Орал қаласында 180 пәтерлі және 90 пәтерлі қос үйдің құрылысы аяқталып, тұрғындар игілігіне берілді. Оралда бірнеше күннен бері тойланып жатқан «Қала күні» мерекесі аясында берілген қоныстой салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, шаһар басшысы Мұрат Мұқаев қатысты.
Әуелі Зашаған кентіндегі «Көктем» шағын ауданында 9 қабатты 180 пәтерлі зәулім үй пайдалануға берілді. Аз жылда танымастай өзгеріп кеткен бұл шағын ауданда тұрғын үй құрылысы да, жол құрылысы да қызу жүруде. Жалпы құны 1 503,757 млн теңгеге түскен бұл үйдің құрылысын «Байтерек Девелопмент» АҚ қаржыландырған. «Тұрғынүй-құрылысжинақбанкі» АҚ салымшыларына арналып тұрғызылған үйдің құрылысы 2014 жылдың желтоқсан айында басталған екен. Үйдің 72 пәтері – 1 бөлмелі, 72 пәтер – 2 бөлмелі және 36 пәтер – 3 бөлмелі.
Қарапайым адам үшін баспана басты байлық екендігі түсінікті ғой. Құдайға шүкір, тұрғын үй құрылысы Қазақстанның даму стратегиясының басты бағыттарының бірі болып тұр. Елбасының өзі бұл мәселені жалпыұлттық мәнге ие маңызды жұмыстардың қатарына қосты. «Қала күні» мерекесі қарсаңында пәтер кілтіне ие болған жүздеген адам шын мәнінде «Орал қаласының тұрғынымын!» деп ауыз толтырып айтатын болды.
Шыны керек, «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламалары, инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы, сонымен қатар мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында облыста талай жұмыс атқарылып жатыр.
Бір ғана құрылыс саласында атқарылған жұмыстардың көлемі биыл 6 пайызға артқанын өңір басшысы Алтай Көлгінов жақында ғана депутаттар алдында есеп берген кезінде атап айтқан болатын. Қазірдің өзінде жоспардағы 280 мың шаршы метр тұрғын үй алаңының дені пайдалануға берілген. Оның 71 пайызы жекеменшіктің өз күшімен атқарылып жатыр. Оған қоса, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында өңірде 78 мың шаршы метр жаңа үй салынуда. Жалпы саны 1 465 пәтерлі көп қабатты 10 үйдің құрылысы жүруде. Құрылыс тек қалада емес, ауылдық жерде де қарқынды. Аудандарда 249 пәтерге арналған 183 тұрғын үй салынып жатыр. Осының бәрін есептесек, 2017 жылы ғана 1 600 батысқазақстандық отбасы өз баспанасына ие болады екен!
Алдағы құрылыстардың да қамы жасалып, 115 шақырымдық инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілері салынуда.
Осы жолы тұсауы кесілген екінші үй – Орал қаласының Деповской көшесінде мемлекет-жекеменшік əріптестігі аясында салынған 90 пəтерлі үй болатын.
Құрылысы 2015 жылы басталған 9 қабатты үйді «Болашақ-Т» ЖШС жеке инвестициясы есебінен 683, 478 теңге қаржыға салды. Оның ішіндегі 1 бөлмелі 16 пəтер баспанасы апатты деп танылған тұрғындарға еш ақысыз берілді. Мұндай жоба облыста тұңғыш жүзеге асып жатқанын облыс əкімі Алтай Көлгінов қоныстойға арналған шара барысында атап өтті.
Жаңа ғана Зашаған кентінде 9 қабатты үйде орналасқан 180 пəтердің кілтін иелеріне тапсырдық. «Нұрлы жер» бағдарламасы ауқымында биыл Оралда 1 600 пəтер беріледі. Аудандарда да үйлер салынып жатыр. Келесі жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2 700 пəтер салуды жоспарлап отырмыз. Елбасымыздың баспанаға мұқтаж адамдарға қамқорлығы айқын сезілуде. Облыс орталығында 40-тың үстінде апатты үй бар. Осы мəселені біртіндеп шешудеміз. Міне, Деповской көшесінде апатты үйлер орнына жаңа үй салынды. Абаттандыру жергілікті бюджет есебінен жүргізілді. Мемлекет-жекеменшік əріптестігі аясындағы мұндай жоба өңірімізде тұңғыш жүзеге асуда, деді өңір басшысы.
Шара кезінде облыс әкімі Алтай Көлгінов пен Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев пəтер кілттерін тұрғындарға табыстады. «Болашақ-Т» ЖШС директорының міндетін атқарушы Асқар Қошановтың сөзінше, қалған 74 пəтер «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ салымшылары мен инвесторға пəтердің келісімді құнын бөліп төлеуге келіскен тұрғындарға беріледі.
Айта кету керек, Алтай Көлгінов апатты үйлердің орнына жаңа үй тұрғызып, қала орталығын жаңарту мәселесін көптен көтеріп келеді. Бұл жұмыс мемлекет пен жеке кәсіпкерлердің әріптестігі нәтижесінде атқарылуы тиіс. Бұл бастамадан екі жақ та ұтады – апатты үй тұрғындары жаңа пәтерге ие болса, қаланың орталығындағы көне үйлердің орнына заманауи жаңа ғимараттар тұрғызылып, сәні кіре түседі. Облыс бойынша апат жағдайында тұрған 243 үй бар екен. Оның 43-і Орал қаласында орналасқан. Бүгінде осындай 7 үй бұзылып алынып, оның орнына көп қабатты 4 үй құрылысы жүріп жатыр. Өңір басшысының мәлімдеуінше, бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасатын болады.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Айбатыр НҰРАШ