Алтайдың биік таулары мен шыңдарын қар басып қалыпты. Алайда Табиғат-ана ерекше жайдарылық танытып, шуағын барынша төгіп, мерейлене қалған. Әдетте Өр Алтайдың төрінде, бұл уақытта күн салқындап, қар аралас жаңбыр жауып, артынша кәрі құдаң қыстың жақындап қалатынын сездіретін. Катонқарағай ауданының әкімі Арман Бекбосынов ауа райының оң қабақ танытқанын тиімді пайдаланып жатқандарын тілге тиек етті.
– Аудан бойынша биыл 17 мың гектарға дәнді дақылдар егіп, гектарынан 13 центнерден өнім жинап, барлығы 20 мың тонна астықты қамбаға құйып алдық. Күнбағыс биыл 23 мың гектарға себілген. Оны ору бірер күнде аяқталып қалады. Мемлекеттік ресурстарға астық тапсыру жоспары да орындалатын түрі бар. 185 мың тонна шөп, төрт мың тонна пішендеме, 7 мың тонна сүрлем әзірледік. Бұл азық өңірдегі 45 мыңдай ірі қараға, жүз мыңға тарта қой-ешкіге, 24 мың жылқы, алты мыңға таяу маралға толық жетпек. Соңғы кездері аудандағы мал басын асылдандыруға назар аударудамыз. Қазір 7 марал, үш ара шаруашылығы, жылқы және қой шаруашылықтарында малды асылдандыру жүзеге асты. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында ауданда 1229 жұмыс орны ашылды, бұл өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 20 пайыз артық, – деп аудан әкімі біраз жайлардан хабардар ете кетті.
«Жас келсе – іске» дегендей, бұдан бұрындары министрлікте, облыстық басқармада лауазымды қызметтер атқарған, аудан әкімі қызметінде бір жарым жыл қызмет атқарып, өзінің тындырымды істерімен көзге түскен Арман Ілиясұлының сөзінен аңғарғанымыз, шалғайда жатқан Өр Алтайдың төріндегі ауылдарға жаңалық ене бастаған сыңайлы. Оған мысалдар жеткілікті.
Аудан әкімінің орынбасары Ринат Құрманбаевпен бірге аудан орталығы Үлкен Нарындағы істеліп жатқан жұмыстармен таныстық. Орталық алаңда жақында Тәуелсіздік алаңы іске қосылыпты. Күн нұрымен шағылысқан Бәйтерек алыстан менмұндалайды. «Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне осындай монумент орнаттық. Жақында бұл Тәуелсіздік символын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев салтанатты жағдайда тұсауын кеспек. Басқа да әлеуметтік ғимараттарды аралап көреді» деді әкімнің орынбасары Ринат Құрманбаев. "Нарын" мекемесі аудан орталығында 250 орындық балабақшаның құрылысын бастапты. Ол аманшылық болса, келер жылы пайдалануға берілмек. Ауданда мәдениет ошақтарының саны 40, оның ішінде 24 клуб және 16 кітапхана жұмыс істеп тұр. Өткен жылы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша Барлық, Белқарағай, Аққайнар, Жаңа Хайрузовка, Кіші Нарын ауылдарының клубтарына да қаржы бөлініп, мәдениет үйлері жаңарып сала берген. Ол ол ма, аудан орталығында құны 1600 мың теңгеге жазғы би алаңы пайдалануға беріліпті, "Мәдени мұра" бағдарламасына сай ауданда Ұлы Отан соғысы боздақтарына арналған ескерткіштер мен мемориалдық тақталардың саны отызға жеткен. Катонқарағай ауылындағы азамат соғысы мен саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың ескерткіші де күрделі жөндеуден өткен. Ал «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – 20 жарқын іс" акциясы жайлы әңгіме бөлек.
Жиырма жылдыққа – 20 жарқын іс
– Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы әркімнің есінде қалатындай мәнді де, сәнді өтсе нұр үстіне нұр емес пе, – дейді аудан әкімі Арман Бекбосынов, – біз мерейлі мерекеге ерте бастан әзірлендік, арнайы бағдарлама қабылданды. Шалғайдағы ауылдарда мәдени мақсаттағы ғимараттарды жөндеу, түрлі шараларды өткізуге тұрғындар белсенділікпен қатысуда. Оның үстіне, ауданның ауылшаруашылық құрылымдары Берел қорымында өткен халықаралық "Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі" көрмесінде жетістіктерімізді насихаттадық. Өскеменде өткен бал фестивалі, «Күз тартуы – 2011» жәрмеңкесінде, облыстың Астана қаласындағы мәдени күндеріне белсенділікпен қатысып, Тәуелсіздікке жеткен 20 жылдағы табыстарды паш еттік.
Новополяковка ауылдық округінде мереке құрметіне 48 миллион теңгеге клубқа күрделі жөндеу жүргізіліп, Бесүй ауылында мал сою алаңы іске қосылыпты. Ал Новохайрузовка ауылдық округі де олардан қалыспай, 20 миллион теңгеге мәдениет үйін жарқыратып, спорттық құрал-жабдықтар сатып алған.
Жиенболдың өнегесі
Новоберезовка ауылында жасы жетпістен асып кетсе да шаруа қожалығына жетекшілік жасап, еліне адал қызмет етіп, нарықтың өтпелі кезінде сатып алған екі бірдей ғимаратты тегін қайтарып берген Жиенбол Старшинаев деген елге сыйлы азамат бар. Бекет ауылына келгенімізде, қырманда күнбағыс тазалап жатқан бірнеше жігітті кездестірдік. Олар жаңа ғана Жиенбол ағаның кеңсе жаққа кеткенін айтты.
