Қазақстан Президенті Қырғыз Республикасының Президенттігіне кандидат Өмірбек Бабановпен кездесті. Бұл туралы akorda.kz хабарлады.
Мемлекет басшысы кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейтіп, бауырластыққа негізделген қарым-қатынасты одан әрі нығайту қажеттігі жөнінде айтты.
– Қазір Қырғызстан ел Президентін сайлау науқаны алдында тұр. Бұл – кез-келген мемлекет үшін аса маңызды кезең. Мен Қырғызстанның тәуелсіздік алғаннан бергі барлық президенттерімен жемісті жұмыс жасауға тырыстым. Қырғыз халқы сенім білдіріп, жаңадан сайлайтын келесі президентпен де өзара тиімді іс-қимыл қалыптастыратын боламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қырғызстан халықтарының арасындағы бірлік пен достықтың маңыздылығына назар аударды.
– Арамызда бөліске түсетін ештеңе жоқ. Біз бауырлас қырғыз халқына әрдайым қолдау көрсетіп келеміз және оған алдағы уақытта да көмек беруге әзірміз. Бұл – көлік-транзит саласындағы ынтымақтастық пен Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара ықпалдастыққа қатысты мәселе, – деді Қазақстан Президенті.
Ө.Бабанов қырғыз халқы Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгерлік жолындағы күш-жігерін жоғары бағалап, оны қолдайтынын атап өтті.
– Мен Қырғызстанның Премьер-Министрі қызметінде болған кезде елдеріңіз бізге тұрақты түрде жан-жақты қолдау көрсетті. Біз бауырлас Қазақстан халқының барлық жетістіктеріне қуанамыз, – деді Қырғыз Республикасының Президенттігіне кандидат.