• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Қыркүйек, 2017

Эколо­гиялық аймақтағы Бестау мен Березов тұрғындары көшіріліп жатыр

353 рет
көрсетілді

Қарашығанақ кенішінің іргесінде, эколо­гиялық аймақта қалған Бестау және Березов ауылдары тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру соңғы жылдары өзекті тақырыптың бірі еді. Бурабайда өткен кездесуде бұл мәселеге Мемлекет басшысының өзі көңіл аударып, көштің жайын қадағалап сұраған болатын.   

Березов пен Бестау ауылдарын көшіру туралы әңгіме қозғалған соң-ақ екі ауылдағы 400-ге таяу отбасымен кез­десу өткізіліп, олардың ерік-таң­дауы белгілі болды. Осыған орай Ақсай қаласында 9 қабатты екі үй арнайы салынса, «Аралтал» шағын ауданынан жер телімі бар 100 тұрғын үй тұрғызылды. Тіпті ақшалай өтемақы алуға мүмкіндік берілді. Осылайша, үлкен көштің басы былтырдан басталып кетті.

Өткен жылдың соңында екі ауыл­дан 82 отбасы – жалпы саны 416 адам Ақсай қаласындағы 5 шағын ауданда орналасқан 80 және 75 пәтерлі тұрғын үйге көшірілді. Әлеуметтік әлсіз топқа жататын және 2014 жылы 28 қарашада балалары уланып, зардап шеккен отбасылар жаңа қонысқа алдымен көшті. 

Енді міне, қалған тұрғындар да экологиясы қауіпті ауылды тастап, жаңа мекенге қоныс аударып жатыр. Ақсай қаласының Қарашығанақ-1 шағын ауданында салынып жатқан 153 пәтерлі 9 қабатты екі үйдің құ­ры­лысы аяқталып қалған. Мұнда бір бөлмелі 36 пәтер, екі бөлмелі 54 пә­т­ер, үш бөлмелі 27 пәтер және төрт бөл­мелі 27 пә­тер қарастырылған, көлем­дері сәйкесінше 52, 68, 88 және 102 шаршы метр. Құрылысты ара­л­ап көрдік. Бөлмелердің ішкі әр­леу жұмыстары ғана қалыпты. Со­ны­­­­мен бірге ауланы абаттан­дыру, ба­­ла­л­ардың демалыс орын­дарын ор­­нату, жол төсеу де қабат жүру­де. Құ­­ры­­­лыс­­шылар қыр­кү­йек­­тің соңы, қазан­­­ның басын­да нысанды үй иеле­ріне тап­сы­раты­нын айтып, уәде беріп отыр.

Бұл жобаны қаржы­лан­ды­рушы – Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг бв консорциумы. Тұрғындарға бері­летін баспана құрылысында бір адамға 15 шаршы метр талабы сақтал­ған. Осыған орай Березов ауылын­да бір үйде тұрған кейбір отбасылар Ақ­сайда су жаңа екі пәтер алып жатыр. Мұның үстіне әр шаңыраққа өтемақы ретінде әжептәуір қаржы берілген.

Ақсай қаласының іргесіндегі Аралтал ауылының шетінде қатар-қатар бой түзеген 100 үйдің сәулеті ерекше. Жоба бо­йын­ша 3 және 4 бөл­мелі етіп салынған тұрғын үйлер­дің көлемі сәйкесінше 90 және 100 шар­шы метрге жуық. Атшап­тырым аула­сы, қосал­қы шаруашылық нысан­дары бар бұл үйлердің барлық ком­му­никациялық желісі жасал­ған, кіре­беріс есікке дейін жол салынған. Қазірдің өзінде мұнда 67 отбасы орналасып үлгеріпті. 

Бұдан бөлек 320 орынға арналған балабақша құрылысы да аяқталып, шілде айында пайдалануға берілді. Балабақша барлық заманауи құрал-жабдық­пен, ойыншықтармен қамта­­масыз етілген. Ал 300 балаға арналған жаңа мектеп құрылысы қазір қызу жү­­ріп жатыр. Бұл нысанды алдағы қа­зан айында аяқтау жоспарланып отыр.

Елбасының тапсырмасымен березов­тықтардың жаңа қо­нысқа жай­лы орналасуын Батыс Қазақстан об­лы­сының әкімі Алтай Көлгіновтің өзі тіке­лей қадағалап келеді. Өткен сен­­бі­де Ақсай қаласына арнайы бар­­ған сапарында да жаңа ауыл­ды бір аралап, жаңа қонысқа кө­шіп келген тұрғындармен кездесті.

Бір қызығы, облыс басшы­сы мен журналистер тобы жа­­қы­н­дағанда, бір ауладан көңіл­ді әуен естілді. Сөйтсек, Березов ауылынан жақында кө­шіп келген Артық пен Сара Қашиев­тер құда шақырып жатыр екен. Құдалары Ғалым мен Ай­шол­пан Шәріповтер де сол Бе­резов ауылынан көшіп келген. Құдай қосқан құдалардың жаңа қоныс­тары да іргелес орналасыпты.

– Жаңа үйіміз өзімізге қатты ұна­ды. Не керектің бәрі бар, жағдайы­мыз жақсы. Міне, жаңа қоныста ал­ғашқы қуанышы­мызды тойлап жатыр­мыз, – дейді үй иесі Артық Қашиев.

– Березов пен Бестау ауылда­рын көшіру ең алдымен Ел­басы­ның тіке­лей бақы­лауында тұр­ған мәселе. Біз Пре­зи­денттің тап­сыр­масын орындаудамыз. Бұл үй­лердің барлығы ҚПО б.в. ком­­паниясының қаражаты есе­бі­­нен салынды. Үйлердің са­па­сына да, көшелердегі жол құ­ры­лысын жүр­гізуге де ерекше мән берілді. Енді сіз­дер тек үй­лері­ңіздің айнала­сын таза ұстап, кө­гал­дандыру жұмыс­та­ры­на атса­лыссаңыздар дейміз. Әри­не, біз де өз тарапымыздан қол­­дау көр­сететін боламыз, – деді облыс әкімі тұрғындармен кездесуінде.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген автор