Өңірдегі Ертіс ауданында биылғы жаңа оқу жылының алғашқы күні аудан мектептерінде «Алақай, мен 1-ші сыныпқа барамын!» атты білім күніне арналған мерекелік шаралар өтті.
Ал, аудан орталығы Ертіс ауылындағы №3 жалпы білім беретін орта мектепке облыс орталығындағы Ресей Сбербанк филиалының өкілдері келді. Бәрімізге белгілі, бұл мектепте Ресей жинақ банкінің Басқарма төрағасы Герман Греф 70-ші жылдары білім алған. Аудандағы Панфилов ауылында 1964 жылы туып, сол жерде ержеткен. Әке-шешесі соғыс кезінде Ертіс ауданына жер аударылған. Ресейлік танымал қаржыгер әр жылдары қызметі аса қауырт болса да, сәті түскенде туған ауылына, өскен жеріне келіп те тұрады. Осыдан 6-7 жылдай бұрын өзі оқыған мектебінің 75 жылдығына орай Герман Оскарович бірнеше компьютер, интерактивті тақта, фотоаппарат, бейнекамера тарту еткен-ді.
Бұл жолы да облыс орталығындағы Ресей жинақ банкінің өкілі Айсұлу Қалиева Герман Грефтің ыстық сәлемін жеткізді. Сәлемдеме «Алақай, мен 1-ші сыныпқа барамын!» шарасына орай №3 Ертіс орта мектебінің 1 –ші сыныбына оқуға келген 20-дан аса оқушыға оқу құралдары тарту етілді. Алдағы уақытта облыстық банк филиалы «Мектепке тағзым» акциясы бойынша көмек көрсетуге де ниетті. Балалар қуанышқа бөленіп, естелік суреттерге түсті. Мектеп директоры Сандуғаш Бекжасарованың айтуынша, қазір мектепте 72 қазақ, 127 орыс, 15 украин, 2 белорусь, 17 неміс, 1 азербайжан, 7 татар және шешен, молдаван басқа да ұлт өкілдерінің балалары орыс тілінде білім алады.
Фарида Бықай
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы, Ертіс ауданы