• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Қыркүйек, 2017

Ұлы мұраттың ұрпақ жадында жаңғыруы

1019 рет
көрсетілді

Жуырда Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) ұйымдастыруымен жолға шыққан  «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңғыруы» ІІІ халықаралық экспедициясы өз жұмысын Қазақстан жерінде жалғастырды. Ұлытаудағы Домбауыл, Алаша хан, Жошы хан кесенелеріне барып қайтқан бір топ ғалымдар мен зерттеушілер, тілшілер қауымы бабалар ізімен мыңдаған шақырым жолды жүріп өтті.

Керуленнен - Кеңгірге

Құрамы 35 адамнан жасақталған экспедиция Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» Бағдарламасын іске асыру мақсатында жолға шыққан болатын. Профессор Дархан Қыдырәлі бастаған құрам Моңғолияның Кентай аймағынан басталған сапарды Ұлытауда аяқтады. Тарихтың терең қатпарына бойлап, болашақ ұрпаққа ұлағатты аманатты жеткізуді өздеріне парыз санаған ағартушы топтың құрамында 10-нан астам шетел ғалымдары мен БАҚ өкілдері және қазақстандық беделді де белсенді топ бар. Атап айтқанда, Моңғолия ұлттық музейі директорының орынбасары Жамсранжав Байырсахын, РФ Жоғарғы кеңес комитеті төрағасының орынбасары Мурад Заргишиев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университенінен Айболат Құшқымбаев, ҚР Қарулы күштерінің Әскери-тарихи музейінің директоры Перизат Өтепова, Қырғызстандағы Манас унисерситетінің түркологы Нурдин Усеев, Әзербайжан Ұлттық академиясының жетекші ғылыми қызметкері Азад Зейналов, Түркиядағы «NTV» телеарнасының бағдарлама редакторы Зорлу Күршад, «Discovery Azerbaijan» бас редакторы Аида Эйвазова, ҚР Парламенті Сенаты Аппараты Басшысының орынбасары Дархан Жазықбаев, «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали «Қазақ радиолары» ЖШС директоры Мәди Манатбек бар.

Сонымен...

Жошы хан мазары

Түбі бір түркі халықтарына ортақ Кентай аймағындағы Шыңғыс ханның туған жері Бурхан Халдуннан басталған байсалды керуен Ұлы Даланың төсін дүбірге бөлеп келе жатты. Сарысуды сағалап, Қаракеңгірді жағалап Ұлытауды бетке алған топтың аңсарын оятқан даңқты бабалар рухы оларды жебеп тұрды. Ұлы Дала үнсіз тыныстайды. Бірақ, сол үнсіздіктен сыр ұққан жанның құлағына шың басындағы ұлардың дауысы мен мидай жазық даладағы құланның шабысы жеткендей болады. Бұл – шын мәнінде жадының жазық дала мен жабық санада жаңғыру еді...

Алқалы топ сайын дала Сарыарқаға беттеген сайын тарих тәпсірленіп, таным тереңдей түседі. Экспедиция мүшелері «Біз өткен жылы Өтүкенге бардық» дейді бірде.  Оның алдында Алтайға сапар шеккендерін естеріне түсіреді. Қарап отырсаңыз,  экспедиция мүшелері бір атаның баласындай араласып кеткен. Міне, бүгін ұлт ұясы – Ұлытауға келе жатыр.

