• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Қыркүйек, 2017

Бірлік ауылында мешіт ашылды

1389 рет
көрсетілді

 Алматы облысы, Сарқан ауданы, Бірлік ауылы діни мерекелер мен жұма намазын Сарқанға барып өтейтін. Себебі, ауылда мешіт жоқ. Қабырғаға бататын-ақ жағдай. Соңғы күндер – бірліктіктер үшін бұл мәселенің шешімін табуымен есте қалғаны даусыз. Енді бұл ауылда мешіт бар! «Береке-Бірлік» мешітінің іргетасын қалап, айшығын қадап, мұнарасын тіктеген – ауыл азаматтары. 

Төрт мұнаралы мешітті салуға ауыл болып атсалысыпты. Дизайн, көркемдеу тұрғысындағы идеялар көп жағдайда ел болып ақылдасып шешілгенін айтады жұрт. Діннің мақсаты – іріткі салу үшін емес, ұйыту, ұйыстыру екенін ескерсек, Бірлік ауылындағы бұл Құдай үйі ауылдың ауызбіршілігінен туған, енді жамағаттың бауырмалдығы үшін қызмет ететін болады. 

Екінші мешіт аудан орталығы Сарқан қаласында бой көтерді. Қалада осыған дейін бір ғана мешіт болған. Демек, бұл да ел тілегі тұрғызған киелі ғимарат. Бұл ғибадат үйі де ел азаматтарының бірігуімен, қолдауымен салынған. Құрылысы 4 жыл бұрын басталған сәулетті, еңселі ғимарат ендігіде Құдай деген жанға құшағын ашатын, әр мереке, әр жұма сайын елдің басы қосылатын ордаға айналады.

Мешіттердің ашылу салтанаты да үлкен көлемде, жалпыхалықтық мереке деңгейінде аталып өтті. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Астанадағы «Хазрет Сұлтан» мешітінің Бас имамы, найб мүфти Серікбай Ораз, Сарқан ауданының Бас имамы Серікбол Асқар, аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков бастап, ауыл, аудан тұрғындары мен әр өңірден келген қонақтардың қатысуымен болған мерекеде мешіттерде ине шанышар орын болған жоқ. Алғашқы ашылуын қасиетті күнге туралап, жиылған жұртпен бірге жұма намазын оқыған бас мүфти елімізде ашылған әр мешіттің орны бөлек екенін, діни басқарма үшін ғана емес, бүкіл ел үшін, Мемлекетіміз үшін зор қуаныш екенін айтты. 

Сондай-ақ, мешіт – тек ғибадат орны ғана емес, ауылдың сәні екені сөзсіз. Сондықтан да айшықты үйдің сәулеті де тартымды болу керегіне ден қою керек. Айталық, Бірлік ауылындағы бір жарым гектар жерді алып жатқан мешіттің айналасы көгалдандырылып, алдағы уақытта, тіпті, балалар ойнайтын алаң салуды жоспарлап отыр. Бұл – жаңа бастама деуге болады. Дін мен халықты жақындату, жасөсіпірімдердің жат ағымдарға ілесіп кетпеуіне ықпал етудің бірден бір жолы да осы болса керек. 

Басқа емес, мешіттің алаңында жүргенін ұмытпай, ауыздарын бағып, былапыт сөз айтудан сақтана ойнап жүрген бүлдіршіндер келеді көз алдыңа.  Алмас НҮСІП, «Егемен Қазақстан»

Алматы облысы