Ауылдық округтің кеңсесіне келдік. Ауыл әкімі Қабдығали Жексенбаев іссапарда жүр екен. Гүлнәр Нұрсалқанова деген бас маман биыл егіннен жақсы өнім алғандарын айта келіп, «Найман» шаруа қожалығының төрағасы Жиенбол Старшинаевтың атына жылы лебіз білдірді.
– Жиенбол ағамыз ерлікке пара-пар жақсы ісімен абыройға бөленіп отыр. Бұрынғы кеңсе ғимараты мен тағы бір қойманы бір тиын сұрамастан бізге қайтарып берді. Қазір ол жерде 30 орындық тамаша балабақша ашылды. Өз жұмысшыларына көлік, техника сыйлаған Атымтай жомарттығы жайлы қалай айтпасқа? Міне, ағаның өзі де келді, – деп бізге сәлем берген ұзын бойлы, мығым денелі кісіні таныстырды.
Жәкең қария деуге келмейді, әбжіл жігіттерше еркін қимылдайды, сөзі де ширақ, ағынан жарылды.
– Тәуелсіздікті ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына өзімше бір сый жасайын деп екі үлкен ғимаратты тегін қайтарып бердім. Қазір балабақша дайын, ауылдың 50 отбасы балаларын тәрбиелеуге әкелмек. Өзім болсам инженер-механик, бас агроном, партком хатшысы қызметтерін атқарғам, 1996 жылы 11,5 миллион теңге қарызбен шаруа қожалығын құрдым. Семейден "Еділбай" тұқымды бір мың қой әкеліп, өсірдім, егін саламын. Күнбағыс дақылын жинауды аяқтап қалдық. Техникам жеткілікті. Жұмысшыларға екі уақыт тегін тамақ береміз. Озат жұмысшылар В.Огнев, Ә. Қорықбасов деген азаматтарға адал еңбегі үшін «Мазда» және «Ауди» көліктерін сыйға тарттым. Жұмысшылардың отыны мен көмірін, шөбін жеткізіп беруді ұмытпаймыз, – деп Жиенбол ағамыз біраз жайдың басын қайырды.
«Жиырма жылдыққа – 20 жарқын іс» шарасы ауданның басқа да елді мекендерінде қызу жүріп жатыр. Мәселен, Белқарағай ауылдық округінде «Екі дос» ЖШС футбол алаңын салып берсе, Қ.Ахметов деген іскер азамат Жаңатілек деген жерден демалыс кешенін ашпақ. Солоновка, Солдатов, Катонқарағай ауылдық округтерінде балалар саябағы, жолдарды жөндеу, басқа да игілікті шаралар атқарылып жатыр. Ал Ақсу ауылдық округі көптен бері айтылса да қолға алынбаған. Жазаба ауылының көпірін жөндеуді қолға алыпты. Оны "Нарын" мемлекеттік коммуналдық шаруашылығы атқаруда. Балалар алаңы да пайдалануға берілмек. Маралды ауылында пантымен емдеу шипажайын салу, Өрелдегі ескі мектеп ғимаратын жөндеу, тойхана ашу, Аршатыда бюджеттік қаражаттан тыс көпірді салып бітіру, Ақмарал ауылындағы демалушыларға арналған 70 орындық асхана құрылысы да жоспарланған.
Үлкен Нарын ауылындағы шаңғы базасын көрдік. Табиғаты тамаша өлкеде туризмді дамыту ерекше қолған алынып жатыр. Тау етегінде шаңғымен жаттығу, туристік бағыттар бойынша саяхатқа шығу, басқа да игілікті істер Тәуелсіздікке ерекше тарту болып, тұрғындардың ертеңге деген сенімін нығайта түскен.
Францияны таңғалдырып қайтты
«Еңбек деген шағын ауыл бар. Бұл ауылда Гүлнәр Қожамжарова деген атағы көпке мәлім қолөнерші тұрады. Сол Гүлнәр қарындасымыз жақында Франциядан олжалы қайтыпты. Алайда біз келген кезде қолөнерші жұмыс бабымен Зырян қаласына жол тартыпты. Гүлнәрдің қызы Мереке Беленханқызы анасының жолын қуып, киізден сырмақ басу, кілем тоқу, байпақ, алаша, басқа да ұлттық киімдерді тігуді үйреніп жүр екен.
– Шеберлігім анама жетпесе де, ұқыпты әрі тындырымды шәкірт болуға тырысып жүрмін. Анамның бармаған қаласы жоқ десем де болады. Шәуілдірдегі, Шымкенттегі, Өскемендегі мұражайларда арнайы дәріс оқып, шеберлік сыныптарын өткізеді. Францияның Ренн қаласында өткен дүниежүзілік қолөнершілердің басқосуында ол кісі тоқыған бұйымдарға жоғары баға беріліпті. Қазақстаннан барған 8 адамды алматылық ісмер Аяжан Бекқұлова ертіп барып, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы жайлы тоқылған кілем, алаша, киіз бұйымдарын жұртшылыққа паш еткен. Олар қазақстандықтардың шеберлігі мен ұлттық нақыштағы бұйымдарға таңғалып, келер жылы өздеріне тағы шақырыпты, – деді Мереке.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы.