Жыл басынан бері Астана қаласының ІІД ЖПҚ табиғатты қорғау полициясының инспекторлары тарапынан ҚРӘҚтК 505 бабын бұзғаны үшін 3877 заңды және жеке тұлғалар жауапқа тартылды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Айыппұлдардың жалпы көлемі 45 млн теңгені құрады, деп хабарлады елорда әкімдігінің медиа орталық тілшісіне Астана қаласының ІІД ЖПҚ ТҚБ аға инспекторы Ерлік Жаманғозов.
- Табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері аудан әкімдіктерінің мамандарымен бірге бекітілген аумақтарға тексеріс жүргізуде қаланы абаттандыру ережелері талабына сай болуы керек құрылыс алаңдарын зерттеу бойынша жұмыстар жүргізуде. Жыл басынан бері қалдықтарды уақытылы шығармау, құрылыс участкесі төңірегінен басқа жерге құрылыс материалдарын төгу, қоршаулардың болмауы, ауыр жүкті көліктерінің дөңгелектерін жуу пунктері бойынша 177 құрылыс компаниялары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы көлемі 12 млн теңге сомасында айыппұл салынды, - деп хабарлады Е.Жаманғозов.
Қызмет көрсететін аумағын тұрмыстық қатты қалдықтардан, құрылыс және үлкен көлемді қоқыстардан, қардан, мұздан уақытылы тазартпағандықтан, хабарландыру тақтайшасының, подъезге кіреберісте жәшіктердің болмағаны үшін ЖПҚ табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері 129 қызмет көрсетуші ұйымдарды (ПИК, ЖШС, т.б.) әкімшілік жауапкершілікке тартып, жалпы көлемі 6 171 680 теңге айыппұл салған.
Күн сайын елордалық ІІД ЖПҚ табиғатты қорғау полициясы рұқсат етілмеген жерлерге қалдықтар төгу орындарына мониторинг жүргізіп, зерттейді.
- Жыл басынан бері барлығы белгіленбеген жерге қоқыс төккені үшін 58 жүргізуші ұсталды. Ал салынған айыппұл көлемі 2 745 490 теңгені құрады, - деді Е.Жаманғозов.