- Бұл үш мекен, біріншісі Алтай – бүкіл көшпелі жұрттың Алтай тобына жататын Байкалдан Балқанға дейінгі аймағы, тіпті әр жақтағы жапон, кәрістерге дейін, америкалық үндістердің өзі осы Алтайдан тарихи тамыр тартамыз деп жататын қасиетті мекен. Екіншісі – Өтүкен. Ол – Ғұндар мен Көк Түріктердің мекені. Ал, енді бүгін біз келіп отырған Ұлытау – ол Алтын Орданың құрылған қасиетті орыны. Ұлытау – ол аты айтып тұрғандай Ұлы Даланың Ұлы тауы. Кентай – ұлы қағандар өмір сүрген қастерлі аймақ, Шыңғыс қағанның туған топырағы болса, Ұлытау олардың империясы салтанат құрған тарихи орын болып қадырленеді. Алтын Орданың дәуірлеп көтерілуі де Ұлытауға байланысты. Сол алып империяның құлдырауы да осы Ұлы Далада болған. Себебі, Тоқтамыс хан, Едіге би, Әмір Темірдің тарихы да осы Ұлытауға байланысты. Ұлытау тек Қазақ халқының, Қазақ хандығының тарихи мекені ғана емес, түбі бір түркілердің, сондай-ақ көшпелі жұрттың да киелі ордасы, құтты мекені.  Елбасының жуырда жарық көрген бағдарламалық мақаласы Ұлытаудан бастау алатыны белгілі. Осыдан екі жыл бұрын Елбасымыз осы өлкедегі  Әулие Бұлақтың басында керемет әңгіме айтқан болатын. Соның жалғасы ретінде «Рухани жаңғыру» шығып отыр, - дейді Академия басшысы.

Алтын Орда тарихымен тығыз байланысты мекенге Жезқазған қаласы арқылы таңсәріде жеттік. Экспедиция мүшелері ең бірінші Жошы хан мазарына барды. Көне дәуірден келе жатқан түркілердің қасиетті мекеніне тәу еткен топ ескерткішті тамашалаған уақытта Жезқазған қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражайының директоры Кенжал Балкенов өлке шежіресін баяндап өтті.

- Ұлытау – көне дәуірден бері келе жатқан түркілердің мекені. Кезінде тарихтың атасы Геродот Ұлытау тауларын сақ таулары деп атаған. Оған куә Айбас дарасындағы үлкен қорғандар. Соның айналасында оншақты қаланың орындары жатыр. Бұл жерде Дала империясының ұлы ханы  Шыңғыс қаһанның үлкен ұлы Жошы жатыр. Және бұл аймақ жазушы Ілияс Есенберлиннің шығармасындағы Орда-Базар қалашығы деп те аталады. Мазарда Жошы ханмен бірге бәйбішесі Бектумыш ана жерленген. Ол керей ханы Тоғырулдың інісінің қызы. Бірінші қазба жұмыстарын жасаған Әлкей Марғұлан болатын. Кесене екі күмбезден құралып көтерілген. Біріншісі жалған күмбез және он алты қырлы барабанға тұрғызылған сыртқы күмбез, – дейді  К.Балкенов.

Ұлы Моғол империясының далай ханы Шыңғыс қағанның тұңғыш баласы – Жошы хан, бүкіл қазақ хандарының атасы екені ақиқат. Сондықтан, бұл кешен Жошы сұлтан мәңгілікке көшкеннен кейін салынуы мүмкін деген болжам бар.

Домбауыл кешені

Одан кейін экспедиция құрамы оғыз-қыпшақ заманының ғибадат орыны болып есептелетін Домбауыл кешеніне барды. Аңыз бойынша, ол қорымда Жошы ханның кеңесшісі, «Ақсақ құлан» күйінің авторы, аңызға айналған әскербасы Кетбұға жыраудың әкесі жерленген.

