Латын әліпбиі көптің талқысына түсуде. Көпшілік Елбасының бастамасын құптап, дер кезінде жасалған бастама екендігіне ықылас білдіріп отыр. Әрине, түйін сөзді, ақиқатты көбік сөзді сапыратындар емес, зиялы қауым, лингвист ғалымдардың шешетіндігі даусыз.
Осыған орай оңтүстікте «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандарттарын енгізу мәселелері» жөнінде алқалы жиын өтті.
Жиынға облыс әкімі, облыстық басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері, түрколог-ғалымдар, жоғары оқу орындарының ғалымдары, тіл мамандары, магистрлер мен студенттер және БАҚ өкілдері қатысты.
Басқосуда сөз алған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев латын әліпбиінің маңыздылығына ерекше тоқталып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынғанын атап өтті. Отырысқа қатысушылар жаңа әліпбидің жобасын талқылап, түрколог ғалымдар латын әліпбиінің бірыңғай нұсқасына қатысты өз пікірлерін білдірді. Ал облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бұл жолда қиыншылықтар болмай қоймайтындығын, көрші өзбек ағайындар осыған байланысты төрт рет реформа жасағанын айтты. Қазақстанның латын әліпбиіне көшетіндігі анық. Бірақ, көп болып ойласатын мәселелер баршылық, деді ол.
Алғашқы болып сөз алған профессор, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметов Елбасымен бір кездесуде «көрінгеннің шанасына міне бергенше өз шанамызға мінейік» дегендігін айтты. Ғалым әліпбиді жасағанда халыққа жақын әріптерді алу жайын қаузады. Осыған орай қалай дыбысталса солай жазып келген якут-саха халқының кириллицаға бағындырғанда тілін бұзып алғандығын қауіп етіп айтты.
Мекемтас Мырзахметов «құлдықтың екі түрі болады. «Біріншісі – қол-аяққа бұғау, қамыт салу болса, одан біркез құтылуға болады. Ал миыңды байласа мәңгүрт халге түсесің. Кеңес империясы екінші тәсілді таңдады. Сондықтан латын әліпбиіне көшу – сананы отарсыздандыру жолындағы маңызды қадам» деп түйіндеді.
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы Мархабат Байғұт әліпби ауыстырғанда біршама қиындықтар болатындығын айтты. Сондықтан қиындықтан қорықпай, тіпті екі әріп тұрмақ, үш әріппен белгіленсе де, қазіргі ұсынған нұсқаны қабылдау керектігін жеткізді.
– Рас, кириллицаны көпшілігіміз қимай тұрмыз. Бірақ, кириллицаға көшкенде де біздің қазақ тілі көп сорақылыққа ұшырап, үндестігін жоғалтып алды. Екі таңба, үш таңбамен белгілеген жөн. Немістерде үш әріптен құралған дыбыстар бар. Одан немістер күйреп, қирап жатқан жоқ, – деді жазушы. Біразға дейін түсінбестік болуы мүмкін, сыртқы күштерге төтеп берсек, көш жүре түзеледі. Ең бастысы, алған бетімізден қайтпай, шыдас беріп, еңбектену керек.
Жазушының ойын жалғаған филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек:
– Біз кириллицаға көшкенде қырғыздарда «қ» әрпі болмай қалды. Өзбекте «ө» әрпі жоқ, масқара болды. Латын әліпбиін қабылдау рухани жаңғыруға апарады. Елбасы мұны дер кезінде күн тәртібіне шығарып отыр деп ойлаймын. Реформа жасай беру пәлендей қиын емес. Сондықтан қазір көш жүріп бара жатқанда арбаның доңғалағына ағашты тыға бермеуіміз керек, – деді.
М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің филология факультетінің деканы Болатбек Тілеубердиев әліпбиді үйренуде дыбыс әуезділігін сақтау қажеттігін айтты. Латынға өткен көрші мемлекеттердің жақсы тәжірибесін алуды ұсынды.
Жиынды қорытындылаған өңір басшысы осындай қызу пікірталастан кейін нақты шешім қабылдауға мүмкіндік туатынын айтты. Жансейіт Қансейітұлы латын әліпбиіне көшу кезінде қазақ тілінің үндестік заңдылықтарын сақтауға мән беруді ұсынды.
– Еліміздің ендігі болашағы – саяси-экономикалық фактормен қатар, оның мемлекеттік тілі – қазақ тілінің тағдырына да тікелей байланысты. Сондықтан латын әліпбиіне көшуде қазақ тілінің заңдылықтарын сақтауымыз керек. Егер олар сақталмаған жағдайда, тіл бұзылады. Егер мұны сақтаған жағдайда, тіліміздің үндестігі, оның әдемілігі, дұрыс айтылуы да бұзылмайтын болады, – деді.
Алқалы жиыннан соң облыс әкімі Түркі әлемі әдеби журналдары редакторларымен кездесті. Қонақтардың арасында «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы Бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Омероғлу, «Башқұртстан қызы» журналының редакторы Гүлназ Кутуева, «Әзербайжан» журналының редакторы Судаба Агабалаева сияқты әдебиет және мәдениет қайраткерлері бар.
Кездесуде сөз алған қонақтар Түркі әлемі әдеби журналдары редакторларының VIII конгресінде айтылған ұсыныстар мен қозғалған пікірлер түркі тілдес халықтардың ортақ тарихын интеграциялауға зор ықпалын тигізеді деген сенім білдірді.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы