• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Қыркүйек, 2017

«Астана» қаржы орталығы инвесторларға теңдессіз жеңілдік ұсынбақ

424 рет
көрсетілді

Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов ЭКСПО алаңында орналасатын қаржы орталығының алғашқы адымдары мен алдағы жоспарларымен бөлісті.  «Астана» қаржы орталығы алаңында инвесторларға теңдессіз жеңілдік шарттары қарастырылып отыр екен.

Айталық, инвесторларды ынталандыру үшін 2065 жылдың аяғына дейін корпоративтік және жеке табыс салығыннан босататын салықтық жеңілдіктер ұсынылады. Келесі жылдың қаңтар айынан Біріккен Араб Әмірліктері, Малайзия, Сингапур, Монако секілді елдердің азаматтары Қазақстанға 30 күнге дейін визасыз кіре алады.

Ал орталықтың қызметкерлері мен олардың отбасыларына бес жылға дейін ұзақ мерзімді визалар беріледі. Сондай-ақ, үздік тәжірибеге сай, қаржы орталығы жеңілдетілген виза беру режимін, тіркеуді, жұмысқа алуды, өзге де құжаттық процедураларды «бір терезе» қағидатымен жүзеге асырмақ.  Бұған қоса, арнайы мамандандырылған «АХҚО Экспат орталығын» құру жоспарланып отыр. Бұл орталыққа көші-қон, әкімшілік полиция, мемлекеттік кірістер, халыққа және инвесторларға қызмет көрсету орталықтарының қызметтері топтастырылып, шетелдік қызметкерлерге бір жерден қызмет көрсету тәртібі енгізілмек.

Сонымен, ел экономикасына пайдасы көп ірі жобаларды жүзеге асырғалы отырған  «Астана» халықаралық қаржы орталығы 2018 жылдың қаңтар айынан бастап толыққанды қызметіне кіріседі.  Баспасөз мәслихатына қатысып, сөз сөйлеген қаржы орталығының атқарушы директоры Саясат Нұрбектің айтуынша, орталық өзінің алдында тұрған маңызды міндеттерді кезең-кезеңімен жүзеге асырмақ. Алғашқы бесжылдықта Орталық Азияны қамтитын өңірлік орталыққа айналу, одан кейін Еуразия кеңістігіне шығу жоспарланып отыр. Содан кейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясында ғаламдық деңгейге жетіп, әлемнің ең үздіқ қаржы хабына айналу көзделіп отыр.

Ал дәл қазіргі жағдайда «Астана» қаржы орталығының инфрақұрылымдарын жасақтау, әртүрлі құрылымдарын құру және оларды білікті кадрлармен қамтамасыз ету үрдісі жүргізіліп жатыр.   

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»