• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Қыркүйек, 2017

Балалардың демалысы бақылаусыз қалмасын

432 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда балалар арасындағы жарақат алулардың көбейіп бара жатқаны жұрттың бәрін де толғандырып жүр. Денсаулық сақтау министрлігінің 2015 жылғы деректеріне қарағанда олардың саны 162 399 болса, 2016 жылдың деректеріне қарағанда 9,8 пайызға артып, 178 360 жеткен. Бұл алдындағы жылмен салыстырғанда 16 мыңға артты деген сөз.  

 

Осындай жайт барлық қа­зақ­стандық ата-аналарды­ ойлан­дыру­ға тиіс. Жарақат алулардың көбейіп бара жатқандығының бір себебі ешқандай ересек адамның бақылауынсыз қалатын балалардың ойнау алаңдары. Сондайдың бір мысалы ретінде Қостанай қаласындағы қайғылы оқиғаны айтуға болады. Ересек адамның бақылауынсыз батутта секіріп жүрген екі бүлдіршін ұшып кетіп, қатты жарақаттар алған. Өйткені батуттың айналасына келеңсіздіктен сақтандыруға тиісті тор тартылмаған, тым болмаса құлағанда денелерін ауыртпайтын жұмсақ заттар да төселмеген.

Қазір балалардың салт атпен қыды­руына да рұқсат берілген. Алты жасар Лаура деген қыз салт атпен жүргенде қасында ешқандай үйретуші болмаған және қыдыру алаңы да атты адамға тар болған, соның салдарынан қыз үріккен аттан құлап, оң жақ иығын сындырып, қатты жарақат алған. Бүлдіршін ұзақ уақыт қиналып, аурухананың төсегіне таңылуға мәжбүр болды. Ал биылғы қыста он екі жасар Аружанның тағдыры тіпті аянышты, ол мұз сырғанақта қатты соғылғаннан қаза тапты...

Міне, осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Осының бәрі бала­лардың демалыс сағатын дұрыс ұйым­дастыра алмау мен бақылаудың төмен­дігінен болып отыр.

Балалар біздің болашағымыз, олар­дың аман өсуі­не барлық қазақ­стандық ересектер жауаптымыз. Осы міндетті ескере отырып мен Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдап, мына мәселе­лердің шеші­луін ұсындым:

1.Балалардың белсенді де­малы­­сын ұйымдастыратын орын­дардың жауап­кершілігі мен пайдалану тәртіпте­рін қарас­тырған стандарттардың болуы қа­дағаланып және олардың заң­намалық, нормативтік базаларына сарап жасалып, қажетінше жетілдірілсін;

2.Жергілікті атқарушы органдар өз аумақ­тарындағы бала­лар­дың демалыс орындарын элек­тронды базаға енгізіп және олар­дың жұмысын бақылауға алуға мін­деттелсін;

3.Осы іске қатысы бар бар­лық мем­лекеттік орган­дардың ба­қылау шараларын жүргізу ісіне жергілікті өзін-өзі басқару органдарының белсенділерін тарту және оларды нормативтік базалар әзірлеу ісіне қатыс­тыру қадағалансын;

4.2018 жылға дейін бала­лардың белсенді демалысы ұйым­­дас­тырылатын барлық орын­дардың қауіпсіздігін анық­тау үшін тексеріс жүргізіп, сынған, дұ­рыс бекітілмеген және т.б. жаб­дықтардың жөнделуі мен бекі­тілуі анық­талсын.

Осы жұмыстардың орындалуын қатаң бақылауға алуды сұраймын деген сауалымды көптеген әріптестерім қолдады.

Иван КЛИМЕНКО, Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі