Еліміздің сыртқы әлемдегі абырой-атағы мен халықаралық беделі жүзеге асырылып жатқан ірі бастамалар мен кең ауқымды іс-шаралардан көрініс тауып, өзінің тиісті бағасын алып отыр.
Мәселен соңғы уақытта Астанада ірі халықаралық көрменің жабылу салтанаты және мұсылман әлемінің өзекті даму мәселелері талқыланған жоғары деңгейдегі саммит аяқталды. Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан, Астана және Елбасының есімі жиі аталып, мемлекетіміздің әлемдегі орны айқындала түсті.
Осындай халықаралық саяси шаралар еліміздің әлемдегі бейбітшіл бейнесін, тегеурінді тұлғасын, ымырашыл имиджін нығайта түсері анық. Астана мәмілегер дипломатиясының арқасында «Азияның Женевасы», ірі қаржы орталығын құру арқылы «Орталық Азияның Дубайы» аталып, Орталық Еуразия мен Таяу Шығыс түйіскен күрделі аймақтағы ықпалды саяси орталықтардың біріне айналуда.
Аймақтық қақтығыстарға араағайындық жасауға талпынудың қиындықтарымен қатар, өз жемістері де болары сөзсіз. Мәселен, халықаралық қоғамдастық бұдан былай елімізге айрықша назар аударып, Астананың іс-қимылдары мен сөздеріне үлкен мән бере бастады. Осы орайда Қазақстанның әлемдегі шынайы миссиясы қандай деген маңызды концептуалды сұраққа жауап іздеу қажет деп ойлаймыз.
Қазақстанның сыртқы саясаты жүзеге асырған мәмілегерлік шараларды шетелдік сарапшылар «жұмсақ күш» деп бағалады. Халықаралық қатынастар теориясына сәйкес белгілі нәтижеге немесе мақсатқа тараптарды күштемей, ақылмен көндіру, көңілін табу арқылы жетуді білдіреді. Қазақстанның жұмсақ күші міне осындай дипломатиялық татуластыру, халықаралық тұрақтылық, дінаралық және ұлтаралық келісім, көпжақты сыртқы саясат идеяларына сүйенеді.
Кез келген ірі мемлекеттің сыртқы саясаты ішкі саясатының жалғасы деуге болады. Мәселен, еліміздегі ұлтаралық келісім ұраны, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері сыртқы халықаралық мақсаттармен қатар, ішкі саяси мүдделерді де көздейді. Осындай бастамалар елдің сырттағы, халықаралық сахнадағы түсіністік пен өзара сыйластық идеяларын қолдайтынын айшықтайды. Мәселен, «өркениеттер қақтығысы» сынды идеологемалар ұсынылып жатқан тұстан бері еліміз табанды түрде «өркениеттер үнқатысуы» идеясына жұмыс істеді. Осы орайда, Қазақстанның Батысқа да, Шығысқа да жатпайтыны, екеуінің ортасында «өркениеттерді жалғастырып», тиімді, артықшылыққа ие дәрежеде тұрғаны аса маңызды деген пікірдеміз.
Мәселеге басқа қырынан қарайтын болсақ, еліміз өркениеттер диалогы, араағайындық миссиясы идеяларына қолдау көрсетумен бірге Батыстың терроризмге қарсы бағытталған жаһандық науқаны кезінде әлемдегі экстремистік әрекеттерді терістеп, онымен күресу қажеттілігін ашық мәлімдеп отыр. КСРО-ның ыдырауымен әлемде коммунизмнің ықпалы күрт төмендеген кезде Батыстағы күштер мұсылман елдерімен айналысуға білек сыбана кірісті. Өйткені, жаһандық саясаттың негізгі бағыттарының бірі идеологияның немесе діннің рөлін пайдалануға байланысты. Осы тұрғыдан келгенде Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылықты орнатуға бағытталған күш-жігері сыртқы белсенділік пен көпжақты саясаттың жаһандық сипаттағы үйлесімді көрінісі деуге келеді.
Елбасының БҰҰ деңгейінде терроризммен күресуге қатысты көтерген идеялары да тұрақсыз аймақтардың ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық мәселелерімен байланысты болды. Осыған сәйкес, аймақтағы елдер Қазақстан сияқты дінаралық түсіністік идеясына сүйеніп, экстремизмнің әлеуметтік-экономикалық және мәдени тамырларын жоя алады. Бұл жерде мұсылман елдеріндегі тұрақсыздықтың әлеуметтік теңсіздік пен халықтың наразылығынан туындағаны да ескерілуі тиіс.
Осылайша, Қазақстан өркениетаралық үнқатысу мен мәдениетаралық пікір алмасуларды қолдай отырып, әлемнің тұрақтылығына үлес қосуға үлкен күш жұмсап келеді. Мұндай көпжақты саясат әлемді шарпыған әлеуметтік және геосаяси теңсіздік мәселелерінен елімізді сақтауда.
Сонымен қатар, жоғарыда аталған прагматикалық мақсаты бар еліміз шын мәнінде, халықаралық қоғамдастықтың толыққанды, жауапкер ойыншысы болуды көздесе, жалпы тұжырымдамалармен қатар, қазақстандық қоғамның сыртқы әлеммен органикалық, табиғи байланыстарын негізге алатын концептуалдық әдістемелер мен ұғымдарды жетілдіру қажет.
Жанат МОМЫНҚҰЛОВ, сарапшы