• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Қыркүйек, 2017

Көкпекті ауданында Уақ Бармақ батырға ескерткіш қойылды

2238 рет
көрсетілді

Нағыз рухани жаңғыру, ұлттық кодты сақтау деген осы шығар. Көкпекті ауданында осыдан 260 жыл бұрын жоңғарлармен шайқаста ерлікпен қаза тапқан, қазақтың Қабанбай, Бөгенбай сынды хас батырларының сенімді серігі болған, заманында батылдығымен, батырлығымен ғана емес, көріпкелдігімен де ерекше көзге түскен Уақ Бармақ батырдың есімін ұлықтау мақсатында бірқатар тағылымды шаралар ұйымдастырылды. Батырдың Ақтөбе, Қостанай облыстарында тұратын ұрпақтары баба рухына тағзым жасап, кесенесіне құлпытас қойып, ескерткіш орнатты.

Торғай даласынан жеткізілген топырақ

Алыстан ат арытып келген қонақтар ең әуелі Биғаш ауылы маңындағы Бармақ батырдың мазарына тәу етіп, құран бағыштап, тұлғаның өсіп-өнген мекені Торғай өңірінен әкелінген топырақты кесене ішіне салып, құлпытасты салтанатты түрде ашты. Осы жерде батырдың ұрпақтары мен оның өмірін зерттеп жүрген тарихшы-ғалымдар бұған дейін жұртшылыққа есімі беймәлім болып келген ерлік иесі жайында ойларын ортаға салып, естеліктерімен бөлісті. Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының абайтану бөлімінің меңгерушісі Серікқазы Қорабай Бармақ батыр 18 ғасырдың айтулы тұлғаларының бірі екендігін, Абылайханның әскерінде шешуші рөл атқарып, сенімді серіктерінің қатарында болғандығын айтты. Батырдың жатқан жерінің қалай анықталғанына да кеңінен тоқталды.

«Құжат жүзінде деректер аз болғанымен, ел аузындағы әңгімелерде, жырларда Бармақ батырдың есімі жиі кездеседі. Батыр туралы қытай мұрағаттарында да деректер бар екен. Оны біздің тарихшы-ғалымдар іздеп тауып, Шығыстану институты шығарған жинақтарда жарияланды. Бармақ батыр әйгілі Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек сынды айтулы батыр, қолбасшылармен бірге әуелде еліміздің батысы мен солтүстігін, кейін Шығыс өңірін жаудан қорғап, Көкпекті маңында болған шайқасқа қатысып, ерлікпен қаза тапқан. Шайқас кезінде ме, әлде одан кейін бе, батырға құрмет ретінде үлкен кесене тұрғызылған. Бармақ батырдың мазарының бар екендігін, оның Көкпекті өңірінде орын тепкендігін айтыскер ақын, шежіреші Қалихан Алтынбаев өзінің «Көкпекті» деген еңбегінде жазған болатын. Ол кезде оқыдық та қойдық, жөнді мән бермедік. 2014 жылы Көкпектідегі жергілікті журналист, ақын, ұлтжанды азамат, шежіреші Қайрат Малғаждаров телефон соғып, батырдың кесенесі Биғаш ауылының маңында екендігін айтып, «келсеңіздер, көрсеңіздер» деп өтініш-тілегін білдірді. Содан 2015 жылы осында арнайы келіп, кесенеге тәу етіп, құран оқыттық. Алматыға келгеннен кейін Қуандық Нұршин деген ағамыз хабарласып, «Бармақ батырдың ұрпағы едім, мазарын бірге барып көрсек» деген өтініш айтты. Келіп, көргеннен кейін бұл кісі батыр туралы деректерді жинауға шындап кірісіп, архивтерді ақтарып, ұрпақтарымен тілдесіп, мол мағлұматтар жинады. Республикалық басылымдарда бірнеше мақала жариялады. Көкпектіге бір емес, бірнеше рет келіп қайтты. Жергілікті әкімдікпен, бахадүрдің ұрпақтарымен ақылдаса отырып батыр мазарына ескерткіш тақта, аудан орталығына кеуде мүсінін орнату мәселесін пысықтап, бүгінгі іс-шаралардың ұйымдастырылуына үлкен еңбек сіңірді. Бұл іске жергілікті азаматтар, әсіресе осындағы аудандық «Жұлдыз» газетінің редакторы Дархан Бердібек бауырымыз көп қолғабысын тигізді», - дейді тарихшы. 