 

Қасиетті орынға келе жатқан уақытта ғалым ағамыз Ақеділ Тойшанұлынан Домбауыл жайлы халық аңыздарын сұраймыз. Ғалым бұл кешенге бірнеше аңызды телуге болатынын айтады. Атақты «Алтынбел» аңызында аң аулап жүрген Домбауыл мен досы Дуа соқырдың дарияда ағып бара жатқан алтын сандықты ататыны бар. Сондағы Домбауыл – осы Домбауыл болуы мүмкін деген деректі де біз сол мезетте жоққа шығарғымыз келмегені рас. Алтын сандықта қазақтың ханы Алтынбел патшаның күн нұрынан жүкті болып қалған қызы жатады. Садаққа оқ салып тұрып Дуа соқыр Домбауылға: «Қия атайын ба, тура атайын ба?» дейді. «Қия ат!» депті Домбауыл. Сандықтың ішіндегісін Домбауыл, Дуа соқыр алтын сандықтың өзін алатын болып келіседі. Сөйтіп, ханның қызы Домбауылға тиген екен. Біраз күндер өтіп, қыз босанып, ұл табады. Күннің нұрынан жаратылған балаға Шыңғыс, (яғни,  Шын-қыз) деп ат қояды-мыс. Бұл деректерді біз тарихшы Жамбыл Артықбаевтың «Төрелер шежіресі» деген кітабынан да білетін едік.

Біз біраз уақыттарда Домбауыл дыңының қасында тұрдық.

- Академия ғалымдары  Өтүкендегі, Елтеріс қаған тұсындағы үлкен кешендерді ашып жатқан уақытта ондағы кесенелердің табаны сегіз бұрышты болғанын аңғарды. Ол сегіз бұрышты жұлдыз түркілердің жұлдызы екендігін білдіреді. Міне, мына Домбауыл ескерткішінің де тұғыры сегіз бұрышты болып отыр. Заман өте келе қирап, қайта қалпына келтіру кезінде төрт бұрышты болып қайта қаланған. Бұл кешен түрік дәуірінің соңғы кезеңіне жатады. Ал, енді  Жошы хан мазарының Домбауыл кесенесінен ерекшелігі, осы Ұлы Даладағы исламдық алғашқы ескерткіш болып есептеледі. Ұлытау – екі мәдениеттің тоғысқан ортасы, – дейді Дархан Қуандықұлы.

Моңғолия ұлттық музейі директоры орынбасары, экспедиция мүшесі Жамсранжав Баярсайхан  болса, Домбауыл ескерткішін Х ғасырдағы қидан ескерткішіне ұқсатады. – Мұндай ғұрыптық кешендер тастан  қаланып салынған. Қидандар тасты ағашқа сұғып қалайтын болған. Мен Домбауыл кесенесінен де сол құрылыс үлгісін көріп таң қалдым. Ал, енді пішіні тұрғысынан Домбауыл кесенесі сияқты ескерткіштер Моңғолия жерінде жоқ. Бір қызығы – мен үшін бұл кесене, яғни Домбауыл кесенесі қазақтың киіз үйіне ұқсап тұрғандығы, - дейді ол.

Алаша хан бейіті

Экспедиция мүшелері одан кейін табан тіреген тарихи орын  – Алаша хан кесенесі болды.

Атақты Әлкей Марғұлан бастаған ғалымдарымыз айтқандай,  Алаша хан – ол Шыңғыс ханға қойылған символикалық бейіт делінеді.

Алаша хан мазары жайлы халықаралық Түркі Академиясының ғылыми қызметкері Нәпіл Базылхан кеңінен тоқталды. – Бұл Алаша хан мазары – күмбезі ерекше құрылыс үлгісі болып табылады. Халықтың аңызы бойынша, Шыңғыс ханға арналған деп есептеледі және қадір тұтады. Қазақта да Алаш Алаш болғанда, ағаш үйлі қазақ болғанда деген сөз бар. Сол Алаштың түпкі тамыры да осы Алаша хан болуы керек. Ал, кейбір ғалымдардың зерттеуі бойынша Жәнібек немесе Керей ханның мазары делінеді. Үшінші болжам бойынша,  сегіз қырлы көне түріктерге тиесілі киіз үйлі космос моделі. Моңғолдардан жеткен ескі сөз бойынша да «Керегелі үйіңнен тас үйіңе көштің» деп қайтыс болған адамға салынған осындай кесенелерді тас үйге теңеген. Алаша ханның порталындағы көп жазулар қирап бүлінген. Әлі де археологиялық тұрғыдан көп зерттеуді қажет етеді , – дейді ғалым.

