Америка Құрама Штаттарының бастамасы бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жаппай қырып-жою қаруын таратпау және оларды жеткізу жүйелерін тарату қаупі тақырыбы бойынша министрлер деңгейінде кездесуде АҚШ Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон жаһандық қарусыздану мен таратпау үдерісіндегі Қазақстанның рөліне айрықша назар аударды.
Атап айтқанда, ол ядролық қарудан бас тартқан еліміз даналықтың айрықша үлгісі болып табылатынын атап өтті.
«Қазақстан бұрынғы кеңестік қаруларды және ядролық технологияларды өз аумағынан алып тастады және ядролық емес мемлекет ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылды. Әлемге қауіп төндіретін алапат қарудың таралып кетпеуіне бастамашы болған Елбасының мұндай қадамын данагөй шешім деп айтуға толық негіз бар», деді ол өз мәлімдемесінде.
Әлемдік деңгейдегі саясаттанушылар секілді америкалық саясаттанушылар қауымы да Президент Н.Назарбаевтың ядролық қарусыздану мәселесіне қатысты рөлін әркез жоғары бағалап келген. Мәселен, 2004 жылы АҚШ конгресінің мүшесі, энергетика жөніндегі палата өкілдігінің төрағасы Джо Бартон КСРО құлағаннан кейін биологиялық қару мен ядролық бағдарламалар орталығына айналудың қауіпті әлеуеті бола тұра, Қазақстан мұндай мүмкіндіктен өз еркімен саналы түрде бас тартты. Ал Н.Назарбаев болса, қолдағы қаруы үшін миллиондаған доллар ұсынған қайсыбір мемлекеттердің қолқасынан бас тартып, аждаһа-қарудың көзін құрту арқылы Қазақстандағы тұрақтылықты сақтау жолын таңдады», деді. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесулерінде оның мұндай шешім қабылдауының себебін сұраудың зор мүмкіндіктері үнемі болғанын еске алады. Ал оған Елбасымыз осы шешімі үшін ешқашан өкінбейтіндігін айтып, тіпті «жас тәуелсіз мемлекетіміз үшін атқарған еңбегімнің ең маңыздысы», деп ескертуінің өзі әсерлі жайт.
Зарема ШӘУКЕНОВА, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (KAZISS) директоры