Сонау Торғай өңірінен, Арқалық қаласынан арнайы келген Торғайбай Уәлиұлы ақсақал биыл батырдың туғанына 314, дүниеден өткеніне 260 жыл толып отырғанын тілге тиек етті. «Былтыр Торғай өңірінде ақын Жұмабай Шалабайұлы мен Бармақ батырға ескерткіш тақта орнатып, белгі қойып едік. Сонда сөйлеген сөзімде: «бұл – үлкен шаруаның басы болғай. Көкпектідегі бабаның мазары жатқан жерді жаңғыртып, ескерткіш орнатуға, сонда бас қосуға нәсіп еткей» деп едім. Алла тағала тілегімізді қабыл етті. Бүгін сол іс-шараның нәтижесін көріп, нүктесін қойып отырмыз. Біздің халқымыз ұлт ретінде ұйысып, мемлекет болу жолында сонау Алтынорда, Ақордадан бастап, Керей мен Жәнібек бабаларымыздың құрған қазақ хандығынан бері қарай талай қырғынды бастан өткерді. Хандықты құру, оны сақтап қалу оңай шаруа болған жоқ. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, өмірлері ат үстінде өткен, өз бастарын ұрпағымен бірге құрбан еткен, қазіргі кезде аттары аталмай, ұмытылып бара жатқан бірегей тұлғаларының бірі осы Бармақ бабамыз еді. Ұлтымыздың басынан кешкен зобалаңдардың ең ауыры «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезінде, яғни 1723 жылы бабамыз нағыз ел қорғаны болар 20 жаста екен. «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді, қарындастан айырылған жаман екен, екі көзге мөлтілтеп жас келеді» деген Керей Қожаберген жыраудың толғауы, ел зары осы тұста айтылса керек. Елі мен жерінен, ағайынынан айырылған бүкіл қазақ ұлысы 1926 жылдан бастап ес жиып, Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды билер ат үстінен түспей, ел азаматтарын, батырларын әр мекенде бас біріктіріп, жерді жаудан тазарту үшін ұрысқа шақырды. Бұл соғыс 35 жылға созылды. Ақыры жоңғарларды ендігәрі бас көтере алмайтындай, мемлекет болудан біржола күдерін үздіріп, ойсырата жеңді. Бұл – 1759 жыл еді. Біздің бабамыз да өмір бойы соғыса жүріп жеңіске бір жыл қалғанда осы Көкпекті жерінде Қалба тауы маңындағы ұрыста шейіт болды. Жер шалғай, соғыс кезі. Ешқайда апаруға мүмкіндік болмай, осы өңірде мәңгілік тұрақ тапты. Батыр ағалары Қабанбай, Бөгенбай, Сары, інілері Керей Жәнібек, Баяндар болып, батырды арулап жер қойнына табыстады. «Өлі разы болмай тірі байымайды» дегенді ескеріп, бүгін міне ұрпақтары батыр есімін ұлықтап, кесенесін жаңғыртып, мүсінін қойып, көше атын беріп, Алла разылығы, баба әруағы үшін келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие боларлық іс тындырып отыр. Алла ұзағынан сүйіндірсін», - деді ақсақал.

«Уәлі, болар істі абайлаған»

Ұзақ жылдар бойы ұрпақтарының өзі қайда жерленгенін білмей келген Бармақ батыр мазарының орнын анықтаған Қайрат Малғаждаров батыр туралы ең алғаш 1986 жылы Қарғалы ауылындағы 8 жылдық мектепке мұғалім болып келгенде соғыс ардагері Тұрды Оспановтан естіп, білгенін айтады. Ал батырдың 8-інші ұрпағы, бұрын Ақтөбе облысының Ойыл ауданында тұрған, бүгінде Алматыны мекен етіп жатқан ғалым Қуандық Нұршин биыл даңқты бабасының нақты туған жерін де анықтағанын жеткізді. «Осы жазда Уақтың 7-8 үлкен ақсақалымен бірге Солтүстік Қазақстанды аралап, энциклопедияны негізге ала отырып, батырдың Есіл өзенінің шығысқа кілт бұрылған жерінде туғанын анықтадық. Бұл мекен қазіргі Ғабит Мүсірепов ауданының Урожайный ауылының оңтүстік жағында 6-7 шақырымдай жерде. Жалпы, Бармақ батырдың тоғыз ұлы болған, соның бір ұлынан тараған ұрпақ Ақтөбеде тұрады. 39 үй тарап отыр. 1865 жылы Орынбор жерінен Ақтөбенің Ойыл ауданына Бармақ батырдың Шағырай деген шөбересі көшіп келген. Біз Шағырайдың шөбересіміз. Бармақ батырға елдің ерекше қызығушылық танытып жатқаны, ол бүкіл Уақ пен Керей руының қолбасшысы болған. Арғынның үлкен әскерін Бөгенбай басқарса, Найманның әскеріне Қабанбай жетекшілік жасаған, Керей мен Уақ әскері Бармақ батырға қараған. Сексен күнге созылған Шорға шайқасына қазақтың 27 батыры қатысқан. Соның ішінде Бармақ батыр да болған. Бұл Бұқар жыраудың жырларында да бар», - деген тарихшы Бармақ батырдың Шұбартеңіз, Бұланты-Білеуті, Аягөз, Ақшәулі, Шаған, Шорға, Көкпекті шайқастарына қатысқанын айтты. Батыр өмірін індете зерттеп жүрген тарихшының айтуынша, Бармақ батыр 1723-1757 жылдар аралығындағы қазақ-жоңғар шайқастарының барлығына қатысқан. Ең әуелі 17 жасында Шақшақ Жәнібек батырдың шақыруымен болған айқаста қалмақтың Садырбала деген атақты батырымен екі мәрте жекпе-жекке шығып, соңғысында найзаға түйреп, батылдығымен көзге түскен көрінеді. Жас батырға риза болған Шақшақ Жәнібек оған өз елінен жер беріп, ол жер кейін уақтың Қызылжары атаныпты. «Бармақ батырдың жоңғар әскерімен шайқасқан ұзақ жылдарының бірінші жартысын «қолбасшылық кезең» десек, екінші, қырқыншы жылдардың соңғы және елуінші жылдарғы уақытын «барлаушылық кезең» деп атасақ болатын сияқты. Соңғы кезең батырдың ерекше болжағыш қасиетін паш еткен. Оның көріпкел, болжағыштығы 1723-1730 жылдардағы шайқастардың өзінде-ақ сарбаздар мен әскер басшыларына мәлім болған. Бұланты шайқасында қазақтан ойсырай жеңілген жоңғар жасағын өкшелей қуып жүрген бір мезгілдерде ол бір күні түнге қарай қобалжып, елегізіп, Уақтың жас батырлары Өтеген мен Баянды, тағы бірнеше сарбазды қарауылға қояды. Батыр сезіктеніп, ұйқыға бой алдырмай, жүзбасыларын шақыртады, сарбаздарын да ояттырып, ұрысқа дайындалады. Бармақтың осындай болжағыш, көріпкелдігінің арқасында тосыннан шабуыл жасамақ болған жоңғардың бас сардары Чоно Лувсаның пиғылы іске аспай, жау қолы Қабанбай мен Бөгенбайдың жасақтарының құрсауына түсіп, қазақ қолы аз шығынмен жеңіске жетеді. Чоно Лувсан өз қолын тағы да кейін шегіндіреді. Сөйтіп, Бармақ батырдың сол түнгі көріпкел уәлілігіне талай жүрт сүйсінеді», - дейді ол.