Ұлытау төрінде

Экспедиция мүшелері қасиетті орындары аралап болғаннан кейін Ұлытау ауданына жолға шықты. Аудан орталығында қонақтар этноауылға түсіп, Ұлытаудың жергілікті халқымен кездесті. Жиында экспедиция жұмысы баяндалды. Онда біршама ғалымдар сөз сөйлеп, жергілікті халықтың қонақжайлығына ризашылықтарын білдірді.  – Біз бір ай бойы тарих соқпағына түсіп, ғылыми жұмысымызды жаңа сатыға жеткіздік. Моңғолдың ұлы Даласында 700-ге тарта тарихи ескерткіштер бар. Бұл әлем мәдениетінің ортақ мұрасы. Ол Орта Азияның  да тарихи негізі болып саналады. Біз бұл экспедиция барысында Моңғолияның Шығыс атырабында болдық. Міне сол ізбен Ұлытауға келіп тұрмыз. Біз осындай қадым замандардағы ұлы мәдениеттерді зерттей келе жаңа заман мен ежелгі тарих арасына алтын көпір болсақ дейміз. Бұрын жалған ақпараттар етек алып тұрды, ал қазір нақты ғылымды жаңа ұрпаққа бүлдірмей ұсынуымызға болады. Академияның ауқымды жұмыстары әлі алда, - деді Жамсранжав Баярсайхан мырза.

«Қасиетті Қазақстан» орталығының жетекшісі, экспедиция мүшесі Берік Əбдіғалиұлы да сапарластарына Ұлытауда қосылды. Торғай өңірінде Кейкі батырды жерлеу рәсімінен келе жатқан Берік Әбдіғали жиында сөз алып, осындай сапарды ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Ол өз кезегінде, Қазақстан өңірлерінде туристерге арналған Сапар орталықтары ашылатындығын айтты. Және ол орталықтардың біреуі осы – Ұлытау өңірі болмақ. – Шынын айтсақ, «Біз Ұлытаудың ұлылығын толыққанды тани алдық па?» деген сұрақ туындайды. Осы орайда, Елбасының арқасында қолға алынған жұмыс Ұлытаудың тарихын паш етуге серпіліс берді. Жалпы, Ұлытаудағы тарихи орындардың түркі əлемінде алар орны ерекше. Ойлап қарасақ, Жошы хан неліктен Домбауылдың қасына жерленген? Бұл сұрақ əлі де зерттеуді қажет етеді. Арғысы Алтын орданың тарихымен байланысып жатқан Қазақ хандығының тарихы да осы жерден басталады. Батый хан Еуропаға жорыққа шығып, астананы Сарай-Беркеге ауыстырды. Қазақтар хандарын дəл осы жерде сайлаған. «Хандық» - «мемлекеттілік» деген сөз. Хан елді біріктіретін институт болған. Мұнда Əмір Темірдің де ізі қалған. Қазақ тарихында Ұлытаудың алар ерекше орны бар. Алаша ханның қазақ тарихында алар орны зор. Осыны халыққа танытуға атсалысып жатқан экспедицияға сəттілік тілейміз», - деп атап өтті Б.Әбдіғали.

Жолайрықтағы жоспар

Зерттеуші ғалымдар сапар кезінде сондай-ақ, қазақ хандарының жаз жайлауы болған Хан Ордасына да ат басын іркіді. Жол үстінде Сәтбаев қаласында болып, Академик Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоғын қойды.

Кеш батып кеткеніне қарамастан экспедициялық топ «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайына да соқты. Онда өз ісін жетік меңгерген мұражай қызметкері Нұрсұлу Райымова топты тарихи мұралармен егжей-тегжейлі таныстырып өтті.

