• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 14 Қыркүйек, 2017

Бундестагты кім басқарады?

894 рет
көрсетілді

Германиядағы Парламент сайлауы жақындаған сайын бундес үкіметтің тізгінін кім ұстайтыны жар­ты әлемді қызықтырып отыр. Еу­ропадағы экономикасы өрлеген ел­дің тағдыры көпшілікті бейжай қал­дырған жоқ. Алдағы 4 жылда Бун­дестаг тізгінін кім ұстай­ды? Кім­нің бәсі жоғары? Қарт құр­лық­тың іргелі еліндегі сайлауға аз-кем көз жүгіртіп көрген едік.  

 

Биылғы сайлау 24 қыркүйекке белгіленіп отыр. Онда неміс халқы алдағы 4 жылда елдің бағыты қандай болатынын және 19-шы рет шақырылатын Бундестагтың мүшелерін анықтайды. Сайлауға 30-дан аса партия қатысуға ниет танытып отыр. Шетелдік медиа өкілдері солардың 7-еуінде ғана Парламенттің өзегін құруға негізі бар деп есептейді. 

Германиядағы Парламент сайлауы басқа елдерден өзгеше. Таяуда енгізілген жаңа жүйе бойынша электорат бір бюллетень арқылы екі дауыс беру құқығына ие. Әуелі жергілікті өкілді сайласа, екіншісі арқылы үкіметті жүргізетін партияға дауыс беріледі. Бірінші дауыс беру арқылы аймақтардан сайланған 299 үміткер Бундестаг депутаты атанады. Электораттың екінші дауысымен сайланған партияның үлесі арқылы Парламенттің қалған мүшелері анықталады. Мысалы, бір партияға халықтың 30 пайызы екінші дауысын берсе, онда сол партияның үкіметтегі орын саны 30 пайызға тең болуы тиіс. Сондықтан әр сайлауда Бундестаг мүшелерінің саны өзгеріп отырады. (Қазір Парламентте 631 депутат бар). Сайлау аяқталғаннан кейін бір айдың ішінде үкімет мүшелерінің жасырын дауыс беруі арқылы жаңа канцлер анықталып, Германия Президенті тағайындау жөнінде жарлық шығарады. 

Кейбіреулер әлден-ақ қазіргі канцлер Ангела Меркельдің бәсі жоғары деп сәуегейлік танытып жүр. Олардың сөзінің жаны бар. Меркель ханым басқаратын бірлескен «Христиан демократиялық одағы» (ХДО) мен «Христиан социалистік одағы» (ХСО) партиялары 2013 жылғы сайлауда жеңіске жетіп, 4 жыл ел басқару құқығын алған-ды. Содан бері бірлі-жарым мәселелер болмаса, жалпы ХДО бағытынан жаңылған жоқ. Қазақстан үшін Германия сенімді серіктес. Мәселен, бір кездері қазақ топырағында 300 мыңға жуық неміс халқы мекен еткен болатын. Сонымен қатар, 2020 жылғы дейінгі өңірлерді дамытудың бағдарламасын іске асыру барысында елімізге Германиядан көптеген инвестиция тартылды. Соңғы 10 жылда Қазақстанға немістер құйған қаржының саны 200 миллиард долларды құраған. Сондықтан, Германиядағы сайлау мен Бундестагтың ұстанатын бағыты Қазақстан үшін әрқашан маңызды.  Сайлау алды жүргізілген сауалнамада да халықтың басым бөлігі Ангела Меркельдің партиясына сенетіні белгілі болды. Ал Германия социал-демократиялық тыйым партиясына (ГСДП) үміт артатындар саны едәуір аз. 

ХДО-ның сайлаудағы басты қарсыласы социал-демократиялық партиясы (СДП) жетекшісі Мартин Шульц те Бундестаг орынтағынан үміткер. Әйтсе де, батыс басылымдары демократтар басшысының канцлер атануы неғайбыл деп есептейді. The Guardian газетінің пайымдауынша, Германияда Шульцті қолдайтындар саны аз. Оған қоса, кейінгі жүргізілген сауалнамада Ангела ханымға көбірек сенетінін мәлімдеген. 

Сайлау алды науқанға орай, Меркель мен Шульц ай басында телевизиялық пікірталасқа шыққан болатын. BBC де, СNN де бұл онлайн жекпе-жекті дауыс беру алдындағы шешуші сәт деп есептеген-ді. Бір жарым сағат бойы елдің сыртқы саяси бағытынан бастап, Еуропада күйіп тұрған көші-қон мәселесіне дейін талқылаған пікірталаста Меркельдің ұстанымы сенімдірек шықты. 

Пікірталас барысында СДП басшысы елдегі жұмыс­сыз­дық пен кедейшілік мәселесін көтерген. Алайда Меркель қарсыласы келтірген деректерді жедел жоққа шығарды. Оның айтуынша, ел тізгінін алғаш ұстағанда Германияда 5 миллионға жуық жұмыссыз тіркелген. Бүгінгі таңда олардың саны 2,5 миллионға дейін азайыпты. Мартин Шульц салықты қысқарту жөнінде біраз әңгіме өрбіткен. Меркель тарапы да пікірталасқа осындай ұсыныспен келіпті. BBC арнасы Ангела ханымның әдетт­егідей қарсыласының тиімді тұстарын жымқырып кет­кенін айтады. Сондай-ақ, Шульц мырза Түркияны Еу­ропалық одаққа қоспау мәселесін көтерген. Бүгінге дей­ін Анадолының ұйым мүшесі атануына түбегейлі қар­сы болған Меркель бұл жағдайды түпкілікті шеше­тінін айтты. 

The Guardian басылымына сүйенсек, телевизиялық пікірталастан кейін көрермендер Меркельдің дәйектері мен деректері сенімдірек шыққанын айтқан. Олардың 55 пайызы Меркельді жаңа канцлер атануға лайық деп тау­ыпты. Шульцті қолдағандар саны 35 пайызға әрең жеткен.  Электоратқа жүргізілген сауалнамаға қарағанда, алдағы сайлауда кім жеңімпаз болатынын анықтау қиын емес. Германиядағы қазіргі саяси ахуал Ангела Меркельдің тағы бір мерзімге үкімет тізгінін ұстауға әзір екенін көрсетеді. Дегенмен, әлі күнге болжауы қиын бір мәселе бар. Бундестаг негізін қай партия құрайтыны анық емес. Көп жақты пікір ұстанатын Алманияда халықтың жартысынан көбі тек бір партияны таңдайды дегенге сену қиын. Ендеше, алдағы сайлаудан кейін Бундестагтың негізіне айналу үшін партиялар арасында коалиция құрылуы бек мүмкін. Мұндай жағдай өткен сайлауда да кездескен. Сол жолы ХДО мен СДП бірлесіп, қазіргі үкіметтің негізін салған болатын. 

Темірдей тәртіпке үйренген немістерді басқару оңай емес. Сондықтан шығар, ұзақ уақыт ел тізгінін ұстаған канцлерлер санаулы ғана. Бұл мәселеде Меркель ханымның асығ­ы алшысынан түсіп тұр. ХДО көшбасшысы 2005 жыл­дан бері үкіметтің негізгі тұлғасына айналды. Ал­дағы сайлауда «Немістердің анасы» атанып кеткен сая­саткер төртінші мәрте бәсекеге түседі. Осы жолы да Меркельдің айы оңынан туып жатса, ол аты аңызға айнал­ған канцлер, 16 жыл Бундестагты басқарған Гельмут Кольдің рекордын қайталайды.

Абай Асанкелдіұлы,

«Егемен Қазақстан»