• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Қыркүйек, 2017

Астана процесін әлем жоғары бағалады

242 рет
көрсетілді

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануы Азия және Африкадағы дамушы мемлекеттердің арасында тұрақтылықтың орнауына игі ықпал етуде. Сонымен бірге, осы өңір елдерімен ынтымақтастықты нығайтуға себебін тигізіп келеді. Осыған орай, Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің директоры Айдарбек ТҰМАТОВҚА бірнеше сұрақ қойған едік. 

 

– Айдарбек Әнуарбекұлы, Қазақстанның БҰҰ ҚК тұ­рақты емес мүшелігіне Орта­лық Азия елдері арасынан бірін­ші болып сайлануына қандай себептер болды? 

– Өздеріңіз білетіндей, Бі­ріккен Ұлттар Ұйымы жа­һан­­дық қауіпсіздік пен тұ­рақ­­тылықты сақтап, оны ны­ғай­туға жауапты басты халық­аралық ұйым. Аталған ұйымның «Қауіпсіздік Кеңесі» деп аталатын құрылымына 15 мемлекет мүше болып сайланады. Оның ішінде бесеуі – тұрақты мүшелер, ал қалған оны – бел­гілі бір мерзімге сайланады. На­зар аударарлығы сол, БҰҰ Қа­уіпсіздік Кеңесі қабылдаған бүкіл қарарлар міндеттеуші күшке ие болып табылады.

Еліміздің осындай ық­пал­­ды құрылымға 2017-2018 жылдарға мүше болуы, біріншіден, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халық­ара­лық аренадағы жоғары мәр­тебесін көрсетеді. Екін­шіден, халықаралық қоғам­дастық тарапынан еліміздің жүргізіп отырған сыртқы сая­си бағытына зор сенім артыл­ғанын білдіреді. Әрине, қазіргі таңда көптеген қақтығыс ошақтары Азия және Африка құрлықтарында көрініс беріп отыр. Мысалы, Таяу Шығыс өңіріндегі Палестина-Израиль мәселесі, Сирия дағдарысы, Йемен, Ливия, Ирак елдеріндегі проб­лемалар әлі шешімдерін таппай келе жатыр. Сонымен қатар, Солтүстік Корея мен­ Оңтүстік Корея, Сауд Ара­биясы мен Иран, Үндістан мен Пәкістан арасындағы теке­тірестер де әлем­­дік тұрақ­тылықты шайқалту қаупін тудыруда. 

Осындай жаһандық қа­уіп-қатерлердің сақталуы жағ­дайында көптеген бейбіт бас­тамаларымен белгілі бол­ған Қазақстан аталған қақ­тығыс­тарды реттеу бағытында едә­уір күш-жігер жұмсады. Мә­селен, 2013 жылғы ақпан және сәуір айларында Иранның ядролық мәселесі бойынша­ еліміз екі рет келіссөздер үшін өз алаңын ұсынды. Оған қоса, Ас­тана қа­ласы 2015 жылғы ма­мыр және қазан айларында Сирияның бірқатар оппо­зициялық топтары арасындағы кездесулер үшін келіссөздер алаңы болғанын атап өтуге болады. Сондай-ақ Елбасымыз 2016 жылы Ресей мен Түркия ара­сында болған кикілжіңді реттеуге ерекше үлес қосқаны барлығының есін­де.

Осының нәтижесінде еліміз «әділ бітімгер» ретінде танылып, халықаралық қоғамдастық арасында зор сенімге ие болды. Бүгінде Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұ­мысы оған мүше барлық мем­лекеттердің, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы мен оның арнайы өкілдерінің жоғары бағасына ие болып отыр деп толық сеніммен айта аламыз. Биылғы жылдың қаңтар айынан бері, яғни еліміздің осы құрылымға мүше болу уа­қы­тынан бастап Астананың алты рет Си­рия жөніндегі халық­аралық кездесулерді қабылдауы, сырт­қы саяси бағытымыздың осындай жоғары баға алуына тағы бір себеп болып табылатыны сөзсіз.

– Солтүстік Корея дағда­рысындағы Қазақ­станның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақ­ты емес мүшесі ретіндегі позиция-сы қандай?

– Қазақстан Корей түбе­гіндегі саяси ахуалдар шиеле­нісінің өршіп кетпеуін қалай­ды. Алайда, бұл елдің іс-әре­кет­тері БҰҰ Қауіпсіздік Ке­ңе­сінің қарарларын өрескел бұ­зып, қазіргі таңда Шығыс Азия өңіріне және жаһандық ауқымдағы бейбітшілікке қауіп төндіруде. Сонымен қатар, Сол­түстік Кореяның жауапсыз саясаты ядролық қару­сыз­данудың жаһандық үдерісіне кері әсер етіп, келешекте ядролық қарудан азат әлемді құру жөніндегі ұжымдық күш-жігерге зиян кел­ті­ріп жатқаны анық.

Пхеньянның қазіргі халық­аралық қоғамдастықтың жоға­рыдағы талаптарына мән бер­меуі қазақстандық тарапты да алаң­датып отыр. Осы ретте Ас­тана мүдделі тараптар­ды Солтүстік Кореяның қаты­суымен көпжақты келіссөздер форматында жан­дандыруға үміт артады. Сонымен бірге, Ядролық сынақ­тарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың 14-бабы бойын­ша 9-шы конференцияға тең төрағалық ете отырып, Қа­зақстан қазіргі қайшылықты үнқатысу арқылы әрі саяси және дипломатиялық жолмен шешу ұстанымын басшылыққа алады. Жалпы, Қазақстан Пхеньян тарапының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қа­рарларын бірнеше рет өрескел бұзғандығына алаң­даушылық білдіріп, оларды мүл­тіксіз және сөзсіз орындауды талап етуде. 