Семейлік абайтанушы ғалым Асан Омаров Бармақ батырдың ерекшелігі өте айлалы, стратег болғандығында дейді. «Шыңғыстау шайқасында ең әуелі жоңғарлар жеңіске жетеді. Неге? Себебі, қазақтар 500, 1000 адам болып топталып келе жатқанда қалмақтар қоршап алып, қырып салып отырған. Сосын жаңа соғыс тактикасы ойлап табылған. Яғни, әуелі мұқият барлап, шағын топпен қаша жүріп ұрыс салып, осы әдіспен жеңіске жеткен. Бармақ батыр бұл шайқаста осы тактиканы қолданып, ерекше көзге түскен. Кәрібай жырау батыр жайында былай деп жазады:

Уәлі, болар істі абайлаған,

Ерекше атап айтам Бармақты алып.

«Болар істі абайлаған» дегені адамдарды бекерге қырмаған, алдын ала көре білген. Тәсілқойлығымен атағы шыққан. Ақылмен шешкен. Уәлі деген сөз арабша құдайдың құлы, құдай сүйген деген мағынада», - дейді зерттеуші.

Биғаш ауылынан кейін алыстан келген қонақтардың қатысуымен Көкпекті ауылында Бармақ батырдың кеуде мүсіні салтанатты түрде ашылды. Салтанатты шара барысында батырдың құлпытасы мен кеуде мүсінін орнатуды өз мойнына алған Қазақстанның Еңбек Ері, Қостанай облысындағы «Қарасу» компаниясының бас директоры Алмат Тұрсынов баба есімін ұмытпай, мазарын бүгінгі күнге аман-есен жеткізген Көкпекті жұртшылығына алғысын айтты. «Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде осындай тағылымды шаралар өтіп жатыр. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды деген осы шығар. Мұндай игілікті істер елдің еңсесін көтереді, рухын асқақтатады. Атамыздың жатқан жерін қаншама жыл іздедік. Жатқан жері жайлы болсын. Осы елге нұр жаусын. Өсіп-өркендей беріңіздер», - деді батырдың ұрпағы.

Салтанатты рәсімде сөз алған Ерлан Қалдыбаев Көкпекті ауданының әкімі Рамиль Сағандықовтың құттықтауын жеткізіп, батырды ұлықтауға арналған іс-шаралар Елбасының  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп жатқанын атап өтті. Ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін ас беріліп, құран бағышталды. Батыр есімін ұлықтауға арналған шаралар легі ғылыми-тәжірибелік конференциямен түйінделді. Конференцияда Қуандық Нұршин «Уақ Бармақ – қазақтың хас батыры», тарихшы, Семейдегі Шәкәрім атындағы университеттің Манаш Қозыбаев атындағы тарихи-ғылыми зерттеу орталығының директоры Мұхтарбек Кәрімов «Бармақ батыр 18 ғасырдағы жоңғарларға қарсы күрестің көрнекті өкілі», Қайрат Мәлғаждаров «Уақ Бармақ батыр зиратының орнының анықталуы» тақырыптарында баяндама жасады.

Азамат Қасым,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Көкпекті ауданы.

Суреттерді түсірген - автор