұны кезінде Елбасының тап басып, танып айтуы да асқан парасаттылығының белгісі. 

Бағлан ҚАРАШОЛАҚОВ,  Жамбыл облыстық  мәслихатының хатшысы