• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Қыркүйек, 2017

Хат қоржын (20.09.2017)

431 рет
көрсетілді

Оқырман хаты

Аудан жастары қолғабыс етті

«Жас Отан» жастар қанатының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы Маңғыстау ауданында да сәтті жүзеге асып келеді. Жасотандық жас­тар тек Шетпе селосында ғана емес, сонымен қатар, Қызан, Ұштаған, Жыңғылды ауылдарында да белсенділік танытуда.  Осындай игі іс шетпелік тыл ардагері, жалғызбасты Спанғали Байдуллаевтың үйінде жалғасын тапты. Шараның мақсаты –келер ұрпаққа үлгі-өнеге көрсеткен ардагерлерді құрметтеп, олардың ерліктерін дәріптеу болды. Аталмыш шараға қатысқан Шетпедегі Алшын Меңдалиев атындағы орта мектептің белсенді жасотандықтары мен еріктілер тобы Спанғали атаның үйіне барып, іргелі іс тындырып қайтты. Жастар Спанғали ақсақалдың үй-жайын, қораларын тазартты. Кездесу барысында жастар ардагермен сұхбат жүргізіп, көңілін көтеру үшін концерттік бағдарламалар ұйымдастырды. Ән айтып, күй шертіп, қыздар мың бұралып билеп берді. Біз де өз тарапымыздан еліміздің барлық жастарын игі істің басында жүріп, қарияларға құрмет танытуда белсенді болуға шақырамыз. 

Аллаберген ҚОНАРБАЕВ, жастар қанатының төрағасы

Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы

Балабақшада барлық жағдай бар

Осыдан біраз бұрын Ақмола облысының Бурабай ауданында 125 орындық балабақша ашылып, ел күткен игі шара жүзеге асқан болатын. Бұл «Балапан» атты жарты ғасырға жуық бұрын салынған ғимаратқа өткен жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, балабақша ретінде қайта жасақталды. Мекеме басшысының айтуы бойынша, жобаның құны 70 миллион теңгені құраса, оның 60 миллион теңгесі «Даму» кəсіпкерлікті дамыту қоры арқылы бөлінген.  «Қазіргі заманға сай жабдықталған балабақшада балалардың мектепке дейінгі білім мен тəрбие алуына барлық жағдай жасалынған. Осы мақсатта 30 миллион теңгенің құрал-жабдықтары сатып алынып, орнатылды. Нысанда 4 ойын алаңы, 4 жатын бөлме, 4 санитарлық желі, спорт жəне музыка залдары бар. Үстіміздегі жылы ғимараттың кәріз, су жəне жылу жүйелерін жаңарту көзделіп отыр»,  дей келе мекеме басшысы, ауыл тұрғындары атынан қамқорлық көрсеткен ел азаматтарына ризашылығын білдірді.

 Аслан ОСПАНОВ

 Ақмола облысы

Қараусыз қалған ақын зираты

«Осындай жайсыз хабарды естіп, онда арнайы бардым. Күре жолдан кесенеге апаратын жол шұрқ тесік, екі жиегін белуардан шөп басып, моланың иесіз екенін әп дегеннен көрсетті. Жете берістегі көпірден көктемде су асып кетсе керек, бүлініп қалған. Кесене қоршауынан сәл әрі әлдекім шлагбаум қойыпты. Онысы бір жағына қисайып, осы маңның сиқын алып тұр. Қоршау ішіндегі жағдай да тұп-тура жол үстіндегідей. Сонау жылдары мола алдына гүл отырғызатын астаулар қойылғанын білетінбіз. Олардың да сынғаны сынып, сынбағанының бояуы оңып сұрықсызданыпты. Мұнда да шөп белуардан. Неше жыл шалғы тимегені анық. Облыс басшылары ат басын бұрмағаны осыдан-ақ көрінді. Көңіліміз түсіп, Сара апамыздың әруағына арнап құран оқыдық. Біздің қолдан келер осы ғана ғой.

Қадіржан МҰСАҒҰЛОВ

Алматы

Малай елінің матасы Осы жасқа дейін түрлі сыйлықтар да, сәлемдемелер де алып жүрмін. Барлығы да шын көңілден берілген туыстардың, достардың ұсынған нәрселері болғаннан кейін көп мән бермейді екенмін. Биыл ғана Малайзиядан Дарияның беріп жіберген көйлектік матасы көзге ерекше ыстық көрінді.  Сәл шегініс жасайтын болсам, Дария – қызым Айымзаданың құрбысы, жұмыстасы. Дария өзінің жігерлілігі, ізденімпаздығы арқасында Астанадағы Қазақ радиосында 2 жыл қызмет атқарды. Өте бауырмал, қайырымды. Бірде қызым хабарласып, «Апа, Дарияға Жетісайдан Абзал деген жігіт құда түскелі жатыр. Күзде жұмыс бабымен Малайзияға кетеді, сол жақта елшілікте істейді»,  деді.  Бүгінде Абзал мен Дария сол жақта тұрып жатыр. Кішкентайлы болған, ата-аналары да барып тұрады. Жақында елге келген қызымнан Дария сәлемдемеге малай елінің көйлектік матасын беріп жіберіпті. Біреулерге жай мата болуы мүмкін, мен үшін салт-дәстүрді бойына сіңірген қарапайым қазақ қызының елге деген сағынышы, ұлтты ұйыстырар тәрбиесі жатқандай. Қазақта «Сыйға – сый, сыраға – бал» – деген нақыл сөз бар. Әзірге Абзал мен Дарияға, кішкентай Тиараға еліміздің бас газеті арқылы ыстық сәлемімді жолдап, іссапарларың сәтті аяқталып, туған жерге аман-есен оралыңдар деген тілектемін.

    Гүлжан ТОҚМУРЗИНА, мұғалім Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылы 

Лимонымыз өнім берсе екен Екі жыл бұрын Түркістан қаласына қарасты Иассы ауылдық округiндегі «Қанжiгiт» шаруа қожалығының жылыжайында лимон талшығы отырғызылыпты деген хабарды естіп елең ете қалғанбыз.  2015 жылдың желтоқсан айында егiлген цитрусты көшеттер осы жылдың күзінде өнiм бередi екен. Осындай жаңалықпен бөліскен «Қанжiгiт» ШҚ агрономы Б.Момынов «Лимон 40-60 жыл жасайтын өсімдік. Алғашқы жемiсiн 2 немесе 3 жылда бередi. Өйткенi бұл баяу өседі. Сондықтан лимон өсіруде асқан шыдамдылық қажет. Кейде осындай күтіммен банан, киви сияқты тропикалық жемiстердi де жүрексінбей жылыжайларда өсiруге болатын сияқты»,  деп жаңашыл ойларын жеткізген болатын. Б.Момынов лимон көшеттерiне күтiм жасауды жақсы меңгерген. Арнайы курстан дәрiс алған агроном 3 гектар жерге егілген лимон ағашынан алдағы уақытта мол өнiм алуды жоспарлап отырғанын айтады.  Айта кетерлігі, «Қанжiгiт» ШҚ жылыжай кәсібін бастағанына бес жылдан асқан. 3 гектар жерге қызанақ пен қияр егіп отырған шаруа қожалық өкілінің айтуынша жылыжай аумағын кеңейтiп, өнiм түрлерiн көбейтпек ниетте. Бүгiнде мұнда 30-ға жуық ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылып отыр. 

Аман БОЛСЫН

Оңтүстік Қазақстан облысы