– Сирия трагедиясының аяқталуына Қазақстанның қосып жүрген бітімгерлік бас­­та­малары әлемде қалай бағалануда? «Астана проце­сінің» нәтижелері туралы айтып берсеңіз?

– Сирия жөніндегі «Астана процесі» туралы айта кетсек, аталған кездесулер Сириядағы қақтығысушы тараптар арасында соғыс амалдарын тоқтатуға бағытталған. Жоғарыда айтып өткенімдей, Сирия жө­нін­дегі «Астана процесі» ая­сын­дағы келіссөздер Мем­лекет басшысының толық қол­дауымен және тікелей атсалысуымен 2017 жылдың қаңтар айында басталды.

Қазіргі кезге дейін «Астана процесі» аясындағы келіс­сөз­дердің алты раунды өтті. Оның негізгі нәтижелерінің бірі ретінде келіссөздердің ма­мыр айындағы төртінші раун­дының қорытындысы бойын­ша Сирияда деэскалация аймақ­тарын қалыптастыру жөніндегі меморандумға Ресей, Түркия және Иранның қол қойғанын атап өткім ке­ле­ді. 2017 жылдың 14-15 қыркүйегінде өткен алтыншы кездесудің қорытындылары бойынша кепілгерлер «үштігі» аталған меморандум негізінде Сирияның түрлі өңірінде төрт деэскалация аймағының қа­лыптасқанын мәлімдеді. 

Аталған деэскалация ай­мақ­тарын құрудың негізгі мақ­саты Сириядағы қантөгіс пен зорлық-зомбылық деңгейін төмендете отырып, ондағы гуманитарлық жағдайды жақ­сартуға, инфра­құ­рылым нысан­дарын қалпына келтіруге, халыққа медициналық кө­мек көрсетуге, сондай-ақ бос­­қындардың ерікті түрде Си­рияға қайта оралуларына жағ­дай туғызу болып табылаты­нына назар аудару қажет. Қа­зіргі таңда Астанада өткен келіссөздерде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру арқылы Сириядағы әскери қақтығыс ауқымы айтарлықтай төмендеп, жағдайды бейбіт реттеуге қолайлы алғышарттар жасалуда. 

Жалпы, «Астана процесі» халықаралық қоғамдастықтың, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының жоғары бағасына ие болып, Сирияда бейбітшілік пен тұрақтылықты қайта қал­пы­на келтірген процесс ре­тінде кеңінен мойындалуда. Өйткені, осыған дейінгі тал­пыныстарға қарағанда, Аста­на процесінің нәтижесінде бекі­тілген Сириядағы атысты доға­ру режімі қатарынан бір­неше айға созылып, қақ­тығыс басталғалы бері мер­зімі жағынан ең ұзақ әрі тиім­ді механизм екендігін дәлелдеді. Сондай-ақ Қазақ­станда өтіп отырған Сирия жө­ніндегі келіссөздер Жене­ва процесінің саяси күн тәртібіндегі сұрақтарға, оның ішінде Сирияның келешек саяси құрылымына қатысты мәселелердің талқылануына серпін бергендігі сөзсіз. 

– Сириядағы азаматтық соғыстың ғаламдық текеті­рес­ке айналып кету қаупі бар ма? 

– Жалпы, Сириядағы жағ­дайды бөлек бір қақтығыс деп сипаттағаннан гөрі, әлемдік және өңірлік алпауыт елдердің арасында әлдеқашан туындаған кешендік текетірес алаңының бір бөлігі ретінде қарастыруды орынды деп санаймын. Сирия­дағы қақтығысқа түрлі халық­аралық факторлардың көптеп араласуы себепті онда­ғы жағдайды реттеу аса күрделі мін­дет болып табылады. Дегенмен, бірнеше жыл бойы жалғасып келе жатқан қарулы қақтығысты әскери жолмен реттеудің мүмкін емес екендігіне барлық мүдделі тараптың көзі жетті деп айтуға толық негіз бар.

– Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақ­ты емес мүшелігіндегі африкалық әріптес мемлекеттермен Қазақстанның қа­рым-қатынасы қандай?

– Қазіргі кезде БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесіне Африка құрлы­ғынан сайланған мемлекеттер арасында Эфиопия, Мысыр және Сенегал елдері тұрақты емес мүше. Бұл елдермен еліміз БҰҰ шеңберінде тиімді әріптестік орнатты. Аталған құр­лықтың басты өңірлік ұйымы Африкалық одақ екендігі белгілі. Сол себепті, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуға ниет білдірген африкалық елдердің кандидатуралары Африкалық одақ аясында өзара келісім негізінде таңдалады.

Қазақстанның Африка елде­рімен қарым-қатынастары екі­жақты негізде де қарқынды да­мып келе жатқандығын атап өткім келеді. Осы құр­лық елдерімен Біріккен Ұлт­тар Ұйымы шеңберінде ынты­мақтастығымызды нығайту өзінің өзектілігі мен тиімділігін көрсетіп отыр. Жалпы, аталған өңір елдерінің басым көпшілігі түрлі саяси және экономикалық қиындықтармен бетпе-бет келіп отырғанына қарамастан, олардың болашақта зор әлеуеті бар екендігін атап өткен жөн. -Әңгімеңізге рахмет. 

Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ,  «Егемен Қазақстан»