• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Қыркүйек, 2017

Әліпби алмастыру арқылы қосамжар орфографиядан құтыламыз – Д.Қыдырәлі

388 рет
көрсетілді

Әліпби алмастыру арқылы біз қосамжар орфографиядан құтыламыз. Бүгін «Егемен Қазақстан РГ» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау кезінде осылай деп мәлімдеді.  

Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің айтуынша, тілдік тұтастық түрлі этностардың тіл сындыруына әрі мемлекеттік тілдің төңірегіне топтасуына септігін тигізбек.

«Әліпби алмастыру арқылы біз қосамжар орфографиядан құтыламыз. Мысалы, қазір мемлекетіміздің атауы 3 түрлі жазылып жүр. Латын әліпбиі арқылы мұны Qazaqstan деп тілдік ерекшелігімізді сақтай отырып, бір-ақ сөзбен жазуға мүмкіндік аламыз. Сонымен қатар, жаңа әліпби арқылы шет тілдерден енген сөздерді де ұлттық ерекшеліктерге икемдей аламыз. Латын әліпбиін қазақ емлесі арқылы қабылдау бұл мәселені бір ізге түсіреді» деген басқарма төрағасы «латын әліпбиі бұқаралық сананы өзгертіп, қоғамның ішкі тұтастығын қалыптастыратын басты құралдың бірі болады», деген ой айтады.

Басқарма төрағасының сөзінше, «Егемен Қазақстан» жаңарған порталы осы жылдың басынан бері орыс тілінде қызмет көрсетіп келеді. Ал сайтқа салынған материалдар конвертрдің көмегімен автоматты түрде латын қарпіне аударылады. Қыркүйек айынан бастап қазақ басылымдары арасында алғаш рет ағылшын тілінде ақпарат тарата бастағанын жеткізген ол, шетелдегі оқырмандар мен елдегі елшіліктер енді жаңалықтарды «Егемен» арқылы оқи алатындығын қаперге салды.

«Біз мақұлданған жағдайда, келесі жылдың басынан бастап ағылшын тілінде қосымша газет шығаруға да дайынбыз. Бұл – еліміздегі 3 тұғырлы тіл саясатына да қызмет етеді деп ойлаймыз.  Жалпы, ел газетінің 1929-1940 жылдары аралығында, «Еңбекші қазақ» және «Социалды Қазақстан» кезінде латын әліпбиімен шыққанын жақсы білесіздер. Сондықтан, біз бас басылым ретінде латын әліпбиіне көшуге әзірміз», деген «Егемен Қазақстан РГ» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі абыройлы істің сәтті өтуіне тілектестігін білдірді.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Ерлан Омар,

"Егемен Қазақстан"