Қарашығанақ кенішінің іргесінде, экологиялық аймақта қалған Бестау және Березов ауылдары тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру соңғы жылдары өзекті тақырыптың бірі еді. Бурабайда өткен кездесуде бұл мәселеге Мемлекет басшысының өзі көңіл аударып, көштің жайын қадағалап сұраған болатын.
Березов пен Бестау ауылдарын көшіру туралы әңгіме қозғалған соң-ақ екі ауылдағы 400-ге таяу отбасымен кездесу өткізіліп, олардың ерік-таңдауы белгілі болды. Осыған орай Ақсай қаласында 9 қабатты екі үй арнайы салынса, «Аралтал» шағын ауданынан жер телімі бар 100 тұрғын үй тұрғызылды. Тіпті ақшалай өтемақы алуға мүмкіндік берілді. Осылайша, үлкен көштің басы былтырдан басталып кетті.
Өткен жылдың соңында екі ауылдан 82 отбасы – жалпы саны 416 адам Ақсай қаласындағы 5 шағын ауданда орналасқан 80 және 75 пәтерлі тұрғын үйге көшірілді. Әлеуметтік әлсіз топқа жататын және 2014 жылы 28 қарашада балалары уланып, зардап шеккен отбасылар жаңа қонысқа алдымен көшті.
Енді міне, қалған тұрғындар да экологиясы қауіпті ауылды тастап, жаңа мекенге қоныс аударып жатыр. Ақсай қаласының Қарашығанақ-1 шағын ауданында салынып жатқан 153 пәтерлі 9 қабатты екі үйдің құрылысы аяқталып қалған. Мұнда бір бөлмелі 36 пәтер, екі бөлмелі 54 пәтер, үш бөлмелі 27 пәтер және төрт бөлмелі 27 пәтер қарастырылған, көлемдері сәйкесінше 52, 68, 88 және 102 шаршы метр. Құрылысты аралап көрдік. Бөлмелердің ішкі әрлеу жұмыстары ғана қалыпты. Сонымен бірге ауланы абаттандыру, балалардың демалыс орындарын орнату, жол төсеу де қабат жүруде. Құрылысшылар қыркүйектің соңы, қазанның басында нысанды үй иелеріне тапсыратынын айтып, уәде беріп отыр.
Бұл жобаны қаржыландырушы – Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг бв консорциумы. Тұрғындарға берілетін баспана құрылысында бір адамға 15 шаршы метр талабы сақталған. Осыған орай Березов ауылында бір үйде тұрған кейбір отбасылар Ақсайда су жаңа екі пәтер алып жатыр. Мұның үстіне әр шаңыраққа өтемақы ретінде әжептәуір қаржы берілген.
Ақсай қаласының іргесіндегі Аралтал ауылының шетінде қатар-қатар бой түзеген 100 үйдің сәулеті ерекше. Жоба бойынша 3 және 4 бөлмелі етіп салынған тұрғын үйлердің көлемі сәйкесінше 90 және 100 шаршы метрге жуық. Атшаптырым ауласы, қосалқы шаруашылық нысандары бар бұл үйлердің барлық коммуникациялық желісі жасалған, кіреберіс есікке дейін жол салынған. Қазірдің өзінде мұнда 67 отбасы орналасып үлгеріпті.
Бұдан бөлек 320 орынға арналған балабақша құрылысы да аяқталып, шілде айында пайдалануға берілді. Балабақша барлық заманауи құрал-жабдықпен, ойыншықтармен қамтамасыз етілген. Ал 300 балаға арналған жаңа мектеп құрылысы қазір қызу жүріп жатыр. Бұл нысанды алдағы қазан айында аяқтау жоспарланып отыр.
Елбасының тапсырмасымен березовтықтардың жаңа қонысқа жайлы орналасуын Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің өзі тікелей қадағалап келеді. Өткен сенбіде Ақсай қаласына арнайы барған сапарында да жаңа ауылды бір аралап, жаңа қонысқа көшіп келген тұрғындармен кездесті.
Бір қызығы, облыс басшысы мен журналистер тобы жақындағанда, бір ауладан көңілді әуен естілді. Сөйтсек, Березов ауылынан жақында көшіп келген Артық пен Сара Қашиевтер құда шақырып жатыр екен. Құдалары Ғалым мен Айшолпан Шәріповтер де сол Березов ауылынан көшіп келген. Құдай қосқан құдалардың жаңа қоныстары да іргелес орналасыпты.
– Жаңа үйіміз өзімізге қатты ұнады. Не керектің бәрі бар, жағдайымыз жақсы. Міне, жаңа қоныста алғашқы қуанышымызды тойлап жатырмыз, – дейді үй иесі Артық Қашиев.
– Березов пен Бестау ауылдарын көшіру ең алдымен Елбасының тікелей бақылауында тұрған мәселе. Біз Президенттің тапсырмасын орындаудамыз. Бұл үйлердің барлығы ҚПО б.в. компаниясының қаражаты есебінен салынды. Үйлердің сапасына да, көшелердегі жол құрылысын жүргізуге де ерекше мән берілді. Енді сіздер тек үйлеріңіздің айналасын таза ұстап, көгалдандыру жұмыстарына атсалыссаңыздар дейміз. Әрине, біз де өз тарапымыздан қолдау көрсететін боламыз, – деді облыс әкімі тұрғындармен кездесуінде.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген автор