Экспедиция мақсатын түсіндірген уақытта ғалым Ақеділ Тойшанұлы біршама тың ақпараттар айтты. Мәселен, бұл экспедиция осыдан бір ай бұрын Шығыс Моңғолиядағы Кентай аймағынан бұрын ғылымға белгісіз болып келген көптеген кешендерді тапқан.

– Экспедициясының бір олжасы – сол жұмбақ мекеннің сырына алғаш болып үңіліп отыр. Топографиялық, геомагниттік зерттеулер жүргізді. Жалпы, осы сапар барысында Кентай аймағының 24 тарихи кешені тіркелді. Олардың координаттық бағыттары анықталды. Қазба жұмыстарының толық нәтижесін алдағы уақытта Астана қаласында мәлімдейтін болады, – дейді халықаралық Түркі Академиясының ғылыми қызметкері.

Ұлытау Ұлы Даланың тарихындағы аса маңызды жер. Сондықтан болса керек, оғыздар батысқа барған кезде Анадолыда құрған мемлекеттерінің астанасын Ұлытау деп атаған. Ұлытау таудың үлкендігіне байланысты емес, оның көнелігіне, ұлылығына байланысты аталған. Қасиетті тауда халық хандарды ақ киізге хан көтеріп, ұлықтап отырған.

Түйін

Бұл тарихи сапардан түйгеніміз – «Рухани жаңғыру» Бағдарламасының ішіндегі «Киелі Қазақстан» Бағдарламасы аясында да экспедиция үлкен бір міндет атқарды деп ойлаймыз. Жалпы Киелі Қазақстан географиясы үшін ғана емес, Ұлытау түркі елінің киелі өңірі екені экспедиция мүшелері тарапынан айтылып жатыр. Негізінен, Түркі академиясы түркі тарихын зерттеуде, зерделеуде, танытуда көптеген жұмыстарды атқарып отыр. Экспедиция мүшелерінің ойынша, Алтын Орданың 750 жылдығы қарсаңында зерттеушілер Самарқанд, Сарайшық, Сарай Берке және Бұлғарға дейін баруды көздейді. Сонымен қатар, Кавказ елдеріне, Байқалдан Будапештке, Венгрияға дейін сапар шегуді мақсат тұтады. Бұл біздің түркі халықтарын жақындастыра түседі. Сондай-ақ, тарихымыздағы көптеген ақтаңдақ беттер ашыла түспек.

Сөзімізді түйіндей келгенде, Қазақ хандығының 550 жылдығында Елбасымыз атап өткендей, жалпы Ұлытау Қазақ хандығының бастауында тұрған қасиетті мекен. Жалпы Орталық Қазақстандағы Әлкей Марғұлан зерттеген, Қаныш Сәтбаев жазып кеткен еңселі ескерткіштердің Ұлытауда кездесетіні бекер емес.

Р.S. Халықаралық экспедиция қайтар жолда Жаңаарқаның үстімен өтіп, қазақтың аяулы перзенті, саналы һәм санаулы ғұмырын халқына арнаған Абыз Ақселеу Сейдімбектің басына барып құран бағыштады. Биыл туғанына 75 жыл толатын ардақты тұлға осыдан тура 8 жыл бұрын дүниеден озған болатын.

Өзінің мәңгілік мекенін кіндік қаны тамған қасиетті Жаңаарқаның төріндегі жақсы Иманақтың етегінен тапқан марқұмның мазары бүгінде Ақселеу биігі деп аталып кеткен. Тұлғаға тағзым жасаған түбі бір түркі жұрты өкілдерінің ішінде марқұмның қызы, экспедиция мүшесі Перизат Акселеуқызы да болды.

Ақселеу биігі кейінгі ұрпаққа темірқазық іспетті кең дала төсінде мұнартып тұрды...

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»

 Суреттерді түсірген Ерлан Омаров

Қарағанды облысы,

Ұлытау ауданы