Ішкі істер министрлігі Қостанай академиясының 3-курс курсанттары Еркебұлан Төлебеков пен Нұрбол Сәмке сол күні аулаларға, аялдамаларға хабарландырулар жапсырып, жоғалып кеткен әйелді іздестіруге волонтер қызметін атқарып жүрген болатын. Кешке қарай олар Тобыл өзенінің жағасына келді. Кенет олар өздерінен әудем жердегі көпірдің үстіне шығып, телефонмен сөйлесіп тұрған қызды байқады. Жігіттер «мына қыз машиналар жүріп жатқан жерде неге тұр?» деп, кідіріп тұрып қалды. Бұл жер тек көліктің ғана емес, жүргіншілердің де көп жүретін орны. Сол сәтте-ақ қыз өзенге секіріп кетті.
Курсанттар полиция пунктіне қарай жүгіре жөнелді, бара болған оқиғаны хабарлады да, көпірге қарай кері ұмтылды. Өзеннің қыз секірген жағы терең болатын, кезекшілікте жүрген жол-патрульдік полициясының қызметкері, полиция кіші сержанты Әділжан Жомартов «Жедел жәрдем» шақыруға кірісті. Оқиға болған жерге адамдар да жиналып қалыпты, құтқару үшін суға түскен екі ер кісі қызды алып шыға алмады. Ал есінен танып қалған қыз суға бір батып, бір шығып барады. Еркебұлан курсант киімін шешті де, көпірден қыз батып кеткен тұсқа секіріп кетті. Торғай өзені жағасында өскен жігіт суда жақсы жүзетін. Ол сүңгіп барып, батып кеткен қызды шашынан тартып, бір қолымен, жалдап жағаға қарай жүзе бастады. Жағадағылар жанын шүберекке түйіп тұрды. Судың суығалы қашан, оның үстіне сол күні ауа райы да салқын болды. Еркебұлан есінен танып қалған қызды жағаға жақындатқанда Әділжан Жомартов киімімен суға түсіп, оның алдынан шықты. Бұл кезде Еркебұлан да шаршап қалған еді, қызды жағаға сүйреген соң, ол да судың тайыз жеріне келіп, аяғын тіреп, күш алды.
Жұрт қызды өліп қалды деп ойлады. Еркебұлан мен оның курстасы Нұрбол, кіші сержант Әділжан мен оның әріптесі Саят Иманбаев қызға алғашқы көмек көрсете бастады. Полиция қызметкерлері жүрекке массаж жасағанда, курсанттар да сауаттылық танытып, қыздың тізесін ішке тіреп, аяқтарын созғылап, қозғалтты. Осы кезде аузынан су лық ете қалды да, демала бастады. Сол сәтте жеткен «Жедел жәрдем» қызды қалалық ауруханаға алып кетті. Сөйтіп суға секіру арқылы өзіне қол жұмсаған 21 жастағы қыз курсант Еркебұлан Төлебековтың ерлікке пара-пар ісі арқасында ажал тырнағынан аман қалды. Ол қазір ауруханада емделіп жатыр.
– Біз Нұрбол екеуміздің тез жүгіргеніміз сондай, көпірге санаулы секундтарда жеттік. Су мұздай екен, бірақ менде ағып кетеміз-ау деген ой болған жоқ. Ойланып жатуға уақыт мұрсат бермейді ғой мұндайда, өйткені суға тұншыққан адам бес минуттан асқанда тынысын тоқтатады. Сондықтан құтқарып үлгеру керек деп шештім. Қызды аман алып шыққаннан кейін ажалмен арпалысқанда не өмір, не өлім екенін 1-2 минут ғана шешетіндігін ойлағанда, әрине адам ретінде денең тітіркенетіні рас, – дейді Еркебұлан.
Енді минут емес, бірер секунд кешіккенде өзіне қол жұмсаған қыз ажал тырнағында кетер еді, ал бұл жолы жас жігіттің батыл әрекеті арқасында аман қалды.
Облыстық ішкі істер басқармасы тарапынан жол-патрульдік полициясы қызметкерлері мен академия курсанты Еркебұлан Төлебеков және оған көмектескен досы Нұрбол Сәмке марапатқа ұсынылды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