Өркениеттің ағымы қатты. Сол өркениеттен қалмай ілесіп жүру де әр елге үлкен табандылықты, жігерлілікті әрі алғырлықты қажет етеді. Ал қайсыбір мемлекеттерге осы үрдіс жетпей өркендеудің төменгі сатысында қалып қойғандары бар. Онда фотоаппаратты алғаш көргендер, айпадты қолдарына алып аңтарыла қарайтындар кездеседі.
Араб елдері озық технологияларды еңбек пен тұрмысқа енгізгендерімен, этнос ретінде әлемдік ғылым-білімге етене араласа қоймаған. Тек, өркениеттің ұтымды тұстарын халық игілігіне жаратып отыр. Еуропада оқымыстылар қатары бір миллион халыққа шаққанда бес мың адамның төңірегінде болса, араб елдерінде ол бір мыңға да жетпейді екен. Азия құрлықтары да осы шамалас.
Алайда, Жапония сияқты өркениет көшінің басында тұрған елдер бар. Онда ғылым да, ғылымның нәтижесі де халықтың тұрмыстық қажетіне әлдеқашан айналған. Бір қайран қалатын дүние – соншама жаһандық құбылыстарды игере тұрып, жапон деген этностың діңіне шіркеу салмағандары. Бәрі ана тілінде сөйлейді, ағылшынға келгенде де мүдірмейді. Ұлттық жадыдан ажырамаған. Әр заманның ағымына ілесіп төл ұғым-түйсігін өзгертуге ешбір оқымыстысы, саясаткері атсалыспаған. Өкініштісі, қазақтың мықтылары ұлттық ой-сананы мешеу, артта қалып қойған деген тұрғыда барынша бірыңғайлауға күш салды. Тіпті, «өзің комсомол бола тұрып, әлі талқан жейсің» деген жорасыз жазғыруларға дейін барды. Осы кінәлаулардан кейін көпшілігі ұлттық тағамдардан да тайынатын болды.
Сөйтіп, төл мүдде большевиктік ыңғайға жығылып, кеңестік саясаттың құрбанына айналып жатты. Қайбір балалар ана тілінде тәлім алмады, бара-бара тілін ұмытты. Олар өсіп, жетілген өз кезегінде ұрпақ санасын мүлде басқа салт-сана көкжиегінде тәрбиеледі. Ондай ұрпақта ұлттық жады болмады, болса да тым әлсіз еді. Кеңестік жүйедегі оқымыстыларымыздың дені өзі отырған бұтағын өзі кесіп жатқанын аңдамады. Осыны түсінген көрнекті қаламгер Ғабиден Мұстафин «Біз ұлтшылдықпен күрестік, енді сендер ұлтсыздықпен күресесіңдер» деп айтқан еді болашақ ұрпаққа. Жарықтық, түбі өркениеттің жақсы бір элементі этностық бейнені сақтап, ғылым-білімді дамыту үрдісі оралатынын аңғарғандай.
Тәуелсіздік тұсында осы әртектілік құндылықтарымыз ретінде бағаланып отыр. Шындығында да таразының екі басындай ұғым – ортақ мақсат, мүддені түсінген. Славяндық санадағылар төл ұғымға, төл ұғымдағылар еуропалық өлшемдерге қарай ұмтылуда. Ортасында ата-баба мұрасы тұр. Екеуінің де көксегені осы алтын қазық. Бүгінде алтын қазыққа оралдық десек болады. «Ат айналып қазығын табар» деп айтқан қазақ, сабырлылыққа, төзімділікке, толеранттылыққа үйреніңдер. Сабыр сақтасаңдар ауа жайылғандар қайта үйірге қосылады деп аманат еткендей. Сондықтан, ауызбіршілік, ынтымақ кез келген өркениет көшіне ілестіріп апарады. Қазіргі таңда ел ішінде қарапайым қазақшаны түсінбейтін азамат жоқ. Жауап бере алмауы мүмкін. Осының өзі алғыр өркениеттің өрісі бар ұрпақты бір беткейге бастап баратынын көрсететіндей.
Дегенмен, ұрымтал тұста озық ойдың трендіне айналып, серке тастың үстінде тұрып сөз сөйлейтін қайсыбір ғалымдарымыз, жазушыларымыз (көнекөз зиялыларымыздың дені десек те болар) әлі күнге дейін компьютерді меңгермеген. Олардың ұғымында интернет жүрдім-бардым сөз сөйлейтін, ойпыл-тойпыл ойдың ордасы сияқты. Сондықтан ондағы көтерілген мәселелерге немқұрайлы қарайды. Ресми байлам деп тасқа басылып қолына тиген баспасөзді ғана біледі. Жылына бір рет газетке қоғамдық ой туралы мақала берсе, «болды, айттым ғой, жетер» деген тоқмейілсулікке бой ұрады. Ал қоғамдық ой-сана әлеуметтік желілер мен интернетте сапырылысып жатыр. Ұлттық жадыны қалыптастырып, рухани жаңғыру мәселесін әлеуметтік желілер арқылы халықтың ішінде жүргізу, қоғам қайраткерлерінің үлесінде сияқты. Өйтудің орнына кейбір зия- лылар қолы бос болса бильярд клубтарын жағалап, бостекілікке салынады. Керісінше, қайсыбір жұрттың қариясына дейін бүгінде блогер болып алған. Үйден шықпай-ақ жастарын тәрбиелеп отыр.
Өкініштісі қазақ зиялыларының ойлағаны бильярд, кәсіпкерлерінің көздегені миллиард болып тұр. Әрине, көпке топырақ шашу жарамас. Әйткенмен, дені осы пиғылдың аясында. Жас тәуелсіз мемлекет үшін іргесін бекітуге жұмсаған әр минут қымбат. Біздің дәуіріміздің басында ғұмыр кешкен Рим империясының философы, ақын және мемлекет қайраткері Луций Анней Сенека «Кейбір адамдар соншалықты кедей, олардың қолында тек ақша ғана бар» деген екен. Сондықтан тойынған да, тоғышарлық та құрдымға жетелейді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» дей келіп, «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деген пайымды қадап айтқан. Сол арқылы өркениет көшіне ілескенде ұлттық иммунитеттің берік болуы – негізгі қағида екенін қаперге мықтап түйіп береді.
Сонымен, алтын қазық айқын, қазығымызды табайық.